Атырауда кәсіпкерлерден 2,6 млн теңге алу кезінде қылмыстық топ ұсталды. Сондай-ақ олардың деструктивті діни ағым өкілдері екені белгілі болды,– деп хабарлайды Aikyn.kz.
Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, күдіктілер 6 желтоқсанда ұсталған.
«Экстремизмге қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жеке кәсіпкерлерден 10 млн теңге бопсалаған қылмыстық топтың заңсыз әрекетін әшкереледі. Полицейлер жәбірленушілерден 2 млн 600 мың теңге алу үшін кездесу ұйымдастырған қылмыстық топтың 4 мүшесін ұстады. Деструктивті діни ағым өкілдерінен құралған топ наурыз айынан бері жәбірленушілерді бопсалап, әрқайсысынан 5 млн теңгеге жуық қаржы иемденбек болған», – деп хабарлады ведомстводан.
Қазір ұсталғандардың басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.
Оларға қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 194-бабының 3-бөлігі 2-тармағымен сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.
Өзге ақпарат ҚР Қылмыстық-процестік кодексінің 201-бабына сәйкес жарияланбайды.