Президент Шығыс Қазақстан облы­сының әкімі Ермек Көшербаевты қабылдады.
Шекаралық аудандарға көңіл бөлінеді
495
оқылды

Мемлекет басшысына облыстың биылғы 11 айдағы әлеуметтік-экономикалық даму нәтижесі туралы мәлімет берілді.

Президентке берілген ақпаратқа сәйкес, осы жылдың қорытындысы бойынша Шығыс Қазақстан облысының жалпы өңірлік өнімі 4,4 триллион теңге болады деген болжам жа­салып отыр.

Қазір инвестициялық жобалардың жал­пыұлттық құрамына аймақтан құны 1,1 трил­лион теңге болатын 42 жоба кірген.

Биыл сомасы 77 миллиард теңгені құрайтын 8 жоба жүзеге асырылып жатыр. Өңірдің агро­өнеркәсіп кешенінде 37 ірі жоба орындалады. Оларға салынатын инвестиция мөлшері – 236,4 миллиард теңге.

Қазақстанда алғаш рет жылына 4 мың тонна сұйық лецитин өндіру үшін күнбағыс тұқымын терең өңдеу әдісі енгізіліп жатыр. Шағын және орта бизнесті дамытуға қолайлы жағдай жасалуда. Атап айтқанда, осы бағыт­тағы жобаларға 22 миллиард теңге көлемінде қолдау көрсетілген.

Сонымен қатар Президентке 2024 жыл облыста Жол жылы деп жарияланғаны туралы айтылды. Жолдарды жөндеуге және салуға бө­лінетін қаржыны екі есе ұлғайту жоспар­ланып отыр. Жалпы, 600 шақырым жолды және көшелерді жөндеу жоспарланған. 

Президенттің тапсырмасын орындау мақ­сатында Риддер жылу электр орталығында қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. 6 қа­зандық агрегаты жөнделді. Бүгінде Риддер тұрғындары жылумен қамтамасыз етілген.

Бұдан бөлек, кездесуде шекара маңынан Марқакөл және Катонқарағай атты екі жаңа аудан құру мәселесіне ерекше назар ау­дарылды.

Кездесу қорытындысы бойынша, Қасым-Жомарт Тоқаев өңір халқының өмір сүру сапасын арттыру маңызды екенін атап өтіп, Шығыс Қазақстан облысын әлеуметтік-экономикалық тұрғыда одан әрі дамытуға қатысты бірқатар міндет жүктеді.