Келісімге 2022 жылғы 12 қазанда Астанада қол қойылған болатын.
Мәжілісте Қазақстан мен Қатардың инвестициялық ынтымақтастығы туралы заң қабылданды
985
оқылды

Мәжілістің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар мемлекетінің Үкіметі арасындағы инвестицияларды өзара көтермелеу және қорғау туралы келісімді ратификациялау туралы» Заңы қабылданды, – деп хабарлайды Aikyn.kz

Келісімге 2022 жылғы 12 қазанда Астанада қол қойылды.

«Қазіргі күрделі геосаяси және геоэкономикалық жағдайларда шетелдік инвестицияларды тарту мәселесі кез келген мемлекеттің экономикалық дамуы үшін ең өзекті мәселелердің бірі саналады. Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев пен Қатар Әмірі шейх Тамим бен Хамад әл-Танидің тұрақты байланыстары Қазақстан мен Қатар арасындағы өзара іс-қимылдың жоғары серпінін қамтамасыз етіп отыр. Елдер арасындағы экономикалық қатынастардың айтарлықтай нығаюын ескере отырып, екі елдің инвесторларын қорғау және қолдау мақсатында Қазақстан Республикасының Үкіметі мен Қатар Мемлекетінің Үкіметі арасындағы Инвестицияларды көтермелеу және өзара қорғау туралы келісім жасалды», – деді Сыртқы істер министрінің орынбасары Назира Нұрбаева.

Бұл Келісім экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының стандартты қағидалары, ЮНКТАД принциптері және Дүниежүзілік банктің ұсыныстары негізінде жасалды.

«Бұл құжат екі мемлекет аумағында инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезінде инвесторлардың халықаралық құқықтық кепілдіктерін қамтамасыз етуге бағытталғанын атап өту қажет. Келісім инвестициялық қызметті жүзеге асыру кезінде инвесторлардың құқықтарының кепілдіктерін қамтамасыз ету арқылы ынтымақтастықтың құқықтық негізін құрып отыр. Бұл ретте, инвестициялық ахуалды жақсартуға және елдер арасындағы өзара тиімді сауда-экономикалық ынтымақтастықты одан әрі дамытуға жағдай жасалады. Құжат ратификацияланған жағдайда оны іске асыру теріс әлеуметтік-экономикалық немесе құқықтық салдарға әкеп соқпайды және республикалық бюджеттен қосымша қаржылық шығындарды талап етпейді», – деді министрдің орынбасары.