Республика көлемінде Ақтөбе облысы аумағы жағынан инвестициялауға тиімді және қолайлы өңір саналады. Сонымен қатар өңірдің экономикалық-географиялық жағдайы және минералды-шикізат базасының мол қоры инвесторлар назарына іліккен. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, Ақтөбе өңірінде инвестиция тарту бойынша жүйелі жұмыс жүргізіліп жатыр. Бірқатар маңызды және ірі инвестициялық жоба іске қосылған. Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаровтың айтуынша, биыл облыстың экономикасына 804 млрд теңге инвестиция тартылып, өсім 8,2%-ды құрады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1,1 трлн теңгеге дейін жеткізу жоспарда бар.
– Атап айтқанда, өңірдің экологиясын жақсартатын ERG компаниясының Дөң тау-кен байыту комбинатында 1973 жылдан бастап жиналған шламдарды қайта өңдеу фабрикасы, қажетті мұнай жабдықтарымен ішкі нарықты қамтитын мобильді бұрғылау қондырғыларын өндіру зауыты, мал азығы құрама жем сияқты өнім шығарып, Ақтөбе ғана емес, Батыс Қазақстан өңірлерін де қамти алатын Ново-Альджан комбинатының жаңа цехы іске қосылды», – деді спикер.
Облыс басшысының айтуынша, ERG, СНПС-Ақтөбемұнайгаз және Ақтөбе мыс компаниялары 200 млрд теңгеден астам қаражатқа кәсіпорындарында жаңғырту және кеңейту жұмыстарын жүргізді. Ол келер жылы жалғасын табады. Алдағы 4 жылда 4,1 трлн теңгеге 51 ірі инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр.
– Энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін ERG компаниясының жел электр стансасы, қой жүнінен жылуды сақтайтын құрылыс материалдарын шығаратын бірегей зауыт, облыстың цемент материалына деген қажеттілігін толығымен жабатын 1 млн тонна өнім шығаратын QazCement Industries зауыты, электроника өндірісінің негізін құрайтын никель-кобальт кендерін өңдеу зауыттары, металлургия саласында AltynEx Company алтын өңдеу фабрикасын іске қосу жұмыстары жүзеге асып жатыр, – деді А.Шахаров.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өткен аптада өңірге жұмыс сапарымен барып, жергілікті инвестициялық әлеуетті арттыруды тапсырған болатын. Облыс әкімінің айтуынша, қазір жергілікті инвестициялық әлеуетті арттыру бағытында жұмыстар қолға алынып жатыр. Сонымен қатар Мемлекет басшысының Ақтөбе әуежайында мультимодальды орталық құру тапсырмасына сәйкес, Көлік министрлігімен бірлесіп, шетелдік инвесторлармен келіссөздер жүргізілуде.
Шаруаларға қаржылай көмек көрсетілді
Ақтөбе облысында ауыл шаруашылығын дамыту бағытында да жүйелі жұмыстар атқарылып жатыр. Ауыл шаруашылығы секторына мемлекеттен 14,5 млрд теңге қаражат қарастырылды. Бұл ақша есебінен мал және өсімдік шаруашылықтарына айтарлықтай қолдау көрсетілді.
Өңір басшысы брифинг барысында биыл ауа райының қолайсыздығына байланысты ауыл шаруашылығы саласында бірқатар қиындық туындағанын айтты. Әкімнің айтуынша, қиын жағдайда қалған шаруалардың мал азығы шығындарын өтеуге жергілікті бюджеттен қосымша 2,9 млрд теңге қарастырылған. Көрсетілген мемлекеттік қолдаудың нәтижесінде, 2023 жылдың 10 айында 397 млрд теңгеге өнім өндірілген.
– Мал шаруашылығы саласында төрт түлік малдың орташа есеппен 108% өсімі сақталды. Өсімдік шаруашылығына қатысты айтсақ, 747 мың гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдары егілді. 429 мың тонна дәнді-дақыл жиналып, орташа өнімділік гектарына 10,2 центнерді құрады. Алайда ауа райының қолайсыздығына байланысты 19 мың гектар егін жиналмай қалды, – деп мәлімдеді аймақ басшысы.
Әкімнің айтуынша, жергілікті фермерлер «Ауыл аманаты» бағдарламасын да тиімді пайдаланып отыр. Бұл жоба шаруаларға, шағын және орта бизнеске барынша қолдау көрсетуге бағытталған. Осы бағдарлама аясында 2023-2024 жылдарға республикалық бюджеттен 19 млрд теңге қаражат бөлінді. Белгілі болғандай, бүгінде құны 7,3 млрд теңгеге тең 1620 жоба мақұлданды.
Үлескерлер үміті ақталады
Ақтөбе қаласында шешімін таппаған «сақалды құрылыс» мәселесі әлі де бар. Бүгінге дейін 540 үлескер 11 тұрғын үйге сомасы 3,5 млрд теңге қаражатын құйған. Бұл нысандардың құрылыс жұмыстары әлі күнге дейін аяқталмай отыр. Өңір басшысының айтуынша, қазір 11 проблемалық нысан басшылырына қатысты қылмыстық істер қозғалды. Оның ішінде 6 тұрғын үй бойынша тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ал 5 нысан бойынша істер сотқа жолданды. Қиын жағдайға тап болған азаматтарға қолдау көрсетіліп жатыр.
Әкім есебіне сәйкес, өткен 10 айда қаржыландыру көздері есебінен 818 мың шаршы метр тұрғын үй халық игілігіне берілді. Ал жыл соңына дейін бұл көрсеткішті 1,3 млн шаршы метрге дейін жеткізу жоспарда бар. Бюджеттік қаражат арқасында биыл әлеуметтік тұрғын үй құрылысы арқылы 974 пәтер пайдалануға берілмек. Бұдан бөлек, әлеуметтік осал топтар мен көпбалалы отбасылар үшін 360 дайын пәтер сатып алынған.
Тілекгүл ЕСДӘУЛЕТ