Кез келген салаға құйылған қаражат көлемі оның әлеуетін айқындайды. Түркістан облысындағы ауыл шаруашылығы саласында жыл басынан бері 88,5 млрд теңге инвестиция тартылған.
Миллиардтар игерілген сала
2,182
оқылды

Осыны ескерсек, аймақ агроөнеркәсіп секторы бойынша өзге өңірлерден көш ілгері екенін көреміз. Мәселен, биыл республика бойынша агро өнімдерінің көлемі жағынан «оңтүстік» алға шығып, бюджет донорлары арасында екінші орынға көтерілді. Облыста агросектордың әлеуетін арттыруға басымдық бергенін осы тектес көрсеткіштерден бағамдауға болады. Қазір Түркістан облысындағы жалпы өңірлік өнімнің 30%-ы агроөнеркәсіптік кешенге тиесілі. Сол себепті ауыл шаруашылығы өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуының негізгі драйвері деуге толық негіз бар.

Республика бойынша биылғы қаң­тар-қазан айларында ауыл, орман және балық шаруашылығы саласындағы не­гізгі капиталға 778,2 млрд теңге инвес­тиция жасалған. Бұл өткен жылмен салыстырғанда, 15,4%-ға артық. Оның ішінде Түркістан облысы Солтүстік Қазақ­стан және Павлодар облыста­рынан кейін көшбасшы өңірлердің үштігіне еніп отыр. 

Облыс әкімдігінің мәліметтеріне сүйенсек, биыл ауыл шаруашылығы саласында 16,7 млрд теңгеге 25 инвес­­ти­­­циялық жобаны іске асыру жоспар­ланған. Бүгінде оның ішінде құны 14,1 млрд теңге болатын 22 жоба іске асы­рылды. 2023 жылдың алғашқы тоғыз айында сектордың негізгі капиталына 82,2 млрд теңге инвестиция түскен. Осы­­­лайша, саладағы агроөнімдер экс­пор­­тының көлемі 1 250,3 млн теңгеге жетті.

Мемлекет басшысы «Әділетті Қазақ­станның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауында агроөнеркәсіп кешенінде нақты серпіліс жасауымыз керек екенін атап өткен болатын. Сон­­­дай-ақ Президент: «Ауыл шаруашылығы саласының әлеуеті орасан зор. Бірақ біз қолда бар мүмкіндіктерді әлі де толық пайдаланбай отырмыз. Қазақстанның айналасында өнім өткізетін өте үлкен нарықтар бар. Онда сапалы азық-түлік өнімдері тапшы. Қазақстанның страте­­гиялық мақсаты – Еуразия құрлығын­­дағы басты аграрлық орталықтың біріне айналу. Осы мақсатқа қол жеткіземіз десек, ең алдымен, өнімді жоғары дең­­гейде өңдеуге көшуіміз қажет. Онсыз бол­­майды. Біз алдағы үш жыл ішінде агроөнеркәсіптегі өңделген өнім үлесін 70 пайызға жеткізуіміз керек. Бұл – нақты міндет. Жұртты өнім өңдеуге ын­таландыру керек», – деп тапсырды.

Осыған дейін Орталық комму­никациялар қызметінің алаңында об­лыс­тың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Саты­балды саладағы өзекті мәселелер на­зарға алынып, оны жүйелі түрде ше­шу жолдары қарастырылып жатқа­­нын айтқан болатын.

«Біріншіден, жылыжай шаруашы­лықтарын қолдаудың жаңа тетіктері жасалып, жылыту шығындарын субси­­­диялау ережесі бекітілді. Биылғы жылға бұл мақсатта 500 млн теңге бөлінді. Екіншіден, мақта шаруашы­­­лықтарын да­мыту мақсатында Global Textile Solution, TST JETISAY TEXTILE, «Cotton Мақта» және Tulpar Textile жобалары жүзеге асырылуда», – деп атап өткен еді өңір басшысы.

Сонымен қатар ауыл шаруашылығы жылының аяқталуына орай Түркістанда өткен «Алтын күз-2023» шарасында агроөнімдердің жалпы көлемі жыл соңына дейін 1 трлн 127,3 млрд теңгеге жететіні мәлім болды. Егін жинау мере­­кесі қарсаңында барлық қала мен аудан­нан фермерлер жиналды. Дәстүр бо­йын­ша ауыл шаруашылығы өнімде­­­­­рінің жәрмеңкесі және мемлекеттік бағдарла­­­­малар бойынша сатып алынған ауыл шаруашылығы техникалары арасында байқау ұйымдастырылды. Шара ая­сында «Ауыл аманаты» бағдарламасының арқасында шаруашылығын кеңейткен немесе жаңадан шағын өндіріс орын­­­­дарын ашқан кәсіпкерлер өз өнімдерін келушілер назарына ұсынды. Мысалы, Кентау қаласы Қарнақ ауылының тұр­­ғыны К.Қазыханов, Fish Resort ЖШС басшысы балық шаруашылығын дамы­­туға 6 млн 800 мың теңге көлемінде жеңіл­дікті несие алған. Оның айтуынша, алғашқы жартыжылдықта 15 жасанды тоғанда бір тонна форель, сазан және тұқы шабақтары шығарылған. Жергілікті мейрамханалар мен кафелер арасында өсірілген балыққа деген сұраныс жоғары. Кәсіпкер бекіре мен ақ амурды да өсіруге ниетті. Ол өз ісін дамытуға мүмкіндік бергені үшін мемлекетке ризашылық білдіреді және тұрғындарды сапалы өніммен қамтамасыз етуге елеулі үлес қосуға ниетті.

Түлкібас ауданының тұрғыны Е. На­­қыпбеков құс шаруашылығымен айна­лысу мақсатында мемлекеттен бес мил­лион теңге жеңілдетілген несие алған. Азамат алдымен өз үйінің жанына қо­сымша қора салып, сонда Ордабасы құс фабрикасынан алған 750 бройлер тауы­ғын өсіріп отыр. Болашақта инкуба­­торларға жұмыртқа салу да жоспарында бар. Оның айтуынша, аймақта құс етіне деген сұраныс жоғары, сол себепті дайын өнімді өткізуде қиындықтар бол­майды деген сенімде. 

Дәстүрлі «Алтын күз» мерекесі бары­сында өңір басшысы ауыл шаруа­шылығы саласының өкілдерінің орасан еңбегін атап өтті. Соның арқасында ай­мақтың агроөнеркәсіп кешені тұрақ­ты дамып келе жатқанын жеткізді. 

 – Ауыл шаруашылығы мен азық-түлік өндірісінің негізгі капиталына тар­тылған инвестиция көлемі екі есе өсті. Ауыл шаруашылығы дақылдары орна­лас­­­­қан алаң өткен жылдан бері тоғыз мың гектарға ұлғайды. Биыл 3,3 мил­лион тонна өнім жиналып, рекордтық көрсеткішке қол жеткіздік. Облыс ет экспорты бойынша республикада көш бастап тұр. Өңір экспортталатын ірі қара мал етінің 85 пайызын және ұсақ мал етінің 60 пайызын құрайды. Биыл біз жылыжайларды көмірмен қамтамасыз ету мәселесін шештік. «Тұран су» кәсіп­орнының жұмысын жүйелендірді, тех­ни­­­каны жаңартты, су объектілерін қалпына келтіру және төтенше жағдай­лардың алдын алу бойынша жұмыстарды мер­зімінде орындады, – деді Д.Саты­балды.

Сонымен қатар жәрмеңке барысында ауыл шаруашылығы өнімдері мен инвес­тициялар тарту бойынша суыры­лып алға шыққан аудандар марапатталды. Олардың қатарында қаңтар-қаркүйек айларының қорытындысы бойынша 53,4 млрд теңгеге өнім өндірген Қазы­ғұрт ауданының әкімдігі бірінші орынға шықты. Сондай-ақ ауданда агроөнер­­кәсіптік кешеннің негізгі капиталына 8,4 млрд теңге және тамақ өнімдерін өндіру саласына 2,3 млрд теңге инвес­тиция тартылған. Екінші орын Жетісай ауданының, үшінші орын Сайрам ауданының еңбеккерлеріне бұйырды.

Ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі жағынан ең үздік көрсет­кішке қол жеткізген өңірдің бірі – Сарыағаш ауданы. Биыл жыл басынан бері 111,1 млрд теңгеге жуық өнім өн­дірген аудан­­ның облыстағы үлесі 10,8 пайызға тең. 

Сарыағаш – самсыған ауыл шаруа­шы­­лығы өнімдерімен танымал. Ішкі нарықты былай қойғанда, өңірде өскен жеміс-жидек, дәнді-дақылдар алыс-жақын шетелдерге тасымалданады. Айта кетсек, биыл сарыағаштықтар атқарыл­ған жұмыстардың нәтижесінде агро­­­­өнер­­кәсіп кешенінде экономикалық өсім қамтамасыз етіліп, жиын-терім маусымын жоғары аяқтады. Өткен жылмен салыстырғанда ауыл шаруашы­лығы негізгі капиталына 8,4 млрд теңге инвестиция тартылып, 134,3 пайызға ұлғайды. 

Жақында өткен «Алтын күз» мерекесі қарсаңында Сарыағаш ауданы әкімі Арман Абдуллаев шаруалардың ерен ең­­бегінің арқасында өңірдің агро­өнер­кәсіп кешені дамып келе жатқанын атап өтті.

«Күз мезгілі – шаруалар үшін еселей сіңірген еңбектің нәтижесін көріп, таби­ғаттың сарқылмас сыйының же­місін жинайтын тамаша кезең. Халық­тың әл-ауқаты мен өмір сапасының жақсы болуы ауыл шаруашылығының дамуымен тығыз байланысты. Аудан экономикасының негізін ауыл шаруа­шылығы құрайтынын ескерсек, аграрлы сектордағы жетістіктеріміз аудан еңбек­керлерінің ортақ жеңісі деп біле­мін», – деді аудан басшысы.

Мереке аясында ерте көктемнен қа­ра күзге дейін дала төсінде тер төгіп ең­бек еткен жергілікті диқан қауымы­ның өнімдері және аталған салада жүр­ген кәсіп иелерінің азық-түлік жәрмең­кесі ұйымдастырылды.

Мемлекет басшысы Жолдауда атап өткендей, ауыл шаруашылығы саласын дамыту, жаңа технологияны пайдалана отырып, өнім көлемін арттыру міндет­тері әлі де маңызды. Келес ауданы облыс бойынша «аграрлы аудан» атанған өңір. Бүгінде ауданның құнарлы жерінен өндірілген өнімдер де көрші мемлекет­терге дейін экспортталады. Қазір мұн­дағы агросекторды ілгерілету мақса­тында «Ауыл аманаты» пилоттық жо­­­­­­­­­­­­­­­­­­ба­­­­сы аясында биыл Қошқарата, Ошақ­ты, Ақтөбе және Біртілек ауылдық округтерінде көптеген жоба жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, 2024 жылға қарай «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында Келес ауданынан қосымша 5 ауыл мен ауылдық округті жобаға қа­тыстыру жоспарланған. 

Келестік шаруалар жиын-терім мау­сымын жоғары деңгейде аяқтады. Атап айтсақ, ауыл шаруашылығы сала­сын­­дағы жалпы өнім көлемі биылғы жыл­дың тоғыз айында 56,6 млрд теңгені құ­ра­ды. Оның ішінде мал шаруа­­­­шы­­­­­лығының үлесі 22 240,1 млн теңге болса, өсімдік шаруашылығы бойынша 16 001,3 млн теңгені құрады. Сонымен қатар 80-ге жуық ауыл шаруашылығы техникасы жаңартылып, ағын су жүйесі тазартылды. Басты мақсат – суармалы жерлердің көлемін арттыру.

Ал Мақтаарал ауданында биыл 61 мың гектар егістік алқапқа түрлі да­қыл егілді. Қаңтар-қыркүйек айларының қорытындысына сай 419,4 мың тонна бақша дақылы, 18 мың тонна көкөніс дақылы, 28,4 мың тонна мал азықтық дақылы, 6,1 мың тонна картоп, 40 тонна күздік бидай, 7,5 мың тонна күріш, 97,1 мың тонна мақта және 11, 5 мың тон­на дәндік жүгеріден өнім алынған.

Аудан мал шаруашылығы саласында да айтарлықтай өсім көрсетті. Ет өндіру 4,6 мың тоннаны, сүт өндіру 33 мың тоннаны, жұмыртқа өндіру 5,4 миллион дананы құрап, жылдағыдан үлкен кө­лемде артып отыр.

Кәсіпкерлік саласында да ауыз тол­­тырып айтарлық жетістіктер аз емес. Мәселен, өнеркәсіп өнімінің көлемі өт­кен жылы 7,2 миллиард теңгені құраса, биыл 15,2 миллиард теңгеге жетті. Сол сияқты өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі өткен жылы 5,7 миллиард теңгені құраса, биыл 17 миллиард теңгеге жетті. Негізгі капиталға салынған инвести­­­цияның көлемі де өткен жылы 14,5 мил­­лиард, ал биыл 23,2 миллиард теңгені құрады.

Алдағы уақытта өңірде мақта клас­­терін дамытып, оны терең өңдеуге күш салынбақ. Ол үшін Қытайдан, Өзбек­­станнан инвесторлар тартылады. Со­нымен қатар ағын суды үнемдеу мақса­­тында тамшылатып суғару техно­­­­­­­­­ло­­­­­гия­­­-ларына баса мән беріледі.

Жақында Кентауға жұмыс сапары барысында Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды кәсіпкерлермен кездескен еді. Аймақ басшысы биыл іске қосылған құны 8,4 млн теңге бола­­­­тын жобамен танысты. Хантағы ауылын­да орналасқан «Салы Алпамыс» шаруа қожалығы мал бордақылаумен айналы­сады. Қуаттылығы – 35 бас. Шаруашы­лықта жергілікті тұрғындар жұмыс істейді. Кәсіпкер жылқыларды жеңілде­тілген несие қаражатына сатып алды.

Сонымен қатар өңірдегі «Тәжітдин ата ауыл шаруашылығы» өндірістік кооперативі құс өндірісін қолға алды. Қазірдің өзінде сұраныстың жоғары болуына байланысты аймақта құс және балық шаруашылығы да дамып келеді. Жалпы, Кентауда «Ауыл аманаты» жобасы арқылы 80-нен астам жоба қаржыландырылды. 

«Ауыл шаруашылығы – аймақ тұр­­­ғындарының негізгі табыс көзі. Осы се­­бепті мемлекет те секторға үлкен қолдау көрсетіп отыр. Мәселен, «Ауыл ама­­­на­ты» бағдарламасын іске асыру үшін об­лыс­тың 16 ауданында 64 ауыл­дық округ анықталып, пилоттық жоба ая­­­­­сында 75 кооператив құрылды. Бүгін­­де жобаны қаржыландыруға респуб­­­ликалық бюд­жет­тен 19,8 мил­лиард теңге бөлінді. Сон­­ың арқа­­­­сында ауыл шаруа­­­шылығын ғана емес, сонымен қатар әртүрлі ба­ғыттағы орта және ша­ғын кә­сіп­­­кер­лікті дамытуға көптеген мүмкіндік қа­рас­тырылған, – деді облыс басшысы. 

Жобаның негізгі мақсаты – ауылдық елді мекендерде жаңа жұмыс орындарын құру, шағын кәсіпкерлік объектілерін құру арқылы халықтың табысын арт­­тыру, жұмыссыздықты және атаулы әлеу­­­­­меттік көмек алушылар санын азай­ту, өзін-өзі жұмыспен қамтыған­­­дарды заңдастыру және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету. «Түркістан әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясына «Ауыл аманаты» жобасы бойынша құны 21,4 млрд теңге болатын 4 089 жобаны іске асыруға өтінімдер келіп түскен. Оның ішінде уәкілетті орган 3 766 жоба­­ның ішінен жалпы сомасы 18,1 млрд теңгеге 3 026 жоба мақұлдаған. Қазір 13,9 млрд теңгеге 2 350 жоба қаржы­­­лан­ды­­­­­рылды. Барлығы 3 220 жоба қара­­жат­пен қамтылып, 3 400-ге жуық жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған.

Қазығұрт ауданының агрокөр­­сеткіш­тері де жоғары деңгейге жетті. Нақтырақ айтсақ, биыл агроөнімдерінің жалпы көлемі 53,4 млрд теңгені құрады. Статис­­тикаға сүйенсек, өңірде биыл 92 мың гектарға ауыл шаруашылығы дақылдары егілген. Соның ішінде астық дақылы егілген 43,9 мың гектар жердің әр гекта­­­рынан 22,1 центнерден өнім алынып отыр. Жалпы алғанда, 97 мың тонна астық жиналды. 

Ал Жетісай ауданда жұмыс істеп тұр­­ған 21 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінде бүгінде 25 мың­ға жуық адам жұмыспен қам­­­тылып, 10 айда кәсіпкерлер тарапынан 26,6 млрд теңгенің өнімі өндірілген. Қаң­­­­­­тар-қазан аралығында негізгі ка­­пи­­­талға бағытталған инвестиция көлемі 19,4 млрд теңгеге жетіп, өткен жылдың тиісті мерзімімен салыстырғанда 7,8 млрд теңгеге артқан. «Алтын күз» ме­рекесі қарсаңында аудан әкімі Серік Мамытов биыл көршілес Өзбекстан, Қытай елдеріндегі кәсіпорындарымен өңірдің әлеуметтік-экономикалық әлеуе­тін арттыратын жобалар бойынша келіссөздер жүргізілгенін атап өтті. Же­ті­сай қаласындағы резервке алынған 12 гектар жерден шағын өндірістік паркін (технопарк) ұйымдастыру үшін Turkistan әлеуметтік кәсіпкерлік корпо­ра­циясымен қаржы бөлу жұмыстары жүргізіліп жатқанына тоқталды. Сон­дай-ақ аталмыш паркте барлық ин­фрақұрылыммен қамтылған 15 инвести­циялық жоба жүзеге асырылып, онда 200 жаңа жұмыс орны ашылмақ. 

Қорыта айтқанда, Түркістан облысы ауыл шаруашылығы саласына ауқымды инвестициялар салу арқылы сектордың әлеуетін арттырмақ. Мемлекеттік қол­дау­дан тыс негізгі капиталға құйылған қаражаттың да қарымы қомақты. Одан бөлек, облыс экономикасына тартылған инвестиция көлемі 1,4 есеге артып, 751 млрд теңгеден асты. Ал тікелей ше­телдік инвестициялар көлемі 225,3 млн АҚШ долларына жетті. Нәти­­жесінде, 2023-2026 жылдар аралығында облыс аумағында 16 мыңнан астам жаңа жұмыс орны ашылмақ.

Кәмила ЕРКІН