Партияның шын мәніндегі мемлекет мүддесіне адал және қоғам игілігіне қызмет ететін ықпалды саяси күш ретіндегі мәртебесін қалыптастыруға партияның әрбір мүшесі, әрбір құрылымы жұмылдырылды.
Партиялық ықпал етудің маңызды әрі беделді тетіктерінің бірі – мемлекеттік өкілді органдардағы партиялық фракцияның әлеуеті. Халықтың мемлекеттік басқарудағы сенімді өкілі болып табылатын депутаттар партиялық фракцияға біріге отырып, осы саяси ұйымның тұғырнамасында, бағдарламасында, жоба-жоспарларында белгілеген міндеттердің еліміздің барлық аймағында нақтылы іске асырылуына жәрдемдеседі.
«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы облыстық мәслихаттағы, 17 аудан мен қаланың мәслихаттарындағы партиялық фракциялардың жұмысын үйлестіріп, билік пен қоғам арасындағы ықпалдастықты арттыруға үлесін қосып келеді. Облыстағы өкілді мемлекеттік органдар – мәслихаттар құрамында барлығы 268 депутаттан құралған партиялық фракциялар жұмыс жүргізеді. Оның ішінде Түркістан облысы мәслихатының 34 депутаты облыстық деңгейдегі партиялық фракцияны құрайды.
Партияның Түркістан облыстық филиалының төрағасы, облыстық мәслихат депутаты Алтынсары Үмбетәлиевтің жетекшілігіндегі партиялық фракция мәжілістерінде партияның сайлауалды бағдарламасында қамтылған міндеттердің іске асырылуы тұрақты қаралып, басымдықтарды орындауға жауапты жергілікті атқарушы органдардың есебі тыңдалды. Сондай-ақ фракциялық отырыстарда елді мекендерді ағын сумен қамту мәселесі, ауыл шаруашылығы құрылымдары мен диқандарға қарастырылған мемлекеттік қолдау ауыл-аймақтарды табиғи газ жүйелеріне қосу, «Жер аманаты» жобасының іске асырылуы, «Ауыл аманаты» бойынша ауыл тұрғындарының кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету, елді мекендерде денсаулық сақтау, білім беру, спорт нысандарының құрылысы, ауылдарда интернет сапасын арттыру сынды халық сұранысы артқан салалар бойынша жауапты мемлекеттік органдардың атқарып жатқан жұмыстары тыңдалды. Берілген ұсыныстардың орындалуы депутаттардың тұрақты бақылауына алынды.
Аудан, қалалар мәслихаттарындағы партиялық фракция отырыстарында депутаттар өздері сайлауға түскен аумақтар бойынша өзекті мәселелерді тізбектеп, олардың оңтайлы шешім табуында жергілікті әкімдіктердің даму бағдарламаларына тиісті түзетулер енгізілді. Тиісті аумақтың бюджеттік кірістер көлемін ұлғайтуда депутаттар ішкі резервтерді талдап-таразылауда жергілікті әкімдіктердің жауапты құрылымдары бойынша тыңдаулар өткізіп, қосымша кіріс көздерінің есепке алынуына ұйытқы болды. Сонымен қатар аудан, қала депутаттары жергілікті жерлердегі әлеуметтік маңызы бар нысандар құрылыстарының уақытылы жүргізілуін, елді мекендерде ішкі жолдардың жөнделуін, ауыл-аймақтарға ауызсу, газ жүйелерінің тартылуын, электр желілерінің жаңартылуын, экологиялық саясаттың тиімді іске асырылуын, мәдениет және спорт ұйымдарының қалыпты қызмет етуін бақылауда ұстап, туындаған мәселелер бойынша жедел іс-қимыл жүргізілуін үйлестірді.
Айта кету керек, биыл облыстық, аудандық және қалалық деңгейлерде партиялық фракциялардың 103 отырысы өткізіліп, партияның сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасының тармақтары бойынша 57 мәселе қаралды. Осы кезеңде сайлаушылардан келіп түскен мәслихат депутаттарының бақылауындағы 1 748 өтініштің 97 пайызы, яғни, 1 704 өтініш қолдау тауып, орындалған, қалған 44 мәселенің орындалуы депутаттардың және партиялық құрылымдардың бақылауына алынған.
Назгүл НАЗАРБЕК,
Түркістан облысы