Қолжетімді несиелер, қаржы ұйымдарының жоғары пайызы, бастысы, қаржылық сауаттылықтың төмен деңгейі – халықтың қарыздарын жыл сайын арттырады. Сондықтан әрбір қазақстандықтың қаржылық сауатты болуы маңызды.
Қазақстандағы қаржылық білім 4,1 деңгейінде бағаланды
Қаржылық сауаттылықты арттырудың 2020-2024 жылдарға арналған тұжырымдамасында ЭЫДҰ-ның соңғы зерттеулерінің нәтижелері бойынша дамыған елдердің қаржылық сауаттылығының орташа деңгейі ықтимал 21 балдың 14,1 балын құраса, орташа әлемдік деңгей – 13,7. Ал Қазақстанда бұл көрсеткіш – 13,1, бұл орташа әлемдік мәннен айтарлықтай төмен, бірақ бұл көрсеткіш 11,9 құрайтын Еуразия елдеріндегі көрсеткіштен жоғары болып тұр. ЭЫДҰ Қазақстандағы қаржылық білімді 4,1 деңгейінде деп бағалады.
Қалай болғанда да елімізде бұл тақырып өзектілігін жоймай отыр. Тұрғындардың басым бөлігі оңды-солды несие алуға, оңай олжаға кенеле салғысы келіп, қаржылық пирамидаға кіруге құмбыл. Одан бөлек, алаяқтарға алданып қалушылар да көп.
Халқының саны 2 миллионнан асатын Түркістан облысы тұрғындарының 80 пайызы ауыл аймақта тұрады. Осынау ауыл тұрғындары бүгінде қоғамымызға дендеп енген электронды ақша аударым жайына келгенде де кібіртіктеп қалатыны бар. Қанша дегенмен қаладағыдай қайнаған тіршіліктің ортасында жүрмегендіктен әбден үйренгенше электронды ақша аударымға қатысты мәселенің туындайтыны заңды да. Дегенмен оны уақыт көтермейді. Кез келген тауар аларда төлемді аударым жасау арқылы өтегеннің ыңғайлы екеніне бәріміздің күн сайын көзіміз жетіп келеді.
Өкінішке қарай, бұл алаяқтар үшін мол табысқа кенелудің ең тиімді тәсілі болып тұр. Олар көбіне ақпараттық технологияны жіті біле бермейтін, смартфонның сырын ұқпайтын зейнет жасындағыларды құрығына түсіріп, олардың есепшоттарындағы ақшасын әп-сәтте қолды ете бастады. Айталық, егде жастағы ақсақалға оның немересінің атынан қоңырау шалып, бір мәселеге тап болғанын айтып, тез арада әлдебір нөмірге ақша аудару керектігін жеткізеді. Қариялар мәселенің байыбына барып жатпай, әлгі алаяқтың сөзіне сеніп, «не де болса, балам қиындықтан шықса болды» деген оймен ақшаны ойланбастан аудара салады.
Қазір «әлеуметтік сауалнама жүргізіп жатырмыз» деп қоңырау шалып, алдайтын алаяқтар да аз емес. Құқық қорғаушылар сауалнамадағы сұрақтардың аса күрделі болмайтынын айтады. Мәселен, «сіз ұнататын автокөлік маркасы», «қандай киім брендін ұнатасыз?» деген сынды көп ойланбай жауап беретін сұрақтарды қояды. Содан кейін Сізді сауалнамаға қатысқаныңыз үшін арнайы сыйақымен марапатталғаныңызды мәлімдеп, құттықтайды. Әрине, ол сомманы алуыңыз үшін банкке алдын ала комиссиялық төлемді төлеп, белгілі бір нөмірге чекті жіберуіңіз керегін ескертеді. Егер де осылай еткен болсаңыз, онда алаяқтарға жем болдым дей беріңіз. Мұндай жағдайда сіз транзакцияның күшін жоя алмайсыз. Өйткені алаяқтар біздің елімізден ғана емес, шетелдерден де шығып тұрған болуы мүмкін.
Арзан бағада үй алып беруді ұсынғандардан абай болған ләзім
Тағы бір мысал келтіре кетейік, сізге белгілі бір қоғамдық ұйымның қызметкері болып хабарласып, нарық бағасынан әлдеқайда арзан бағада үй немесе көлік сатып алуға болатынын жеткізеді. Және ол үшін белгілі бір шотқа ақша аудару керектігін айтады. Егер де қайырымдылыққа алдын ала ақша аударып, нарықтан арзан бағада үй немесе көлік алуға ниеттенген болсаңыз, онда алаяқтарға ақша аударғаныңызды біліңіз. Құқық қорғаушылар оларды әшкерелеу оңай емес екенін айтады. Өйткені мұндай қайырымдылық қорда жұмыс істейтін адамдар заңды түрде жұмыс жасайтын қайырымдылық ұйымының атын жамылып, өздерін шетелдік инвестициялық компанияның өкілі деп таныстырады. Ал ақша аударуға келгенде адамдарға алаяқтық шотын береді.
Айталық, жақында Түлкібас аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданып, алаяқтың құрбаны болғанын жеткізді. Өзінің қаржы мәселесіне келгенде шорқақтығын айтып өкінеді. Жәбірленуші қыздың айтуынша, белгісіз біреу «В контакте» әлеуметтік желісі арқылы 200 000 теңге қаражатын сеніміне кіріп, жымқырып кеткен. Аталған факті ҚР ҚК-нің 190-бабы «Алаяқтық» бойынша тіркелді. Орын алған алаяқтық қылмысын ашып, күдіктіні ұстау мақсатында тәжірбиелі полицейлерден жедел тергеу тобы құрылып, шұғыл әрекет етті. Барлық қажетті шараларды іске асырып, нәтижесінде күдіктінің жеке басын анықтады. Ол жергілікті тұрғын болып шықты.
Анықталғандай, күдікті ер адам «төмен пайызбен ақша аударып беремін» деп жалған жарнама жасаған. Яғни, жәбірленуші қыз жарнамада көрсетілген нөмірге хабарласып, мобильді қосымшасы арқылы ақша аударым жасауға келісетінін айтқан. Сол кезде күдікті арам ойын жүзеге асырып, түскен ақшаны өз есепшотына аударып алған. Бүгінде кінәсін мойындаған ер адамға қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Қаржылық сауаттылықты арттырсаңыз, ұтылмайсыз!
Осындай жағдайға тап болмауыңыз үшін алдымен өзіңіздің дербес деректеріңізге сақ болыңыз! Ұялы телефон арқылы байланыс орнатқан операторға еш уақытта өзіңіздің жеке басыңызды куәландыратын құжаттағы және банк картаңыздағы нөмірлерді айтпаңыз. Одан соң мобильді қосымшаларда сенімді құпия сөзді пайдаланыңыз және оны қауіпсіз байланыс арнасы арқылы жіберуді ұмытпаңыз. Сонымен қатар құпия сөздерді үнемі өзгертіп отырыңыз, туған күніңізді немесе атыңызды PIN-код немесе құпия сөз ретінде пайдаланбағаныңыз дұрыс. Дербес компьютерде құпия сөзді автоматты түрде толтыру немесе есте сақтау параметрлерін өшіріңіз, сондай-ақ деректерді жалпыға ортақ компьютерлерде сақтамауға тырысыңыз. Сосын электрондық поштаңызды да қорғауды үйреніңіз. Мәселен, компьютерден алшақ кетуіңіз қажет болса, жүйеден шығыңыз. Құрылғыңызды қоғамдық орындарда қараусыз қалдырмаңыз.
Тауарлар мен қызметтерге төлем жасау үшін электрондық аударымдарды пайдаланбаңыз. Қолма-қол ақшамен жасалған төлемдер сияқты электрондық аударымдарды даулау немесе қайтару барынша қиынға түседі. Егер сіз тауарды интернет арқылы сатып алған болсаңыз, төлемді кредиттік немесе дебеттік картамен жасауға тырысыңыз.
Егер де жоғарыда айтылған жағдайларға тап болсаңыз, бірінші кезекте аударым жасайтын банкіңізге немесе компанияңызға дереу хабарласуыңыз қажет. Оларға бұл оқиға туралы айтып, ақша қаражатымен жасалатын транзакцияны тоқтату мүмкіндігі туралы нақтылап біліңіз. Бұзылған шоттарды міндетті түрде бұғаттаңыз, құпиясөздердің барлығын, оның ішінде әлеуметтік желілердегі есептік жазбалардың құпиясөздерін ауыстырыңыз.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы