Ақтауда халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі өңірлік филиалының кеңейтілген отырысы өтті.
Ақтауда тіл жанашырлары бас қосты
823
оқылды

Жиынға облыс әкімінің орынбасары Звира Есбергенова, қоғам қайраткерi, Қазақстан жазушылар одағының мүшесi Бектұр Төлеуғалиев, ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Сабыр Адай, «Ұлттық рух» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Аят Сүгірбай, мемлекеттік мекеме басшылары, Ш.Есенов атындағы Каспий технологиялар және инжиниринг университетінің филолог ғалымдары, зиялы қауым өкілдері, тіл жанашырлары, қоғамдық кеңес мүшелері, мәслихат депутаттары, мектеп педагогтері, жұмыс тобы, мен бұқаралық ақпарат құралдары өкілдері қатысты.

 – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Сындарлы қоғамдық диалог – Қа­зақ­станның тұрақтылығы мен өркен­деуінің негізі» атты халыққа Жолдауында «Қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретіндегі рөлі күшейіп, ұлтаралық қатынас тіліне айналатын кезеңі келеді. Мұндай дәре­жеге жету үшін бәріміз жұмыла жұмыс жүргізуіміз керек» деген болатын. Бұл бағытта өңірдегі Атқарушы органдардың өкілдері тіл жанашырларымен тығыз байланыс орнатып, жүйелі жұмыс жүр­гізіп келеді. Барлық аудан мен қала­да сыртқы көрнекі ақпарат құралдары мен сыртқы жарнама мәтіндерінің сауат­ты жазылуы мен орналасуына зерделеу жүргізіліп, әдістемелік көмек беріліп отыр. Осы мақсатта жыл басынан бері 177 қоғамдық орынға 14 мәрте зерделеу жүр­гізілді. Нәтижесінде, көрнекі ақпараты қате ресімделген 126 кәсіпкерлік субъек­тісіне әдістемелік көмек көрсетіліп, кемшіліктер түзетілді. Тіл тазалығы үшін күрес, сөз мәдениетін үлгілеу тек тіл сала­сы мамандарының мойнына артылған міндет емес, бұл барша азаматтардың ор­тақ парызы деп білемін. Әсіресе, осы ба­ғытта халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамы­ның жауапкершілік жүгі зор деген ойдамын, – деді Звира Есбергенова. 

Сонымен қатар жиын барысында ха­лық­аралық «Қазақ тілі» қоғамы» МОФ-ның төрағасы Наурызбек Көлдеубаев «Қазақ тілі» қоғамы» қоғамдық бірлестігі туралы айтып өтті.

– Биыл 21 шілде күні Астана қала­сында халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы­ның кезектен тыс құрылтайында, қазақ тілінің қолдану аясын одан әрі кеңейту және білім беру саласындағы қазақ тілін оқыту сапасы, оқу сауаттылығын көтеру, қазақ тілінің кәсіпкерліктегі, ақпараттық тех­нологиялардағы қолданыс аясын кеңей­ту, көпшілікке, соның ішінде бала­ларға қажетті қазақ тілді мазмұнды арт­тыру, тілді үйренуге ортаға арналған көп­шілік жоба, қазақ тіліндегі маз­мұнды, цифрлы форматқа көшіру, мә­селелеріне ерекше ден қоя отырып, ғалым­дар, қоғам мүшелері, тіл жанашыр­ларымен жұмыс істелетіні туралы айтыл­ды. Аталған міндеттерді іске асыруға қажет­ті ғылыми-әдістемелік, ұйымдас­тыру­шылық және ақпараттық шаралар мен жобалар кешені дайындалу үстінде. «Қазақ тілі» қоғамы  тіл тақырыбынан да бөлек, қоғамдық сананы жаңғырту, ұлттық мүдде мәселелері бойынша да ау­қым­ды істер атқарды. «Қазақ тілі» қоға­мы­ның облыстық филиалы 2022 жылдың 17 ақпан күні жергілікті Әділет депар­таментінен тіркеуден өтіп, қоғамының жарғысы мен ережесіне сәйкес өз жұмыс­тарын жүргізіп келеді», – деді халық­аралық «Қазақ тілі» қоғамы» МОФ-ның төрағасы Наурызбек Көлдеубаев. 

Сондай-ақ жиын барысында қоғам­ның аудан, қала бойынша «Қазақ тілі» қоғамы төрағаларының жұмыс есептері тыңдалды. Іс-шарада Жергілікті атқару­шы органдардың ықпал ету шараларының арқасында, қазір Ақтау қаласындағы ірі азық-түлік орталықтарында, супермаркет желілерінде тауар туралы ақпараттарды қазақ тіліне аудару жұмыстары жүргізіліп жатқаны айтылды. Облыстық музыкалық драма театры қойылымдарының 95%-ы, 8 басылымның жетеуі қазақ тілінде екені мәлім болды. Облыстық телеарна бағдар­ламаларының да 90 пайызы қазақ тілінде жүргізіліп келеді. Жыл сайын облыстың барлық ұйымы мен мекемелерінде Қазақ­стан халқы тілдері күніне 400-ге жуық іс-шара ұйымдастырылады. Мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдері, 5 қыркүйек – тіл мерекесіне орай ұйым­дас­тырылған байқаулардың жеңімпаздары туралы Qazaqstan ұлттық арнасында, жергілікті Mangystau арнасы, «Маңғыс­тау», «Огни Мангистау» газеттеріне 30-ға жуық материал жарияланған.