Осы орайда кәмелетке толмағандардың арасында құқықбұзушылықтың алдын алу және оны болдырмау мақсатында Жамбыл облысы Талас ауданында жоспарланған іс-шаралар жүзеге асырылуда. Жуырда ғана аудан прокуроры Жомарт Науатовтың ұйымдастыруымен, аудан әкімінің қатысуымен Талас ауданында құқық қорғау және жергілікті атқарушы органдарының мекемеаралық мәжілісі өтті.
Бүгінде қылмыс жасаған 18 бен 35 жас аралығындағы бірқатар жастардың жұмыссыздар қатарынан болуы алаңдатуда. Кәмелетке толмағандардың арасында құқықбұзушылықтың профилактикасы бойынша қосымша жоспар құрылып, барлық құқық қорғау және мемлекеттік органдарға құқықбұзушылықтардың алдын алу, қылмысқа және теріс діни ағымдарға қарсы күресте өзара іс-қимылды ұйымдастыру бағытында жұмысты жандандыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Аталған бағытта қабылданған прокурорлық шаралармен 83 оқушы 3,1 млн теңгеге кепілдендірілген әлеуметтік көмекпен қамтамасыз етіліп, қауіпсіздікті сақтау үшін Қаратау қаласындағы 5 718 оқушысы бар мектептерде бейнебақылау жүйесі орнатылды. Мүмкіндіктері шектеулі үйде оқытылатын 13 баланың құқықтары қорғалып, мемлекеттік бюджетке 904 494 теңге қайтарылды. Кәмелетке толмағандардың жаз мезгіліндегі бос уақытын пайдалы өткізу үшін мекемеаралық жоспарға сәйкес бұқаралық мәдени іс-шаралар (турнир, фестиваль және т.б.) өткізіліп, әлеуметтік желілерде жарияланды. Бұған қоса, тұрақты түрде білім беру мекемелерінде мобильдік топ мүшелерімен уәкілетті органдардың мамандарын қатыстырып, балалардың қауіпсіздігіне қатысты әртүрлі тақырыптарда дәрістер мен семинар-тренингтер өткізілуде. Қорыта келгенде балалардың құқығын қорғау – бәрінен қымбат. Кәмелетке толмағандардың өмірі мен денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз ету – олардың құқығын қорғаумен тікелей байланысты. Бұл бағытта аудан әкімінің тікелей тапсырмасымен білім бөлімі тарапынан жүйелі түрде жұмыстар атқарылып жатыр. Ақиқатында «Ел болам десең – бесігіңді түзе» деп дана халқымыз айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқықбұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді.
Дедек ТӨЛЕН