Қазақстанда қуатты драйвер пайда болды. Өкінішке қарай, бұл – жақсы жаңалық емес. Сауда министрлігінің Сауда комитетінің мәліметінше, қарашада «әлеуметтік азық-түлік қымбатшылығының негізгі драйвері – жұмыртқа» болды.
Жұмыртқаның аты жұмыр, бағасы өткір
953
оқылды

Мысалы, жұмыртқа бағасы Алматыда бір аптада ғана 3,7%-ға өскен. Өзге өңірлерде де жағдай мәз емес. Бұл салада алаңдатарлық ахуал қалыптасты. Жұмыртқа өндірісі құлдырауда. Былтырдан бері 12 құс фабрикасы жабылып қалды. Халық арасында ең танымал өнімге қатысты жағдай неге ушықты?

207 есе қымбаттаған тағам

Жұмыртқа бағасы жылда көтеріледі. Мысалы, 1993 жылы жұмыртқаның он да­насы 3 теңге 38 тиын тұрыпты. Бүгінде онды­ғының бағасы бірқатар өңірде 700 тең­геден асып кетті. Яғни, тәуелсіздік жылда­­­­­рында бұл бұқаралық басты бір тағам 207 еседен артық қымбаттапты. 

Бағаның басқа шауып, төске өрлеуі тоқ­тау­сыз жалғасып жатыр. Бүкіл Министр­лер кабинеті жаз бойы жұмыртқамен жабыла күресіп, оңбай жеңілді. Ақыры Үкімет біраз жылдан бері ұмыт болған шетін шараға оралып отыр. Әкімшілік ресурс іске қо­­сылды. Атап айтқанда, Сауда және ин­теграция министрлігі сала кәсіпкер­лерінің басын біріктіретін бірлестіктермен мемо­­рандумға қол қойды. Олар қыста бағаны барынша «қатыруға» уағдаласты. 

«Сауда және интеграция министрлігі жыл соңына дейін С1 санатындағы жұмырт­қаның бағасын тұрақтандыру бойынша Қазақстан құс өсірушілер одағымен және Қазақ­станның жұмыртқа өндірушілер қауым­­дастығымен ынтымақтастық туралы меморандум жасасты. Бұл келісім маусым­­­­дық қымбаттау кезеңінде жұмыртқаның бағасын тұрақтандыруға мүмкіндік береді. Меморандум аясында одақ пен қауым­дастық отандық құс фабрикаларымен бір­ле­сіп, 1-санаттағы жұмыртқаны қолжетімді ету, осы әлеуметтік маңызды азық-түлік тауарына (ӘМАТ) мереке қарсаңында бағаның күрт және негізсіз өсуін болдырмау жұмыстарын ұйымдастырады», – деп мә­лімдеді ведомство. 

Өз кезегінде Үкіметтің бизнеске қандай жеңілдіктерін, жылы-жұмсағын ұсынғаны белгісіз. Тараптар ол туралы айтпады. Тек министрлік сала кәсіпорындарының бұл уәдесін қаншалықты сақтап отырғанын анықтау үшін күнделікті баға мониторингін жүргізетінін ескертті. 

Құс фабрикаларының өкілдері болса, мемлекеттен жұмыртқа өндірісі үшін субси­дия алмайтынын айтады.

Бұл сектордың құлдырағанын Ұлттық статистика бюросы растады. Мысалы, 2023 жыл­ғы 10 айда мал шаруашылығы сала­ла­рына тартылған инвестициялардың жалпы сомасы 144,2 миллиард теңгеге же­тіпті. Бұл – өзіндік рекорд. Негізгі капи­тал­ға салынған инвестиция көлемі былтыр­ғы­дан бірден 15,9%-ға артты. Ет, сүт, тіпті дала­ға, қоқысқа тасталады делінетін тері өндірісіне құйылған қаржы ауқымы артты. Қиналғаны, кері кеткені – жұмыртқа өндірісі ғана. 

Нәтижесінде, биыл шығарылған жұ­мыртқа саны 1,7%-ға кеміді: 2022 жылғы он айда 4 млрд 222,7 миллион жұмыртқа өнді­рілсе, биылғы ұқсас кезеңде бұл көрсеткіш небәрі 4 млрд 148,8 млн дананы құрады.

Бағаны түсіру үшін Үкімет делдалдармен күреске кірісті. Мысалы, құс өсірушілер мен тұтынушылар арасындағы делдалдар­дың санын барынша азайту және сол арқы­лы өнімнің бағасын тұрақтандыру үшін билік тауық жұмыртқаларын әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар (ӘКК) арқылы сауда желілеріне өткізудің жаңа схемасын іске қосты.

Мұның машақаттары бар болғандықтан, бірқатар фабрика өзі келіп алып кететін көтерме саудагерлермен әріптестігінен айнымады. Содан Премьер-Министрдің орынбасары Серік Жұманғариннің өзі өңірлерді аралап, ауыл кәсіпкерлерін атал­ған схемаға қатысуға үндеді. 

«Делдалдарды жолатпау керек. ӘКК және сауда желілері арқылы тікелей жұмыс істеген дұрыс. Жаңа схема бойынша жұ­мыс істесеңіздер, жағдайларыңыз жақсы бола­ды», — деді вице-премьер Серік Жұ­манға­рин Қостанай облысындағы «Жас-Қанат 2006» ЖШС құс фабрикасына ат басын бұрғанда. Айтпақшы, осы жылдың 10 айын­да 156,2 млн дана жұмыртқа шығарған бұл фабриканың өнімі отандық нарықта ғана сұранысқа ие емес, оны Ресей, Қыр­ғыз­стан, Ауғанстан елдерінің импорттау­шыла­ры да таласа-тармаса алып кетіп жатыр.

Бағаны тұрақтандыратын фактор бар

Құс фабрикаларының айналым капи­талының жетіспеушілігі проблемасын шешу үшін Үкімет «ӘКК-тер өндіру­ші­лер­ден тікелей сатып алуға міндетті» 9 тауар­ға енді жұмыртқаны да қосу туралы шешім қабылдады. Корпорациялар оны сауда желілеріне, базарларға төмендетілген баға­мен ұсынуы тиіс. 

Құс өсірушілер мемлекеттің талабына бағынып, жаңажылдық мерекелерде өнім бағасын өсірмеуге тырысатынын жет­кіз­ді. Бірақ бұл оларға оңайға түспеуі мүмкін. 

Себебі іргедегі Ресейде де жұмыртқаның бағасы ұшынып тұр: 10 данасын 120 рубль­ден (шамамен 600 теңге) сата бастаған. Құс шаруашылығы жақсы дамыған солтүстік көршіде мұндай баға бұрын-соңды болмап­ты. Соғыс пен санкция бұқарасының тұр­мы­сын құлдыратып, елді осы өнімге тәуелді етті. РФ үкіметі экспортты шектеп, керісін­ше импорттаушыларының жұмыртқаны Қазақстаннан тасуын ынталандырып жатыр. 

«Ресейде шынында да жұмыртқа мен құс етінің бағасы өсіп барады. Оған Қытай тарапынан сұраныстың күрт өсуі де ықпал етті. Бұл Қазақстанда бағалардың ары қарай жоғарылауына серпін бере ме? Өз пікірімді айтсам, баға өсімі болмайды», – деп тұспалдады Aitas Agro коммерциялық директоры Қуаныш Жақыпов.

Оның дәйектеуінше, құстардың жема­зығы биыл мол әрі арзан. Өйткені Қазақ­­станда биылғы күз жауын-шашынды бол­ды да, егіннің үлкен бөлігі қызып кетті не­­месе сапасы құлдырады. Астықшылар онысын амалсыз құс фабрикаларына тө­мен бағаға өткізуге мәжбүр. Егер бұрын құс өсірушілер «ең құрыса, бір шөкімін бер» деп диқан­­дарды жағалап, алақан жайып жүрсе, биыл егіншілердің өздері құс фабрикалары қожайындарының со­ңынан зыр жүгіріп жүр. Яғни, шертіп жү­ріп таңдай алады. 

Ал жемазық – құс фабрикалары шы­­ғындарының негізгі бөлігі болып есептеледі: оның қымбаттығы және тапшылығы бірқатар құс өсіруші кәсіпорынның жұмы­­сын тоқтатуына соқтырды. Сорақы жағдай­лар да болды: 2015 жылы Қарағанды облы­­сындағы Маркс атындағы құс фабрикасы жемсіз босқа қырылмауы үшін 150 мың арық тауығын тегін таратты. Мұны естіп, шұбырған жұрт жануарларды жеңіл көлік­терінің багажнигіне тығыздап толтырып әкеткен. Бірақ тауықтар жолай бірін-бірі тапап, тұншығып өлген. Салдарынан трас­са бойы көрсеқызар адамдар тастап кеткен үй құстарының өлекселеріне толды.

Былтыр бірнеше облыстағы құс фаб­рика­лары да шығынды азайту үшін жұ­мыртқалаушы тауықтарының үлкен бір бөлігін сойып тастады. Бұл жұмыртқа өнді­рісінің төмендеуіне әкеліп соқтырды. 

Қуаныш Жақыповтың сендіруінше, биыл саладағы ахуал басқаша: Қазақстан төмен сапалы бидайының орасан көлемін экспортқа шығара алмайды, тиісінше, соның бәрі үлкен жеңілдікпен мал және құс шаруашылығына бағытталуда. Тек ол би­дай­дың сапасын одан ары бақылауда ұстау қажет. Әйтпесе, жауын астында қа­­­лып, ылғалды көп сіңірген және элева­тор­­лардың шектен тыс жүктелуі кесірінен жете кеп­­тіріл­меген астық жаппай көктеп, өніп кетуі мүмкін. Онда оны мал да жемейді. Онда құс шаруашылығы қайтадан жемазық жетіс­пеушілігі проблемасына жолығуы кәдік. 

Сарапшының түсіндіруінше, құс та та­мақ таңдайды. Құс өсірушілер арзан екен деп кез келген бидайды сатып ала алмайды. Бірінші орында биоқауіпсіздік тұруы тиіс. Сондықтан жеткізушілер ұсынатын жем­азық алдымен зертханада микробио­­логияға тексеріледі. 

Жемазық арзандаған, көлемі күрт мо­лай­­ған екен. Үкімет те қарап отырмай, ба­ға­ны құрықтап, өндірушілерді соған көн­ді­ріпті. Ендеше бұқаралық өнімнің қы­м­­­­бат­­­­­­тауына қатысты қауіп сейілді ме?

Мамандар бас шайқайды. Өйткені соңғы жылдары құс шаруашылықтарының қаржылық, экономикалық, өндірістік, инфрақұрылымдық жағдайы нашарлады. Кейінгі екі жылда Түркістан, Жамбыл, Ақтө­бе, Қарағанды, Солтүстік Қазақстан, Павлодар, Қостанай облыстарында, Шым­кентте құс тұмауы өршіп, бірнеше миллион тауық қырылып қалды. Бұған Ауыл шаруашылығы министрлігінің вакци­наны тым кеш сатып алуы да себепші болды.

Дәл қазір жемазық бағасы барынша арзандағанда құс фабрикалары қорларын молайтып алғаны жөн еді. Алайда сарапшы­­­лардың айтуынша, нарық қатысушы­­­­­ларының көбінің төлем қабілеттілігі төмен болғандықтан, яғни қаражат тапшылығы бұл мүмкіндікті толыққанды пайдаланып қалуға кедергі келтіреді. 

Құс өсірушілер банктерден кредит те ала алмайды: несие сыйақысы шарықтап кетті. Өйткені Ұлттық банк базалық став­­­каны 15,75% көлемінде ұстап тұр. Бұл – әлем­­дегі ең жоғары ставкалардың бірі. Сал­да­­­рынан банктер одан арзан мөлшер­­лемемен несие бере алмайды. 

Нәтижесінде, мамандардың мәліме­тінше, құс фабрикаларында екі айға жететін жемазық қоры ғана бар. Одан кейін не болатыны белгісіз. Саланың болашағы да бұлыңғыр.

Айхан ШӘРІП