Бүгін Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов осы жылдың соңғы жалпы отырысында Палатаның жұмысын қорытындылады.
Мәжіліс спикерінің айтуынша, өткен жыл Қазақстан Парламентінің нағыз жаңару кезеңі болды.
– Көктемгі сайлау қорытындысы бойынша депутаттар құрамы айтарлықтай жаңарды. Мәжіліске алты саяси партия мен бірмандатты округтерден сайланған депутаттар келді. Бүгінде Мәжіліс түрлі көзқарас пен саяси пікірлер тоғысқан алаңға айналды. Бұл Президентіміздің саяси бағдарын жүзеге асыру жолындағы айтулы қадам болды. Мұның бәрі жұмысымызға тың серпін берді, – деді Мәжіліс спикері.
Мәжілісте сессия басталғалы бері Палатаның жұмысында барлығы 106 заң жобасы болды. 35 заң қабылданып, Сенатқа жіберілді. Мемлекет басшысы 26 заңға қол қойды.
– Заң шығару жұмысында біз Президенттің сайлауалды бағдарламасын іске асыруға, жыл сайынғы жолдауларында айтылған тапсырмаларын орындауға бар күш-жігерімізді салдық. Әділетті Қазақстанның негізі – сапалы әрі қоғамға қажетті заңдар. Соның бірі заңсыз шығарылған активтерді мемлекетке қайтару. Осы заңның арқасында елге 1 триллион теңге көлемінде активтер қайтарылды, – деді Ерлан Қошанов.
Бұдан бөлек, «Ұлттық қор – балаларға» заңы қабылданды. Депутаттардың бастамасымен жер қойнауы туралы заңнамаға түзетулер енгізілді. Енді жаңадан ашылған барлық ірі мұнай-газ кен орындарының 50 пайыз үлесі міндетті түрде мемлекеттің меншігінде болады.
– Бұл заң Президенттің «Қазақстанның бүкіл табиғи байлығы халыққа тиесілі» деген конституциялық бастамасын жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Зиянды жұмыс жағдайларында еңбек ететін азаматтарды әлеуметтік қолдау мәселесі шешілді. Сонымен қатар, бизнеске үлкен қолдау болатын заңды бүгін қабылдап отырмыз, – деді Мәжіліс төрағасы.
Ерлан Қошановтың пікірінше, биыл барлық фракцияның депутаттары өз сайлаушыларымен тығыз байланыста болып, ерекше қарқынмен жұмыс атқарды. Мәжілісте тұрғындардың көкейінде жүрген өзекті мәселелердің бәрі қаралды.
– Бұл министрлерге қойылған сұрақтарда да, заң жобаларын талқылау кезінде де, депутаттық сауалдарда да анық байқалды. Президентіміз айтқандай, пікірталас, дискуссия көшеде емес, Парламент қабырғасында болуы керек. Сол бастама іске асып жатыр, – деді Палата спикері.
Сондай-ақ Мәжіліс төрағасы сессия барысында барлығы 233 депутаттық сауал жолданғанын атап өтті.
– Парламенттік талқылаудың, депутаттық сауалдың мазмұны мен деңгейі жаңа сатыға көтерілді. Осылайша, бәріміз жаңа саяси мәдениет қалыптастыруға атсалыстық. Биыл депутаттар Мемлекет басшысының «Күшті Президент – ықпалды Парламент – есеп беретін Үкімет» саяси формуласын іске асыруға белсенді түрде үлес қосты. Келер жылы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың бастамаларын жүзеге асыру және халықтың мүддесін қорғау бойынша жұртшылықпен тығыз қарым-қатынастағы жұмысты жалғастыратын боламыз, – деді Ерлан Қошанов.
Сонымен қатар Мәжіліс төрағасы келесі жылдың басынан бастап депутаттардың сайлаушылармен кездесу үшін өңірлерге баратынын айтты.