Заңның негізгі мақсаты – БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау.
Бала құқығын қорғауға қатысты заң Сенат отырысында мақұлданды
© Турар Казангапов
852
оқылды

Сенаттың бүгінгі жалпы отырысында «Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау туралы» заңы мақұлданды,  деп хабарлайды Aikyn.kz.

Заңның негізгі мақсаты – 2011 жылғы 19 желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Бала құқықтары туралы конвенцияға хабарлар рәсіміне қатысты факультативтік хаттаманы ратификациялау. Факультативтік хаттамада Қазақстан 1994 жылғы 8 маусымда ратификациялаған БҰҰ-ның Бала құқықтары туралы конвенциясына қосымша келісім ретінде саналады.

«Заңның міндеті – Бала құқықтары туралы конвенцияда бекітілген құқықтар бұзылған жағдайларда балалардың немесе олардың ата-аналарының (заңды өкілдерінің) жеке шағымдарын қарау тетіктерін белгілейтін хаттаманы ратификациялау. Хаттамаға сәйкес балалар немесе олардың өкілдері БҰҰ-ның Бала құқықтары жөніндегі комитетіне өз құқықтарының бұзылғаны туралы шағымдарды тікелей бере алады. Ол өз кезегінде әрбір істі қарап, қатысушы мемлекеттерге нақты ұсынымдарды қамтитын шешімдер қабылдайды», – делінген Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму және ғылым комитетінің мәліметінде.

Бұл құжатқа қол қою Қазақстанның бала құқықтарын қамтамасыз ету және балаларды құқықтық қорғау тетіктерін кеңейту жөніндегі міндеттемесін тағы да растайды.

Сенатор Талғат Жүнісовтің сөзінше, қаралып отырған хаттамаға сәйкес, егер балалар немесе олардың өкілдері Қазақстандағы барлық деңгейдегі соттармен қаралып, шыққан шешіммен келіспесе, Біріккен Ұлттар Ұйымының Бала құқықтары жөніндегі комитетіне өз құқықтарының бұзылуы туралы шағымдар түсіре алады. Факультативтік хаттама хабарламаларды қараудың екі рәсімін қарастырады, олар – жеке және мемлекетаралық хабарламалар.

«Хабарламаны жабық отырыста қарағаннан кейін Комитет өз ұсынымдарын тиісті тараптарға жолдайды. Мемлекет өз кезегінде Комитеттің ұсыныстарын қарауға және қажетті шараларды қабылдау міндетін алады», – деді Сенат депутаты.

Аталған заң аясында бала құқықтарын қорғау деңгейін арттыру, Қазақстан  азаматтарына өздерінің экономикалық, әлеуметтік және мәдени мүдделерін халықаралық қорғау құқығын қамтамасыз ету ескерілген.