Бұл туралы Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек С.Аманжолов атындағы ШҚУ жастарымен кездесуде айтты.
Қазіргі студент қандай болуы керек? – Министр жауабы
2,376
оқылды

Бүгінде бұл білім ордасында 10 000-нан астам студент оқып жатыр. Министрмен кездескен жастар көкейде жүрген сұрақтарын қойып, жауап алды,   деп хабарлайды Aikyn.kz.

Шенеуніктің айтуынша, қазіргі басым міндеттердің бірі – ауыл шаруашылығы, тау-кен саласы, металлургия, машина жасау, энергетика сияқты барлық салаға әсер ететін Қазақстан ғылымын жас ғалымдар легімен толықтыру.

"Сол себепті ғылыми отандық базаны жаңа әзірлемелермен және жас кадрлармен қамту қажет. Бұл мәселеде университет ғылымы маңызды рөл атқарады. Оның дамуына мемлекеттік қолдау аса әсер етеді. Осы жерде «Академиялық және басқарушылық дербестік туралы» заң қабылданғалы Қазақстанның жоғары білімінің жаңғырғанын, кадрлар даярлауға деген мемлекеттік тапсырыс көлемінің ұлғайғанын атап өткен жөн. Бұл іс-шара жас талантты білім алушылардың ғылыми зерттеулерге және жоғары рейтингісі бар журналдарда мақала жариялауға деген құлшыныстарын арттырды",  деді Саясат Нұрбек.

Өз сөзінде ол бүгінгі заманның студенті қандай болу керектігін атап өтті. Осы заманда тек білім алып қана шектелмеу керек.

"Жетістікке жету үшін адам интеллектісінің 2 пайызы ғана кәдеге жарайды екен. Ал қалған үлес табандылықта. Сол үшін біз алған бағытынан қайтпайтын, шыдамды, ұстанымы берік адам болуымыз қажет. Одан кейін спортты жанға серік еткен жөн. Себебі ертең сырқат қысса алған білімнен еш пайда болмай қалады. Тағы бір айта кетерлігі, студенттер дұрыс ақпаратты ғана қабылдауы тиіс. Себебі ақпарат заманында мүлде пайдасыз, уақытты бос өлтірер дүниелер көп",  деді министр.