Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті. Онда сенаторлар жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері туралы заңды қарады және депутаттық сауалдарын жолдады.
Экология туралы заң қаралды
431
оқылды

Отырыс барысында «Қазақстан Республика­сының кейбір заңнамалық актілеріне жер қойнауын пайдалану және экология мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң екінші оқылымда қаралды. Бұл құжат жер қойнауын пайдалану және экология салаларындағы заңнама­ны одан әрі жетілдіруге арналған.

Атап айтқанда, заң практикалық геологиялық барлау жұмыстарына жедел көшуді, сараптама мер­зімдерін 8-12 айға қысқартуды, әкімшілік шығын­дарды 2 еседен астам жоюды қоса алғанда, жер қой­науын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізу жағдайларын жақсартуға мүмкіндік береді.

Сенаторлар заң нормаларын талқылай келе, оны концептуалды түрде мақұлдады және оған бірқатар түзету енгізді.

Сенат депутаттары ұсынған өзгерістер жер қойнауын зерттеу жөніндегі уәкілетті органның есептерді тексеру рәсімдері бойынша халықаралық стандарттарды енгізуіне қатысты болды. Сондай-ақ есепте жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы мәліметтерді жасырғаны үшін жауапкер­шілікті күшейтуге қатысты өзгерістер де қарас­тырылған.

«Өзгерістер заңның жекелеген ережелерін же­тіл­діруді көздейді. Атап айтқанда, заңда жер қой­науын пайдалану саласындағы инвестициялық тар­тым­дылықты жақсартуға және осы бағыттағы саясаттың тұрақтылығын қамтамасыз етуге арнал­ған нормалар бар. Алдағы уақытта бұл заң елімізде жер қойнауын тиімді пайдалануға өз септігін ти­гізеді деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Талқылау нәтижесінде Сенат депутаттары аталған заңды Мәжіліске қайтару туралы шешім қабылдады.

Сонымен қатар палата отырысы кезінде сена­тор­лар депутаттық сауалдарын жолдады.

Закиржан Кузиев топырақтың күрт тозуына қатысты проблеманы көтеріп, алаңдаушылық біл­дірді. Осыған байланысты сенатор «Топырақты қор­ғау туралы» заң әзірлеуді және 2035 жылға дейінгі ұзақ мерзімді мемлекеттік ғылыми мақ­саттағы бағдарлама қабылдауды ұсынды.

Жанболат Жөргенбаев шаруалардың ауыл шаруашылығы кооперативтеріне бірігуі кезінде болатын мәселелерге назар аударып, аталған проб­лемаларды жүйелі түрде шешу үшін бірқатар ұсы­ныс айтты.