Оның әрқайсысы атқарған миссиясы тұрғысынан ғасырдың жүгін арқалап тұр» деген еді. Биыл еліміз өз Тәуелсіздігінің 32 жылын аяқтады. Демек, тұтас ғасырдың үштен бір бөлігіне жуық дәуірді абыроймен еңсерді.
Әдетте тәуелсіздік жайлы сөз еткенде азат болғанымызды, салтымыз бен санамыз, дәстүріміз бен мәдениетіміз, дініміз ден діліміз қайта оралғанын сөз етеміз. Рухымыздың асқақтағанын да талай паш еттік. Спорттағы, еңбектегі, әдебиеттегі азды-көпті жетістігімізді тілге тиек етеміз. Дегенмен Тәуелсіздік күні өткен жылдардағы экономикалық жеңістер мен жетістіктерді әңгімеге арқау етуге түрткі. Себебі оның артында әрбір қазақстандықтың ерлікке лайық ерен еңбегі, күш-жігері тұр.
Сандар сөйлесе!
Нақты бір сан көп жайттан хабар береді. Кеңес одағы күйреген соң, 1991 жылы азаттық алған Қазақстанның жалпы ішкі өнімі (ЖІӨ) небәрі 24,9 миллиард долларды ғана құрапты. Бұл – әлемдегі ірі автоконцерндердің капитализациясынан да төмен еді. Яғни, тұтас ел бір компанияныкінен аз қаржыға өмір сүруге мәжбүр болды.
Ұлттық статистика бюросының дерегінше, бүгінде 2023 жылы Қазақстанның ЖІӨ-сі 104 миллиард 560,6 миллион долларды құрады. Бұл көрсеткіш жөнінен республикамыз дүниежүзінде 65-ші орынға жайғасты.
Ал Дүниежүзілік банк түзген «сатып алу қабілетінің партитеті негізіндегі, ЖІӨ шамасы» (GDP) бойынша рейтингте Қазақстан 41-ші орынға көтерілді. Мемлекетіміз Ирландия, Аустрия, Гонконг, Израиль, Португалия сияқты елдерді артқа тастады.
Экономика ғылымдарының докторы Арыстан Есентүгеловтың дерегінше, өткен ғасырда Қазақстанның өнеркәсіптік өнімінің жалпы көлеміндегі өндіруші сектордың үлесі орташа одақтық деңгейден 2 есе жоғары болды. Яғни, «шикізаттық ел» болдық.
Ал өңдеу өнеркәсібі керісінше, кенже қалды. Тіпті, екпінді дамыды деген машина жасау саласы да негізінен дайын өнімді емес, одақтық бұйымдардың тек құрауыштарын немесе түрлі аралық өнімдерін ғана шығаратын. Салдарынан экскаваторлардың, метал кесуші станоктардың, сорғылардың бүкілодақтық өндірісіндегі Қазақстанның үлесі – бар-жоғы 2%, ұсталық-престеуші машиналар жасауда – 3%, комбайндар өндірісінде – 4%, дайын прокатта – 4% және сол сияқты болып кете беретін.
Орталықтандырылған бөлініс бойынша Қазақстан өндірген бүкіл мұнайдың 71%-ын, мазуттың – 100%-ын, көмірдің – 43%-ын, темір рудасының – 55%-ын, синтетикалық каучуктың – 86%-ын, машиналар мен олардың жабдықтарының – 80-100%-ын, тракторлардың – 60%-ын, сондай-ақ астықты, қара, түрлі-түсті металдарды, тіпті тері мен жүнге дейін одақ алып қоятын.
Ғалымның түсіндіруінше, республикадан шикізат КСРО-ның өзге өңірлеріне су тегінге әкетілетін, ал олардан дайын өнімдер бірнеше есе қымбатқа жеткізілді. Мұндай деформацияланған экономикалық құрылым Кеңес одағының «тірі кезінде» республикааралық тауар айналымдағы алапат қайшылықтарға соқтырды және қазақстандық экономиканың еңсе тіктеуіне еш мүмкіндік бермеді.
Содан 90-шы жылдары одақ ыдырап, шаруашылық байланыстар үзілгенде Қазақстан экономикасы мүлдем тұралап қалды. Себебі оның шығаратын өнімдерін Ресей әкетіп, әрі қарай әлемдік қара базарға өзі сататын. Қазақстанның жаһандық нарықта орны да, тікелей сатып алушысы да болмады. Қазақтардың мұнай, көмір және басқа да шикізаттарын Ресей арқылы шетелге тасымалдауын Мәскеу бұғаттап тастады: одақтық мұнай құбырлары, темір жолдары, логистикасы және басқасы соның меншігіне өткен еді.
Кейін 2001 жылы қазақтың қара алтынын әлемдік тұтынушыларына жеткізу үшін еліміз Оманмен бірлесіп, «Каспий құбыр консорциумының» құбырлар желісін іске қосты. Бірақ оған дейін ұзақ он жыл бар еді.
Салдарынан тоқсаныншы жылдары кен орындарындағы өндіріс, алып-зауыт кәсіпорындардағы жұмыс жаппай тоқтады. Істеп тұрғандары өнімін өткізе алмай, қоймаларды толтырды. Мұның бәрі кез келген елді күйретіп, тарих көшінің жиегіне шығарып тастауы мүмкін еді. Дүниежүзіндегі тәуелсіздік алған 190-нан астам елдің тек жетпістейі ғана орнықты экономикаға ие. Қазақстан солардың қатарына ене алды.
Жаңғыру экономикадан басталады
Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Енді алдымызда болашақтың экономикасын жедел құру міндеті тұр. Оның негізін жаңа технологиялар, жасанды интеллект, жоғары еңбек өнімділігі және шығармашылық бастама құрайды. Бұл жұмыстарды атқаруда жастар шешуші рөл атқаруы керек. Мемлекет қоғамдағы конструктивті диалог пен ынтымақтастықты мақсатты түрде дамыта отырып, әрқашан жауапты азаматтарға арқа сүйейді. Біз дәйекті саяси жаңғыру үдерісін жалғастыра береміз, бірақ әлеуметтік антагонизмге, популизмге, ішкі жағдайдың тұрақсыздануына жол бермейміз. Елімізде үйлесім мен тәртіптің берік арқауы ретінде заң үстем құруға тиіс. Экологияны жақсарту алдағы онжылдықтағы мемлекеттік саясаттың негізгі басымдығы болады. Қазақстан цифрлық технологияны енгізу ісін жан-жақты күшейтеді. Біз қоғамда іскерлік рухы мен тәжірибесін одан әрі күшейтуді сөзбен емес, жасампаз ұлттың даңқын асыра отырып іспен көрсетуіміз керек», – деген еді. Сөйтіп, отыз жылда біршама табысқа жеткенімізбен, тоқыраған салалардың да болғанын тұспалдаған.
Сарапшылардың айтуынша, қазір экономиканы дамыту күрделене түсті. Әлемде геосаяси ахуал ушығып кетті. Мемлекеттер арасында нарықтар, ресурстар, капитал және басқасы үшін бақталастық күшейді. Жаһандық экономика және халықаралық еңбек нарығы түбегейлі өзгеруде. Технологиялық бәсеке қызып тұр.
Климаттың өзгеруі, азық-түлік қауіпсіздігі және демографиялық тұрғыдан орнықты даму ең өзекті мәселеге айналды. Бір сөзбен айтқанда, адамзат тарихында бұрын-соңды болмаған сын-қатерлер мен түбегейлі өзгерістер дәуірі басталды.
Соған қарамастан, Қазақстан экономикасының негізгі бағыттары бойынша жақсы көрсеткіштерді паш етуде. Ұлттық экономика министрлігінің дерегінше, 2023 жылғы қаңтар-қараша айларының қорытындысында ел эконо-микасы 4,9% өсті.
2023 жылғы қаңтар-қазанда сыртқы сауда тауар айналымы 2,6%-ға өсіп, 114 миллиард доллардан асты. Бұл – кезекті рекорд. Қазақ елінің сыртқы әлеммен сауда-саттығы бұрын-соңды мұндай межеге жетіп көрмепті. Соның ішінде экспорт та рекордтық шамаға, 65 млрд долларға жетті. Мұндағы өңделген тауарлар экспорты 21 млрд долларға жуықтады. Елдің алтын-валюталық қоры 100 миллиард долларға жуықтады. Бұл, ең алдымен, экономикалық тұрақтылығымыздың аса маңызды кепілі екені сөзсіз.
Мұндай аса маңызды шақта зор экономикалық серпіліс жасауға еліміздің толық мүмкіндігі бар. Осы орайда Қазақстанның серпінді дамуына Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың былтырғы Жолдауында жариялаған және биылғы Жолдауында толықтырылған «жаңа экономикалық бағдар» сүбелі үлес қосуға тиіс.
Мемлекет басшысы Қазақстанның жаңа экономикалық үлгіге өтуі батыл жүргізілетінін нықтады. Басты мақсат – қағаз жүзіндегі биік жетістіктерге қол жеткізу емес, шын мәнінде халықтың тұрмыс сапасын жақсарту болуға тиіс. Әділдік, инклюзивтік және үнемшілдік – жаңа бағдардың өзегіне айналады.
Ел Президентінің айтуынша, жаңа экономикалық саясат, Қазақстанның экономикалық дамуының жаңа парадигмасы «еліміздің бәсекелі артықшылықтарын тиімді пайдалануға және өндіріс саласындағы еңбек, капитал, ресурстар, технология сияқты негізгі факторлардың әлеуетін барынша ашуға негізделеді».
– Жаңа экономикалық бағдардағы басты қағидаттарымыз әділдік, ашықтық және шынайы бәсеке болмақ. Яғни, біз қазір жаңа экономикалық саясатқа жол ашып отырмыз. Негізгі, мақсат – ұлт байлығын әділ бөлу, инфрақұрылымды жедел жаңғырту, кәсіпкерлікке қолдау көрсету және елімізге ауқымды инвестиция тарту. Үкімет пен әкімдер Мемлекет басшысының тиісті нұсқауларын, тапсырмаларын мүлтіксіз орындауға міндетті. Бұл жұмыс парламенттің жіті бақылауында болуы керек. Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өзгерістердің игілігін жақын арада еліміздің барлық азаматы көруге тиіс, – деді Қ.Тоқаев.
Біз – 20 миллионбыз!
Жалпы, тәуелсіздік жылдарында Қазақстан қол жеткізген табыстарды сөз еткенде соңы 2 жылдағы реформалар мен жетістіктер бірден еске түсетіні бар. Ең алдымен демографиялық ахуалдың жақсарғанын атап өту қажет. Еліміз тоқсаныншы жылдарда аса ауыр демографиялық дағдарысты бастан кешіріп, көші-қонның теріс әсерін сезінгенімен, биыл халық саны 20 миллионға жетті. Сонымен бірге азаматтардың өмір сүру мерізімі де біршама ұзарыпты. Шамасы бұл үрдіс әрбір азаматтың денсаулығын жақсартуға бөлінген қомақты қаржы мен бұл бағытта атқарылған жұмыстардың нәтижесі шығар. Қазір елімізде азаматтардың орташа жасы 74,4 жасқа жетті. Бұл – ел тарихындағы рекордтық көрсеткіш.
Одан бөлек, алғаш рет жылдар бойы жинақталғанымен, қарапайым азамат нақты игілігін көрмеген Ұлттық қордағы қазына ел халқына арналатын болды. Дәлірек айтқанда Ұлттық қордан балалар үлес алады.
Президенттің бастамасымен алдағы жылда «Ұлттық қор – балаларға» бастамасы жүзеге асырылады. Бірер күннен кейін әрбір баланың есеп шотына Ұлттық қордың инвестициялық табысынан қаржы түсе бастайды.
Мемлекеттік саясаттағы маңызды бағыттың бірі – аймақтарды жан-жақты дамыту. «Қуатты аймақтар – қуатты мемлекет» дегеніміз – жалаң ұран емес. Бұл – Әділетті Қазақстанды құруға қажетті ең басты қағидат. Былтыр еліміздің әкімшілік-аумақтық құрылымына бірқатар өзгеріс енгізілді. Жаңадан үш облыс ашылды, жаңа аудандар құрылуда. Сол арқылы өңірлердің дамуына тың серпін берілді. Президенттің тапсырмасымен ауыл-аймақты дамыту тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжаттың мән-маңызы зор. Аймақтарда әлеуметтік, инженерлік және көлік инфрақұрылымын құру – басты міндет.
«Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы басталды. Осы жобаның аясында 655 амбулатория және фельдшерлік-акушерлік нысан салынады, құрал-жабдықпен толық қамтамасыз етіледі. Бұған қоса, 20 ауданаралық көпбейінді емхана ашылады, ал 12 емхана заман талабына сай жаңарады. Яғни, төрт миллионнан астам ауыл азаматына сапалы дәрігерлік қызмет көрсетіледі.
Елімізде «Жайлы мектеп» жобасы қолға алынды. 2026 жылға дейін барлық аймақта жүздеген жаңа мектеп бой көтереді. Ауылдарда 100 спорт орталығы ашылады. Сондай-ақ 650 мәдениет ошағы салынады және жөнделеді.
Ел игілігін елдің өзі көруі үшін кезінде жекеменшікке заңсыз өткен және шетелге шығарылған бірқатар актив мемлекетке қайтарылып жатыр. Парламент «Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару туралы» дербес заң қабылдады. Оның нормалары әкімшілік-билік ресурстарына иелік еткен немесе осындай қолдау алған олигополия субъектілеріне қатысты қолданылады. Сондай-ақ адал инвесторлардың мүдделері толығымен қорғалмақ.
Заңсыз иемделінген активтерді мемлекетке қайтару мәселелері жөніндегі комиссия, сондай-ақ бас прокуратура жанынан арнаулы комитет құрылды. Комитет шетелге шығарылған активтерді іздеу, заңсыз схемаларды әшкерелеу үшін жасанды интеллектіні пайдалану арқылы IT технологияларды қолданады.
Үкіметтің ресми дерегінше, бүгінде мемлекетке жалпы құны шамамен 1 триллион теңге тұратын құнды активтер – капитал, жылжымайтын мүлік, акциялар, кәсіпорындар, бағалы металдар мен асыл тастар қайтарылды. Соның шамамен 600 миллион доллары басқа юрисдикциялардан, яғни шетелден қайтарылған. Мысалы, Лихтенштейннен – 260 миллион доллардай, Аустриядан – 82 миллиондай, БАӘ-ден – 15 миллиондай, Гонконгтан – 2 миллион доллардың активі елге кері әкелінді. Мұндайда бұрынғылар «Қайтқан малда қайыр бар» дер еді...
Қандай ел боламыз?
Президенттің жаңа экономикалық бағдарының алар асуы биік: оның аясында Қазақстан Үкіметі экономикамыздың тұрақты өсімін 6-7 пайызға жеткізіп, 2029 жылға қарай ұлттық экономиканың көлемін 2 есеге ұлғайтуы шарт. Яғни, осы онжылдық аяқталар тұста бұл көрсеткіш 450 миллиард долларға жетуі тиіс. Бұл енді экономистер «Жоғарғы лига» деп атайтын топ-мемлекеттердің тобының биігі.
– Әрине, бұл – ауқымды әрі күрделі міндет. Бірақ біз еліміздің байлығын, табысын азаматтарымыздың арасында әділ бөлуіміз қажет.
Бір сөзбен айтқанда, экономикалық өсімнің игілігін әрбір азаматымыз көруі керек. Бұл – принципті мәселе. Еліміздің болашағы баянды болсын десек, бұл стратегиялық міндетті қалайда орындауға тиіспіз! – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осылайша, алдағы жылдарда экономиканы өркендетудің, халықтың әл-ауқатын көтерудің салмақты іргетасы бүгіннен қалануда. Атап айтқанда, 2024 жылы республикада кәсіпкерлікті дамытуға серпін беру үшін салалық ұлттық жоба аясында несиелердің сыйақы мөлшерлемесін субсидиялауға және кредиттер бойынша кепілдендіруге 258 миллиард теңге бағыттау жоспарланған. Биылғы жылы бұл мақсатта 234,2 миллиард теңге бөлінді.
Осының арқасында шағын және орта кәсіпкерліктің жалпы ішкі өнімдегі үлесі соңғы 5 жылда 8 пайызға өсіп, 36,5 пайызға дейін жетті. Салыстырсақ, Тәуелсіздік алған жылы елімізде ресми тіркелген шағын және орта кәсіпкерлік жоқ болатын.
Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыровтың айтуынша, бүгінде министрлік шағын және орта кәсіпкерлікті дамытудың бірыңғай бағдарламасын әзірлеп жатыр. Оның аясында қолдау шараларын көрсету тәсілдері түбегейлі өзгеруге тиіс. Атап айтқанда, өндірістер енді технологиялық күрделілік деңгейі мен бизнес санаттары бойынша сараланады.
«Негізгі, мемлекеттік қолдау бағдарламаларын қарасақ, оның ішінде «Бизнесті дамыту жол картасы – 2025», «Қарапайым экономика» және басқасы аясында 2010 жылдан бергі 14 жылдың ішінде жалпы 1,1 триллион теңге тікелей қаражат бөлінді, 153 мың жобаға қолдау көрсетілді. Осы жобалар 75 триллион теңгеге өнім шығарды. Мемлекеттік қолдау 170 мыңнан астам жұмыс орындарын сақтауға мүмкіндік берді. 130 мыңнан астам жаңа жұмыс орындары құрылды. 4,8 триллион теңге салық әкелді», – деді министр Ә.Қуантыров.
Осының бәрі – Азаттықтың жемісі мен жеңісі. Президентіміз айтқандай, біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрудамыз. Заң және тәртіп, өзара түсіністік, тілектестік пен жауапкершілік бәрінен биік тұратын тиімді мемлекет боламыз.
Елдос СЕНБАЙ