Соңғы жылдардағы болып жатқан жағдай атадан балаға, ұрпақтан– ұрпаққа мирас болған ата кәсіп – мал шаруашылығының тамырына балта шаба ма деген қауіп басым.
Арзан импорттың азабы
© коллаж: Елдар ҚАБА
871
оқылды

Оған көптеген маңызды фактор да әсер етіп, жағдайды тым ушықтырып тұр. Онсыз да шықпа жаным шықпалап отырған шағын және орта кәсіп иелері қазір Ресейден жеткізілетін сүт өнімдерінің импорты жағдайды мүлдем күрделендіріп жібергенін айтып отыр. Ащы жанайқайын биліктегілерге бірнеше рет жеткізгенімен, түйткілдің түйіні тарқатылар емес. 

Теріскейде жүздеген шағын шаруа қожалығы мен серіктестіктің ауа райының қолайсыздығынан алған астығы жаппай көктеп кетіп, қызып кеткен бидайы мен басқа да дақылын өткізе алмай шырылдап жатқанын бұған дейін де жазғанбыз. Жер емшегін емген диқаншылықпен қатар мал шаруашылығымен де айналысатын шаруалар биыл, тіпті мал бағудың да пайдасынан гөрі шығыны шаш-етектен болып жатқанын жасырмайды. Әсіресе, Зеңгі баба түлігінің сүтті бағытымен нәпақасын айырып, аз да болса тиын-тебен еткен шаруалар қазіргі жағдайда ата кәсіптен біржолата айыратын түрі бар екенін қинала жеткізді. Олардың ішінде бірқатары сүт өткізе алмай, ырымға жаман болса да, ағарғанның бәрін тонналап төккендері де болғанын айтады. Шаруалар Үкімет пен тиісті Құзырлы министрлік­терден жағдайды реттейтін тетіктер тауып, пәрменді әрекет етпесе шаруалардың қорасы қаңырап бос қалып, өздері түгелдей банкротқа ұшырайтын күн алыс емес дейді. Солардың бірі – Бурабай ауданы Кенесары ауылындағы «Беке» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестігінің иесі Қуанышбек Бекайдарұлы. Шаруа 15 жыл­дан бері ата кәсіппен тұрақты айналысып келеді. 2017 жылдан бері сүтті мал шаруа­шылығы бағытына басымдық берген ол Швейцариядан «Симментал» және «Голс­тин» тұқымды қара мал әкелген. Оған қыруар көлемде несие де алған. Мал басын көбейткенімен, соңғы жылдары кері ық­пал еткен түрлі фактордан кейін кәсіпкер мал шаруашылығынан біржола қол үзуді жөн көріп отырғанын айтады. Шаруа мұндай қорытындыға келуіне түрткі болған бірнеше себепті атады.

– Мал шаруашылығы, оның ішінде сүтті бағытта мал өсірумен айналысу пайдасынан гөрі шығыны басым сала боп бара жатыр. Осы кәсіпті таңдап іске кіріскеніме қазір өз басым қатты өкініп жүрмін. Биыл ауыл шаруашылығымен нәпақасын айырған шаруалар үшін тым ауыр жыл болды. Басқа қажеттіліктер сияқты жем-шөптің бағасы шарықтап кетті. Қазір сабанның бір шағын орамының өзі 7-8 мың теңгеден, 200 келі ғана болатын шөп орамы 15-18 мың теңгеден сатылып жатыр. Тіпті, мұның өзін таба алмайтындай жағдайға жеттік. Шаруашылығымда Швейцарияда сұрыпталған 250 бас «Симментал» және «Голстин» тұқымды сиыр бар. Дәл қазір қыстан қысылмай шығу үшін 500 тоннадан астам сабан мен 200 тонна шамасында шөп керек. Жаз бойы болған қуаңшылық пен күзгі жаңбырдан соң жем қоры да жеткіліксіз. 1 200 гектар егін егілген жерімнен мүлдем сабан ала алмадым. Сондықтан малымның кемінде 30-40 данасын сойып сатып жібермесем, қыстан алып шығу қиын болғалы тұр. Жем-шөп таба алмай отыр­мыз. Іздеп жатырмыз. Мен сияқты басқа да шаруалар малын келіп жатқан алып­сатарларға су тегінге, яғни небәрі 1700-1800 теңгеге өткізуге мәжбүр. Көп шаруа­шылық малын болмашы тиын-тебенге сатып, құтылып жатыр. Сүтті осыған дейін 210-220 теңгеден өткізетін едік. Қазір баға 170-180 теңгеге дейін түсіп кетті. «Нәтиже» сүт зауытына өткіземіз. Мемлекеттен берілетін субсидия да қолымызға жөндеп тимейді. Көршілес Солтүстік Қазақстан облысында мал шаруашылықтары қомақ­ты көлемде субсидия алады. Ал Ақмола облысында мұның бірі де жоқ. Биыл мүлде субсидия ала алмадық. Ірі шаруашылық­тарға әр литр сүт үшін 50 теңгеден берілсе, бізге небәрі 20 теңгеден ғана тиеді. Шағын шаруашылықтар мұндай әділетсіздіктен тарап кетуге шақ тұр. Малды мүлде қойсам ба деп жүрмін, – дейді ашынған шаруа. 

Деректерге сенсек, қазір облыс аума­ында 14 сүт зауыты жұмыс істейді. Шағын шаруа қожалықтары мен ауылдағы бар тірлігі қорасындағы бес-алты қара малына қараған жұрт сүтін саудалап нәпақасын табады.  Осыған дейін 220 теңгеге дейін алынған шикі сүт енді тек 150-160, ең көп дегенде 180 теңгеден ғана қабылданады. Жергілікті зауыттағылар бұған сүт өніміне сұраныстың азаюы себепкер болғанын жасырмады. Өйткені нарықты қазір сырттан келген арзан сүт әсіресе, ресейлік сүт өнімдері басып қалған. Отандық өнім бәсекеге шыдас бермей, бұл қарапайым фермерлердің де шаруасының шатқаяқ­тауына себепші болған. 

– Қазір бәсекелестік тым жоғары. Шетелден әкелінген өнімдер арзан бағада сатылып жатыр. Салдарынан оларды таң­дайтындар да көп. Ал біздің өнім өт­пей­ді. Ауыл тұрғындары әкеліп жатқан сүттің көлемін азайтпай алуға тырысып жатыр­мыз.  Бірақ барлығымен бірдей жұмыс істей алмаймыз, – дейді Көкшетау қаласындағы «Гормолзавод» ЖШС сүт зауытының директоры Ерсайын Жақсы­лықов.  

Ақмола облысының Жер қатынастары және ауыл шаруашылығы басқармасын­дағылар да сүт өнімдері импортының, әсіресе, көршілес Ресейден келетін сүттің көлемінің айтарлықтай өсіп, бұл отандық өнімнің дамуына елеулі кері ықпалын тигізіп жатқанын мойындайды. Басқарма­ның ресми мәліметтеріне жүгінсек, былтыр Ақмола облысына жеткізілген сүт өнімдерінің импорты 4,8 миллион доллар­ға жетсе, биылғы сегіз айдың ішінде ғана 3 миллион долларға жуықтаған. Атап өтер­лігі, оның 75 пайызы ресейлік сүт өнімдері. Бұл көрсеткіш жыл санап өсіп келеді. Ал жауапты басқармадағылар шетелдік импорттың көлемін төмендетуге ешқандай тоқтау тетігі жоқ екендігін айтады. Ведом­ство шетелден әкелінетін тауарларға қарсы барынша отандық өнімдердің көле­мін арттырып, бәсекеге қабілетті ету үшін қол­дан келген әрекетті істеп жатқандарын жеткізді. Ол үшін басқарма ауыл шаруа­шылығы өнімдерін сатып алатын кәсіп­орын­дардың шығынын субсидиялау бағдарламасы жұмыс істейтінін тілге тиек етті. Биыл осы бағдарламаның аясында 1,8 миллиард теңге қаражат бөлініпті. 

Сүт бағытындағы шаруашылықтар мен зауыттардың алдындағы аса қолайсыз күрделі мәселені Ақмола облысының өңірлік кәсіпкерлік палатасындағылар да мойындап отыр. Аталған мәселеге байла­нысты арнайы комитет отырысы да ұйым­дастырылып, тиісті шара қабылдау үшін тиісті құзырлы органдар мен фермерлердің қатысуымен үлкен жиын да өткізілген. Өңірлік палатаның мәліметінше облыста сүттің қомақты көлемі ауылдағы ағайынның жеке қора-қопсысында өндіріледі. Нақты­рақ айтсақ облыстағы барлық сүт шикі­затының 74,6 пайызы, яғни 299,2 мың тон­насы ауылдағы малмен күнелткен ағайы­нның үлесі. Палата сүт өндіру көлемінің төмендеуінің басты себебі ретінде өңдеуші кәсіпорындардың аса төмен жүктемесі мен жеткілікті көлемде шикізаты бар  жеткізу­шілердің болмауын атады.

– Қазір облыста шамамен сүтті бағытта 212 мың бас және етті бағытта 5,5 мың бас мал бар. Палата бірнеше жылдан бері ауылдағы жұмыссыз халықты оқытуға күш салып келеді. Алайда бірнеше бас мал сатып алғанымен түрлі себеппен оны көбейтуге мүмкіншіліктері болмай қалатыны рас. Оған қаржылық мүмкін­діктерінің жоқтығы, кепілдік мүліктерінің болмауы, қажетті технологияларды білмеуі себеп. Ақмолада «Егістіктен сөреге дейін» жобасын жүзеге асыру мақсатында сүт өндіруші «Гормолзавод» ЖШС-нің жұмыс тәжірибесін кеңірек қолдану жоспарлаған. Мәселен, жыл бойы шикізат үздіксіз келіп тұруы үшін зауыт жанынан өзінің «Жақсылық агро» деп аталатын жеке сүт-тауарлы фермасы құрылған. Алайда алынған шикізат өңдеуші кәсіпорынның толық жүктемеде жұмыс істеуіне жет­кіліксіз. Дегенмен кәсіпорын шығаратын өнім көлемін ұлғайтып келеді, – дейді Ақмола облысы Кәсіпкерлік палатасының бөлім басшысы Жайсан Ербатырұлы. 

Қысқасы, атадан балаға мұра болған кәсіптің адымын аштырмай тұрған себептер баршылық. Бұл орайда отандық өнімдерді, сондай-ақ жергілікті шағын шаруа қожалықтарын қолдауға Үкіметтен арнайы жаңа бағдарлама қажеттігі айқын сезіледі. Ресей мен басқа да шетелдің сүтіне тәуелді болуымыз отандық кәсіпорындардың тұралап, тіпті банкротқа ұшырауына да себепші болатынын ескеру қажет деп ойлаймыз. Бұл орайда Құзырлы министрлік пен Үкімет тез арада шешім қабылдамаса мәселенің түйінін тарқату аса күрделі болары сөзсіз...

Абзал АЛПЫСБАЙҰЛЫ