Аманаттық депутат­тар­дың қызметін жандандыру, ха­лықтың партияға деген се­ні­мін арттыру, мәслихат де­­­путаттары мен мемле­кет­тік органдар арасындағы ашық әрі тиімді диалог құру – осы және тағы басқа мәсе­лелер Қонаевта өткен «AMANAT» партиясынан сайланған бар­лық деңгейдегі мәслихат депутаттарының І облыстық форумында айтылды.
Партия депутаттарының форумы өтті
808
оқылды

Жиынға облыс әкімі Марат Сұлтанғазиев қатысты. Сондай-ақ ардагерлер мен партия белсен­ділері, облыстық басқарма және департамент басшылары да қа­тысты.

Форумның ашылуында сөз алған Алматы облысының әкімі партияның сайлауалды бағдар­ламасы аясында өңірдің әлеу­меттік экономикалық дамуының 10 айына қорытынды жасады.

Оның айтуынша, биыл бар­лық салада өсім қамтамасыз еті­ліп, жыл соңына қарай жалпы өңір­лік өнім көлемін 4,7% өсім­мен 4,6 триллион теңгеге дейін жеткізу жоспарланды. Бұл ретте, партияның 2023-2027 жылдарға арналған «Халықпен бірге!» сай­лауалды бағдарламасы шешуші рөл атқарады.

«Биылға жоспарланған 88 іс-шараның 42%-ы орындалды. Жалпы, жол картасында көздел­ген 106 іс-шара кезеңімен жүзеге асырылып жатыр. Қаражат кө­лемі 2 трлн 342,4 млрд теңгені құ­райды. «AMANAT» партия­сының саяси бағытын орындау мақсатында өңірде әлеуметтік-экономикалық дамудың оң дина­микасы сақталды. Аталмыш фо­рум депуттар мен жергілікті ат­қару­шы органдар арасында Ал­маты облысының эконо­ми­касын дамыту мәселелерін тал­қылау үшін ашық диалог алаңына айналғанын қалаймыз», – деді Марат Сұлтанғазиев.

Сонымен қатар мәслихат депутаттарының рөліне тоқтал­ған аймақ басшысы олардың ха­лықтың өзекті мәселелерін ше­шудегі басым міндеттерін атап өтіп, өңірдегі оң өзгерістердің бастамашысы болу маңызды­лығын айтты.

Ал партия филиалының төра­ғасы Қуат Байғоджаев бұл форум – аманаттық депутаттарға мем­лекеттік орган басшыларымен тікелей тілдесуге мүмкіндік жа­салған шара екенін айтты.

«Форумға облыстағы барлық деңгейдегі депутат шақырылған. Сондай-ақ барлық басқарма және департамент басшылары қатысуда. Негізгі мақсат – де­путаттар мен жергілікті атқарушы орган арасындағы ынтымақ­тас­тықты нығайту. Өйткені депу­тат­тар тарапынан мемлекеттік ор­гандарға көптеген сұрақ туын­дайды. Сол сұрақтарды бірлесіп талқылап, бірлесіп шешу жол­дарын қарастырдық. Мемле­кеттік орган басшыларымен тікелей тілдесуге мүмкіндік жа­сал­ды. Маңызды мәселелер талқыланды», – дейді Қуат Байғоджаев.

Айта кетсек, Алматы облы­сында барлық деңгейдегі 228 мәслихат депутатының 190-ы «AMANAT» партиясының мү­шесі. Олар жыл басынан бері 517 қабылдау жүргізіп, 1 мыңнан аса адамды қабылдаған. Оның 817-нің өтініші оң шешімін тапты. Қалғандарына заң аясында түсініктеме берілді.