Тәуелсіздік мерекесі күні «Мәңгілік ел дауысы» ұлттық караоке-шоуы астаналық көрерменнің көңіл хошын көтерді. Бұл шараны Астана әкім­дігі, Астана қалалық Мәдениет басқар­масы­ ұйымдастырды.
«Мәңгілік ел дауысы»: көрерменге қайталанбас сәттер сыйлады
1,400
оқылды

«Бірге ән сал!» ұранымен елорда тұрғындары мен қонақтарының басын қосатын ұлттық караоке форматындағы алғашқы концерт 2019 жылы ұйымдастырылған-ды. Шоу жанкүйерлері екінші рет сүйікті әншілерімен бірге ән салуға 2022 жылы, пандемиядан кейін жиналып, еліміздің ұлық мерекесі – Республика күнін атап өткен еді. Биыл да көрерменмен қосыла жанды дауыста ән шырқаған әншілер сахна төрін бимен көркемдеп, хит әндерді әуелетті. Ән мен көрермен арасында шекара болған жоқ. Ұлттық караоке-шоуы астана­лықтарға естен кетпес эмоция сыйлады.

Ұлттық шоу басталғанша, сахнадағы диджей еліміздегі және әлемдегі үздік әуендерді қойып, хит әуендерге ұлттық аспаптың үнін қосып қонақтарды ерекше құрметпен күтіп алып жатты. Концерт залының фойесінде суретке түсіп, ұйымдастырушылардың дайын­даған ойындар ойнап, көңіл көтерген көрермен өте көп болды.

Концертті Жансерік Бейсеев пен Жұлдыз Абдукаримова жүргізді. Кеш шымылдығын көрерменмен бірге Ayree ашты. Ол «Жылу бер» атты жаңа әнінің тұсауын кесіп, көп­ші-лікпен қосыла «Тұмандау» және «Жұлдызым», «Мұңайтпа енді» атты әндерін шырқады. Кеште Kalifarniya, Ayree, Мархаба Сәби, Қазыбек Құрайыш, Ерболат Құдайберген мен Alpha тобы, «Қазақстан дауысы. Балалар» танымал телевизиялық шоуының қатысушылары Рамина Сатыбалды мен Нұршат Құсанова өнер көрсетті. live форматтағы концертті талантты музыкант, композитор Әділжан Толықпаев жетекшілік ететін Saz&Soul тобы сүйемелдеп, Анатолий Фролов басқаратын АRTballet  ұжымының авторлық би қойылым­дары мен DJ Byke-тың ырғақты сеті кеш көр­кін қыздыра түсті.

«Қой, күрсінбе», «Қазақша» және «Ұнайды маған», Батырхан Шүкеновтің «Ғасырлық мұң» әндерімен көрермен көзайымына айнал-ған Мархаба Сәби: «Бүгінгі концерт бәрімізді жылытты деп ой­лаймын. Жанды дауыстың бәрі көңілден шыға бермейді. Бірақ шынайы ән бәріне ұнайды», – деді.

Әнде шекара болмайды. Ол уақытқа да бағынбайды. Әнде сезім бар. Әнге музыкаға құштар әрбір жанның жан тебіренісі, жүректегі қуанышы мен мұңы, тіпті елдің рухы мен арман-тілегі сыйып кетеді. Кезінде «Мен қазақпын» деп әуелете ән салып, көпшіліктің рухын көтерген Ерболат Құдайберген кештің нүктесін қойды. Ол жігіттердің атынан аруларға арнап «Ләззат алауын» шырқап берді.

Концерт барысында ұйымдастырушылар ұлттық караоке-шоуының алдағы іс-шаралары қалай өрбитіні туралы жоспармен таныстырды.

– 3 жыл қатарынан өтіп жатқан жобамызда биыл да адам лық толы болды. Ең маңызды ерекшелік – көрермен өзінің сүйікті әндерін жақсы көретін әртістерімен бірге орындауы. Караоке-шоуда қазіргі эстрададағы ең үздік, ең танымал әндер шырқалды, – деді ұйым­дастырушылар. 

«Мәңгілік ел дауысы» ұлттық караоке-шоуы 2024 жылы бірнеше қалада ұйымдас­тырылады деп жоспарланып отыр. Себебі караоке-шоуға көрерменнің қызығушылығы мен қолдауы жыл санап артып келеді. Сүйікті әншілерімен қосыла ән шырқаған көрерменнің бұл шоуға деген сұранысы ерекше. 100 пайыз тек саф таза дауыста орындалатын әндер көрерменге ұмытылмас сәттер сыйлайды.

Ұйымдастырушылар «Шоу жастарға драйв пен жақсы энергия беретінін» айта келе, әндердің қалай таңдалатыны туралы да айтып берді.

– Дәл қазір қандай әндер танымал соған басымдық беріледі. Әрине, біздің эстрадамызда ұзақ жыл бойы жүрген өнер иелері мен олардың хит әндерін ұмытпаймыз. Бүгін жастардың арманы орындалған күн болды. Бұл шараға жастардың ықыласы ерекше болды. Алдағы жоспарымыз тосынсый болғанын қалаймын, – дейді ұйымдастырушылар.

Кеш соңында хит әндерді ең шебер орын­даған қонақтарға естелік сыйлықтар табысталды.

Т.ЕСДӘУЛЕТ