Айта кету керек, жас конькишілер бәсекесі осымен екінші жыл қатарынан ұйымдастырылып отыр. Оған жергілікті спортшылардан бөлек, Алматы, Қостанай, Хромтау және Петропавл қалаларының ұл-қыздары арнайы келді. Бас-аяғы 120-ға жуық өрен 3 күн бойы коньки жарысының бірнеше бағыты бойынша өзара мықтыны анықтады. Бұған қоса, жүлдені сарапқа салғанда қатысушылардың жас деңгейі де ескерілді. Яғни ең кішісі – 8 жаста болса, ең үлкені – 13 жаста.
Бұндай бәсекелер балалардың шеберлігін шыңдап, тәжірибесін тереңдетуге көмектеседі дейді мамандар. Яғни, болашақ чемпиондарды қазірден тәрбиелеуге жол ашады. Сондықтан, оны жыл сайын тұрақты өткізу жоспарланып отыр және алдағы уақытта ауқымы мен форматын кеңейту де ойда бар.