Қарағанды қаласындағы Е.Бөкетов университетінде ғылымға сү­белі үлес қосқан ғұлама ғалым, әдебиет әлеміне өзінің қол­таң­ба­сын қалдырған шығармашыл тұлға Евней Арыстанұлы Бөкетовтің өт­кен жолын, бай мұрасын, терең тағылымы мен ұлағатын еске алу мақ­сатында «Ғалым. Ректор. Тұлға» атты деректі фильм көпшіліктің на­зарына ұсынылып, «Біртуар Бөкетов» кітабының тұсаукесер рә­сімін өткізді.
«Біртуар Бөкетов» кітабының тұсауы кесілді
1,457
оқылды

«Біртуар Бөкетов» деректі роман-эссе кітабы Бөкетов университетінің бас­­­­паханасынан 1 000 данамен басылып шық­ты. Студент кезінде ғалымнан дәріс тың­дап, өмірлік тағылым алған шәкірті, сол ұстазының ұлағатты да шерменді өмі­ріне тағдыр жазуымен куә болған ин­женер-жазушы Медеу Сәрсеке да­рын­ды ғалым һәм көрнекті қаламгердің ғұ­мыр жолын өзіне мәлім деректер мен алуан оқиғалар арқылы қайыра жаң­ғырт­ты. 

Автордың айтуынша, осы жолғы ба­сы­лымға Мәскеудің «Молодая гвардия» бас­пасынан шығатын «ЖЗЛ» топта­ма­сы­ның 2007 жылғы «Евней Букетов» ғұ­­­мырнамасы негіз болған. Сол ба­сы­лым­ның ғылыми hәм әдеби рецен­зент­тері – Т.Савченко, В.Малышев және С.Исабаев. 

Шараға Евней Бөкетовтің немере қа­рындасы Нұрсұлу Бөкетова, ғалымдар, ақын-жазушылар, студенттер қатысты. Замандастары, шәкірттері, етене жақын араласқан таныстары ғалым туралы жылы естеліктерін айтты. Жиында сөз ал­ған Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Ерлан Құсайын: «Өткенге үңіліп, тарлан та­рихты таразылап қа­ра­саң, сол көш көз алдыңнан көлбеңдеп өте береді, кете береді. Бүгінде еске алып отыр­­ған аяулы ұстазымыз, қазақтың ғұ­лама ғалымы, қазақтың маңдайына біт­кен аяулы перзенті Евней Арыстанұлы­ның өмірден өткеніне тура 40 жыл бол­ған екен. Осындай игі шараға мұ­рындық бо­лып, деректі, танымдық фильм түсі­ріп, ғажап тарихи кітапты шығарып жат­қан университет басшылығына ал­ғы­сымызды білдіреміз. Мен үшін бір ға­жап дүние – Евней Арыстанұлының кі­сілігі мен кішілігі, бойына біткен мә­дениеті, қалдырған мол мұрасы дер едім. Елінің қамын ойлаған ерлеріміздің есімі ел жадында мәңгі сақталады», – деді.

Жиын барысында қонақтар тоқсан жас­тың төріне тақаған жазушы Медеу Сәр­секенің видеосәлемдемесін тың­да­ды. Автор жуықта қайыра редакциялаған Евней Бөкетов жайлы деректі роман-эс­сенің соңғы нұсқасы еш өзгертусіз басы­лып шыққанын айтып, университет бас­шылығына ризашылығын білдірді.

Әдебиет БЕЛГІБАЙҰЛЫ