Оқиға 25 желтоқсан күні Құрманғазы ауданында болған.
Атырау облысында өзенге құлап кеткен 2 адам құтқарылды
776
оқылды

Атырау облысында Шарон өзенінің мұзы ойылып, 64 жастағы әйел суға түсіп кетті. Артынша оны құтқармақ болған ер адам да мұз ойығына құлаған. Оларды полиция қызметкерлері құтқарып қалды, - деп хабарлайды Aikyn.kz

Облыстық Полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, оқиға 25 желтоқсан күні Құрманғазы ауданында болған.

«Жергілікті уақытпен кешкі сағат 19:20 шамасында Құрманғазы ауданында 64 жастағы әйел Шарон өзенінің келесі жағалауына өтпек болған. Алайда мұз ойылып, зейнеткер суға түсіп кеткен. Аудандық полиция бөліміне түскен хабарды естіген тәрбие және кадр бөлімшесінің инспекторы Роман Насихан жеке автокөлігімен оқиға орнына жеткен. Ол автокөліктен арқан алып, мұз үстіне шыққан. Сол сәтте көмекке келген өзге ер адам мұз ойығына түсіп кеткен», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.

Оқиға орнына жеткен патрульдік полиция бөлімінің қызметкерлері Артур Каримов, Нұрхат Зұлқаров, Әділбек Темірболат, Жандос Ибатуллаев, Амандық Айдыналиев пен учаскелік полиция инспекторы Дархан Аманғалиев өзенге құлаған әйел мен ер адамды құтқарып қалған. Оларға 28 жастағы жігіт көмектескен. Жұқа мұз үстіне бір уақытта 10-ға жуық адам шыққан сәтте мұз ойығы үлкейген.

Полиция аға лейтенанты Роман Насихан Шарон өзенінен құтқарылған әйел мен ер адамды жедел жәрдем бригадасын күтпей, жеке көлігімен аудандық ауруханаға жеткізді. Қазір 64 жастағы әйел дәрігердің бақылауында.