18 жастағы студенттің мәйіті бірнеше сағаттан соң табылған.
Шымкентте үйінді астында қалған студенттің өліміне қатысты тың дерек шықты
1,419
оқылды

Шымкентте видео түсіру үшін қаңырап тұрған мәдениет үйіне барып, үйіндінің астында қалған баланың өліміне қатысты қала тұрғындары айтып берді, – деп хабарлады Aikyn.kz КТК арнасына сілтеме жасап. 

Телеарна мәліметіне сүйенсек, қиранды арасынан екеуі аман шықса, медициналық колледжде оқитын 18 жастағы студенттің мәйіті бірнеше сағаттан соң табылған.

- Ғимарат Кеңес одағында салынған. Ол уақыттан бері қаншама құрылыс, ғимараттардың сапасы негізгі беріктігі ұстайтын, былайша айтқанда, балкалары. Оның бәрі қазір қолданысқа жарамайды. Оны толық қайта салу керек. Ескі ғимарат болғандықтан жарамсыз күйде болған, – дейді Шымкент қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің ресми өкілі Асқар Шәріп.

Жақын маңда тұратын студенттер қаңырап тұрған үш қабатты ғимараттың төбесіне шықпақ болғанда, ол опырылып түскен. Үйінді астында қалған 18 жастағы студенттің денесін иісшіл иттер бірнеше сағаттан кейін тапты. Жанында болған екі жігіт дін аман.

Тұрғызылғанына 40 жылдан асқан «Фосфоршылар» мәдениет үйі соңғы бірнеше жылдан бері қаңырап бос тұрған. Осы оқыс жағдайдан кейін қала әкімі қауіпті ғимаратты күндіз-түні полицейлер күзетеді деп есеп берді. Алайда жергілікті тұрғындар шаһар басшысының сөзін жоққа шығаруда.

– Оның айтып тұрғанының бәрі өтірік. Полиция болды, 2-3 жыл бұрын. Полиция емес, күзетшілер болды. Оның алдында бұл жерде полиция пункті тұратын. Екі жыл болды, ешкім жоқ. Кейде өздері сенбілік істей ме, біреулер кеп жинайды, болды, басқа ештеңе жоқ. Әсіресе жазда кешке таман бәрі осының төбесіне жиналады. Қай жағынан шығатынын білмеймін. Терезесінің бәрі быт-шыт қой, қай жер болса, сол жерден кіріп жүре береді, – дейді Серік Оразов.