Энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы басшысының міндетін атқарушы Владислав Лукиннің айтуынша, өңірде оқыс оқиғада тиісті әрекет етіп, барлық қызметтің жұмысын үйлестіретін арнайы штаб жұмыс істеп тұр. «Бірінші кезекте әлеуметтік нысандар – аудандық ауруханалар, мектептер, балалар үйлері, орталық қазандықтар назарға алынды. Олар бірден қосымша жарық беру көздеріне қосылды», – деді ол.
Айта кетейік, боран кезінде 13 ауданның 181 елді мекені электр жарығынан ажырап қалған болатын. Электр сымдарының үзілуінен, шағын стансаларда сымдардың тұйықталуынан 14 590 абонент жарықсыз қалды.
Қазір үзілген электр желілерін анықтап, қалыпқа келтірумен «Севказэнерго» АҚ 55 апаттық-жөндеу бригадасы, сонша техника және «Көкшетау-Энерго» ЖШС 37 бригадасы мен 140 техникасы айналысуда. Әкімдіктің сағат 15.00-де берген мәліметі бойынша, әзірге 92 елді мекендегі 5 079 абонент жарықсыз отыр.