Үкімет отырысында Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек педагогтерге деген сұраныстың жылдан-жылға артып келе жатқанын айтты, – деп хабарлайды Aikyn.kz.
2023 жылы мұғалімдерге деген қажеттілік 3 мыңнан астам адамды құрайды.
– Министрлік осы кадр тапшылығы мәселесін жан-жақты зерделеді. Біздің алдағы 4 жылда бітіріп шығатын түлектермен педагогтерге деген сұранысты қамтамасыз етеміз деген болжам бар. Тек келесі жылы ғана педагог тапшылығы туындауы мүмкін. Бірақ біз оны биылғы жылғы бітіруші түлектердің және магистратура түлектерінің есебінен қамтамасыз етеміз. Осылайша, біз педагогикалық кадрлардың қажеттілігін толығымен жабатын боламыз, – дейді Саясат Нұрбек.
Президенттің тапсырмаларын орындау мақсатында педагогикалық жоғары оқу орындарын аккредитациялаудың стандарты және педагогикалық білімді модернизациялаудың тұжырымдамасы бекітілді.
Жоғары оқу орны оқытушысының стандарты қабылданды. Қазіргі сәтте «Жайлы мектеп» жобасы бойынша педагогтерді даярлау жұмыстары жүргізілуде.