Газа секторынан барлығы 127 адам елге оралды.
Газа секторынан барлық қазақстандық эвакуацияланды – Сыртқы істер министрі
Фото: akorda.kz
661
оқылды

Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Газа секторынан Қазақстан азаматтарын эвакуациялаудың қалай өткенін айтып берді, – деп хабарлайды Aikyn.kz «ҚазАқпаратқа» сілтеме жасап. 

− Газа секторында отандастарымыздың едәуір бөлігі тұратынын ескере отырып, Сыртқы істер министрлігі Қазақстанның мемлекеттік органдарымен бірлесіп, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүддесінде ұрыс аймағынан эвакуациялық ұшулар ұйымдастырды. Олардың отбасы мүшелерін қосқанда 127 адам елге оралды, – деді Мұрат Нұртілеу.

Оның мәліметінше, Газада бір Қазақстан азаматы мен оның 10 отбасы мүшесі – өз еркімен көшіруден бас тартқан Палестина азаматтары қалды.

– Министрлік пен шетелдік органдар жағдайды бақылауды ұстап отыр. Олар Қазақстан азаматтарынан шығару туралы өтініштер түскен жағдайда эвакуациялауға дайын. Сондай-ақ Газа секторындағы гуманитарлық жағдайдың нашарлауына байланысты Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Газа тұрғындарына бір миллион тонна гуманитарлық жүк және 38 миллион доллар көлемінде гуманитарлық көмек жібергенін еске салғым келеді. Бұл азық-түлік тауарлары, төсек-орын жабдықтары, дәрі-дәрмек және медициналық мақсаттағы бұйымдар, − деп атап өтті СІМ басшысы.

М.Нұртілеу отандастарымыздың туған жеріне сәтті эвакуацияланып, гуманитарлық жүктердің жеткізілуі Қазақстан Республикасының тартылған мемлекеттік органдары мен шетелдік мекемелердің бірлескен жұмысының нәтижесі екенін атап өтті.

Еске салайық, 17 қарашада Қазақстан билігінің алғашқы эвакуациялық ұшағы 99 азаматты, оның ішінде 59 Қазақстан Республикасының азаматы және 40 шетелдікті отбасымен бірге отанына сәтті жеткізді. Екінші рейс 11 желтоқсанда Мысырдан оралып, Астанаға 28 адамды, оның ішінде 8 Қазақстан Республикасының азаматы және 20 палестиналық отбасы мүшелерін әкелді.