Құлпынай өсіріп, бау-бақшасын құлпыртып отырғандардың түрлі суреті әлеуметтік желіде самсап тұр.
Құлпынай, құның қымбат, шіркін-ай!
938
оқылды

Тіпті, көпқабатты үйде өз терезесінің алдына құлпынай өсіріп, қыруар пайда тапқандар туралы да көп естіп жүрміз. Дегенмен өнім алудың өзіндік қиыншылықтары мен баптауы бөлек боларын кім білген?!

Ең ірі құлпынай фермасы – Нью-Йоркте

Әлемдегі ең үлкен құлпынай фер­­­­масы – Нью-Йорктің сыртындағы жа­­­санды бақ. Oishii деп аталатын жылыжай кешені 2018 жылы ашылған. Құлпынай өсіруге ғана арналған жасанды бақ 6 874 шаршы метр аумақты алып жатыр. Жаңа жүйеде құрылған кешен осы уақытқа дейін құлпынай өндіру үшін қолданылған бірінші буын технологиясымен са­­­лыстырғанда энергияны 60%-ға, ал суды 40%-ға аз пайдаланады.

Мұндағы бір ерекшелік, құлпынай бүршік атып, гүл жарған уақытта тозаң­дану процесіне кәдімгі бал аралары жіберіледі. Осылайша, құлпынай гүлінің балымен бірге жемісін де өндіру қолға алынып отыр. Жыл бойына жеміс бере­­­тін бақтағы технология әлемде әзірге біреу ғана болып тұр. 

Мұндағы өнімнің тазалығы сондай – пестицидсіз және жегенде тазалап, жу­маса да болады. Нью-Йорктің дәмді құл­­пынайына қол жеткізудің екі жолы бар: оларды компанияның ресми сай­тында немесе NoMad аймағында ашы­л­­ған үлкен Whole Foods дүкенінен сатып алуға болады екен.

Ал елімізде, өкінішке қарай, мемле­кет тарапынан ешқандай құлпынай шаруаш­ылығына қолдау көрсетілмейді. Құлпынай өсірушілердің бүгінде мемле­­кетке өкпесі қара қазандай. Ауыл шаруа­шы­лығы сала­сының басым көпшілігіне мемлекеттік субсидия таратылса да, құлпынай шаруа­шылығына келгенде жомарттық таны­тылмайтын құсайды. 

Құлпынай өсірушілердің дені елі­міздің оңтүстігінде арнайы жылы­жайлар салып алған. Дегенмен мемлекеттік сақ­­тан­дыру мен қолдаудың болмаға­­нынан кей кезде шығындарын да өтеу мұң бо­лып кетеді екен. 

«Бірнеше жылдан бері құлпынай өсі­ріп келемін. Әрине, қызанақ пен қияр­ға қарағанда құлпынайдан келер пайда көп. Біріншіден, бұл жеміс қым­­бат, екінші­ден, жылына 2-3 рет өнім аласың. Үшін­шіден, жыл сайын өзге дақылдар құсап көшет ауыс­­тырмайсың. Тек мұны баптау аздап қиынырақ. Арнайы бапталған топырақ пен жылуы бірқалыпты орын­­жай қажет. Сосын күн сәулесі үнемі түсіп тұруы шарт. Көрші елдерде құлпынай шаруа­шы­­лықтары өте көп. Мен сол жақтағы дос­тарымнан барып үйреніп, көріп жүр­мін», – дейді сарыағаштық құл­­­пынай өсіруші Самат Сұлтанов.

 Құлпынайға қандай бап керек?

Құлпынай көшеттерін ақпан айында немесе наурыздың басында отырғыза бастаған дұрыс. Одан бұрын отырғызу біздің елдің климаттық ерекшелігіне сәйкес келмейді. Бұл туралы өмірінің 40 жылын құлпынай өсіруге арнаған бағбан Ұзақбай ақсақал айтып отыр. 

«Ең алдымен, егіс алдында топы­­­­рақ­­ты ылғалдандырып, қажетті минерал­дармен өңдеп алу керек. Содан кейін топырақты жал тәрізді етіп жинап, бетін үлбірмен жауып қою маңызды. Топырақ құрғаған кезде үнемі ылғалдандырып отыру шарт. Бұл топырақ қыртысының пайда болуына өз септігін тигізеді. Ал топырақ бетін жапқан үлбір қараші­­­ріндіні қыздырып, көшеттің жақсы жеміс беруіне қолайлы жағдай туғызады. Ең маңыздысы, дайын­далған жер үнемі тамшылап суару техно­логиясымен жаб­дықталуы керек», – дейді жамбылдық Ұзақбай Қордабаев. 

Қазақстанның оңтүстік аймақ­­тарында өсіруге аса қолайлы болып ке­лет­ін құл­­пынайға мемлекеттен беріле­тін көмек жоқ емес, бар. Бірақ мемлекет кез келген құл­пынай өсірушіге емес, нақты техно­ло­гияларды пайдаланып, таза өнім өсі­ру­шілерге қолдау көрсетеді. Дүние­жүзілік құлпынай өсірушілер одағының та­­лаптарына сай, арнайы технологиямен ғылыми негізге сүйене отырып жеміс өсі­ретін болсаңыз және мұныңызды дә­лелдей алсаңыз, жемісін жер жаһанға са­тып, шалқып отыра беруіңізге болады. 

Соны технологияны елімізге сыналап енгізудің жолын тапқан, әзірге еліміздегі бірден-бір ірі құлпынай өсіруші – Азамат Әбдіхамитұлы. Бүгінде Ақтөбе қаласы маңындағы өз бақшасынан әр жылда 80 тонна өнім алып отырған Азамат 2024 жылы өнім көлемін 120 тоннаға жет­кізуді көздейді. Диқан мұнымен тоқтамақ емес. Жер көлемі мен жылыжай кешенін үлкейтумен бірге құлпынай тәлімбағын да жасақтап үлгерген. 

«Біздің елдегі қара базарларда саты­лып жатқан құлпынайдың дені – 3 не 4-ші сұрыптағы құлпынайлар. Құлпы­­­найдың нақты қандай болатынын мен осыдан 10 жыл бұрын Испанияға бар­ғанда көрдім. Бұл ел сол уақытта әлемдегі ең озық тех­нологияны пайдаланып құл­­пынай өсіреді екен. Қазір Ақтөбеде бір­шама жерге сол испаниялық үлгідегі тех­но­­логиямен жылыжай салдық. Жы­­лы­жай цифрлық үлгіде жұмыс істейді. Әрине, алғашқыда көп шығын кетті. Мемлекеттен нақты дәлелдемелерді көр­­­сете отырып көмек те алдық. Бүгінде бір қауым елді жұмыспен қамтып отыр­мыз. Біз был­тырдан бастап жылыжай кеше­­нінің жаны­нан құлпынай тәлімбағын салдық. Шетел­ден әкелінген көшеттерді алдымен сол жерде қалыпқа келтіреміз. Зерт­ханамыз да бар», – дейді Азамат Әбдіхамитұлы.

Солтүстікте құлпынай өсе ме?

Еліміздің солтүстік өңірлері мен Астанада құлпынай шаруашылығын құру қолайсыз. Себебі ауа райының құ­был­малылығы мен қыстың қатты аязы құл­пынайдың гүлденуіне тұсау болады. Ар­найы жылыжай кешені мен тиісті тех­­нология болуы маңызды. Ал көкөніс өсе­тін кешенге құлпынай салу теріс. Се­бебі екеуі екі басқа дақыл болған соң, қолда­нылатын технология да мүлде бас­қа екен. Бұл туралы астаналық агроном Досжан Дәулет айтты.

«Алдымен адамға білім керек. Әр же­місті өсірудің өзіндік технологиясы бо­­ла­ды, мен осы құлпынай техноло­гия­сын меңгеріп жатырмын. Жыл сайын өз­ге елдерге барып білмегенімді үйреніп жүр­мін. Әрине, бұған үлкен қаражат жұм­сау керек. Өзім Орталық Азия елдері бойынша халықаралық эксперт болған­дықтан білгенімді үйретемін. Былтырдан бастап Ақтөбеде еліміздің құлпынай өсіруші­леріне арнап курс ұйымдастыра бастадық. Біршама азамат келіп, оқып, шаруаларын дөңгелетіп отыр. Шамамен алғашқы кезде әр гектардан 25-30 тонна өнім алуға бола­ды. Біздің пайдаланып отыр­ған техноло­гия­мызды әлемнің көп еліндегі жеміс өсіру­шілер өздеріне енгі­з­ді. Қазір бізді із­деп келіп курсқа қатысу­шылардың қата­рында Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжік­стан, Латвия, Литва сынды барлығы 11 елдің азаматтары бар. Толық курсты аяқтаған соң Испанияға агротур жасай­мыз», – дейді халықаралық сарапшы Азамат Әбдіхамитұлы.

Білгеніміздей, өсірілген жеміс көшеті өз жемісін беріп аяқтаған шақта жапырақ түбінен басқа көшет көктеп шығатыны заң­дылық. Сарапшылардың айтуынша, бұл көшеттерден өнім алу дұрыс емес. Себебі одан кейінгі уақыттарда құлпынай сапасы күрт төмендеп, көлемі де кіші­­­рейіп, пішінінде басқаша рең пайда болады. Тұтынушылардың талабы мен өсірушілердің білместігінен мұндай құл­пынайлар біздің базарларда тез саты­лып кете барады. Ал нағыз құлпынайдың еш­бір міні жоқ болуы керек. Біздің құлпы­най деп жүргеніміз жабайы бүлдіргеннің бір түрі десек те болады. 

Заман өзгеріп, табиғаттың тоза бас­таған шағында технологияның жетісті­гі­не сүйену – басты талап. Экологиялық апат­тардың салдарынан бір кездері дала­да жай­қалған жабайы бүлдірген сиреп кет­келі қашан? Осы тұста құлпы­най шаруа­­шылығын дамытуға мемлекет бас­қаша бір жоба әзірлеп, ішкі өнімді өріс­тетіп тастамаса, құлпынайды қыр­ғыздан тасып жүре бермесімізге кім кепіл?

Бердібек ҚАБАЙ