Сөз басында Мәжіліс Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов ұлттық мүддеге сай келетін кітаптарды көптеп басып шығару мәселесі әрдайым Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың назарында екенін және мемлекет, партия тарапынан мәдениетке, әдебиетке қолдан келгенше көмек көрсетіле беретінін атап өтті.
«Әдебиеттегі жас буын үшін «Ұлы дала» байқауы айтулы оқиғаға айналды деп ойлаймын. Осы маңызды іс-шараны жыл сайын Тәуелсіздік күніне орайластырып өткіземіз. Өйткені ұлт тәуелсіздігінің рухани тірегі – оның тілі мен әдебиеті, мәдениеті. Біз өз тарапымыздан сіздерді қолдауға әрдайым әзірміз», – деді ол.
Ерлан Қошановтың пікірінше, қазір қоғамдық кеселге айналған есірткі, лудоманияның белең алуы «рухани қалқанның» болмауынан. Сондықтан оқырманға осы заманның болмысын бейнелейтін тың туындылар, образдар мен жаңа кейіпкерлер керек. Төраға кітапсүйер қауым жаңа толқын қаламгерлерден салмақты, мағыналы дүниелер күтіп отырғанын айтты.
«Біз кітаппен өмір сүрдік. Әдебиет бізге моральдық, рухани қалқан болды. Ал рухани қалқан дегеніміз не? Ол – жастарды, өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, бұрыс жолдан сақтайтын құндылықтарымыз. Бұрын қоғамды кітап тәрбиелесе, қазір интернет пен көше тәрбиелеп жатыр. Мұның жолы – жас ұрпақты отаншылдыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу. Ал ол құндылықтардың бәрі – кітапта, әдебиетте. Бұл туралы Мемлекет басшысы да әрдайым айтып келеді», – деді «AMANAT» партиясының Төрағасы.
Аталған конкурс осымен төртінші рет өткізіліп отыр. Биыл әдеби доданың облыстық іріктеуі ұйымдастырылып, байқауға бас-аяғы 300-ден астам шығарма келіп түсті. Оның 170-і ақтық кезеңге жолдама алды.
«Ұлы дала» байқауына «Әдеби сын» номинациясын енгізу – үлкен жаңалық болды. Жалпы, әдеби сын болмайынша, әдебиет дамымайды. Байқауға бір емес, бірнеше материал келіп түсті. Оның бәрін ой елегінен өткізіп, лайықты бағасын бердік. Сондықтан бұл жанрға келешекте барынша көңіл бөлу керек», – деді қазылар алқасының мүшесі, әдеби сыншы Амангелді Кеңшілікұлы.
Сонымен, «Поэзия» номинациясы бойынша бірінші орынды Ұмтыл Зарыққан, екінші орынды Айзада Рахымжанова, үшінші орынды Ербол Алшынбай иеленді.
«Проза» номинациясында бірінші орынға Бақытбек Қадыр, екінші орынға Саян Сексенбаев, үшінші орынға Мерей Қайнарұлы лайық деп танылды.
«Балаларға арналған шығарма» номинациясы бойынша бірінші орынды Нұрбек Кеңесбай, екінші орынды Абай Орынбай, үшінші орынды Ақмарал Омарова қанжығалады.
«Драматургия» номинациясында бірінші орынды Қанат Тілеухан, екінші орынды Тайбек Абдуллин, үшінші орынды Қуат Қиықбай жеңіп алды.
«Әдеби сын» номинациясы бойынша бірінші орын Біржан Ахмерге, екінші орын Анар Абдуллинаға, үшінші орын Мейір Оразғалиевке бұйырды.
Сонымен қатар, «Алаш аманаты» арнайы сыйлығын зерттеуші-ғалым Бақтияр Бәтеу, «Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы» арнайы сыйлығын арнайы сыйлығын ақын, сатирик Абылай Мауданов иеленді.
«Қазір әдебиетпен кәсіби айналысуға мүмкіндік аз. Біріншіден, қаламақы мәселесі шешілген жоқ, екіншіден бізде кітап нарығы әлі қалыптаспай жатыр. Әйткенмен, осы олқылықтың белгілі бір бөлігін әдеби байқаулар толтырып отыр. Бұл қадам шығармашыл жастарды жазуға ынталандырады. Сондықтан осындай әдеби байқауларды үзбей, жыл сайын өткізіп тұру керек», – деді байқау жеңімпазы, жазушы Бақытбек Қадыр.
Бақтияр БӘТЕУ,
зерттеуші-ғалым,
«Алаш аманаты» арнайы сыйлығының иегері:
– «AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен өткен дәстүрлі «Ұлы дала» республикалық шығармашылық байқауына қатысқан болатынмын. Байқаудың биылғы тақырыбы ақын, педагог Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдық мерейтойына орайластырылды. Байқау номинациялары «Мағжан Жұмабаевтың 130 жылдығы» және «Алаш аманаты» атты екі арнайы сыйлықтан, сонымен бірге балалар әдебиеті, проза, поэзия, драматургия және әдеби сын бағыттары бойынша жүлделі орындардан тұрды.
Тәуелсіздік күні қарсаңында аталған байқаудың қорытындысы жарияланып, нәтижесінде қанжығам майланып, «Алаш аманаты» арнайы сыйлығының иегері атандым. Байқауға өзім зерттеп жүрген Шәкәрім Құдайбердіұлының шығармашылығы бойынша жазылған «Шаһкерім өлеңдеріндегі кейіпкерлердің түпбейнесі» атты тақырыптағы зерттеу мақаласымен қатыстым. Жүлделі марапат пен сый-сияпатты Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің және «AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошановтың қолынан алу бұйырды.
Еліміздің әр өңірінен келген жеңімпаздарды шын жүректен құттықтай отырып, қаламгерлерге қаламыңыз ұшталсын, әдебиетімізге, мәдениетімізге қосатын үлесіңіз қомақты болсын деймін! Сөз соңында, әрине, осынау әдеби доданың өткізілуіне мұрындық болған, руханиятымыздың дамуына үлес қосып, жас қаламгерлерге қолдау көрсеткен «AMANAT» партиясына алғыс білдіремін!
Абылай МАУДАНОВ,
ақын, сатирик, «Мағжан Жұмабаевтың
130 жылдығы» арнайы сыйлығының иегері:
– Жалпы, «Ұлы дала» әдеби байқауы жыл сайын қаламгерлердің шығармашылығына серпін беретін дәстүрлі әдеби бәйге алаңына айналып келеді. Елімізде осындай әдеби процестің бойына қан жүгіртетін байқаулардың көптеп болуы – құптарлық дүние. Себебі «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов кешегі байқау қорытындысында сөйлеген сөзінде: «Біз кітаппен өмір сүрдік. Әдебиет бізге моральдық, рухани қалқан болды. Ал рухани қалқан дегеніміз не? Ол – жастарды, өскелең ұрпақты дұрыс жолға бағыттап, бұрыс жолдан сақтайтын құндылықтарымыз. Бұрын қоғамды кітап тәрбиелесе, қазір интернет пен көше тәрбиелеп жатыр. Мұның жолы – жас ұрпақты отаншылдыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеу. Ал ол құндылықтардың бәрі – кітапта, әдебиетте. Бұл туралы Мемлекет басшысы да әрдайым айтып келеді», – деді. Бұл – өте орынды айтылған сөз. Мен әдеби байқауға «Аманат» атты поэмаммен қатыстым. Поэманың «Аманат» партиясына қатысы жоқ. Осы уақытқа дейінгі жазған дүниелерімді бір төбе санасам, бұл поэмамды бір төбе санаймын. Ертеректе жазылғанымен еш жерде жарияланбаған туындым еді. Жұлдызды сәті туған екен. Дәстүрлі әншілерден поэмамда қамтыған оқиға желісін естіп, әсерленіп, осы шығармамды жазып шықтым. Биылғы байқаудың бір ерекшелігі өңір-өңірлерде іріктеудің өтуі болды. Жүлдегер болғанымды естіп, қуанғанымды жасыра алмадым. Барша қаламгер әріптестерімнің шығармашылығына шабыт тілеймін.
Наурызбек САРША