Иә, сонымен бүгінгі әңгіме ақын жөнінде.
Өрік гүлі
1,481
оқылды

«Ржавеет золото и истлевает сталь,

Крошится мрамор – к смерти все готово.

Всего прочнее на земле ПЕЧАЛЬ

И долговечней – царственное СЛОВО.

Анна АХМАТОВА

 

Жырсүйер қауымға ерте танылған Роза Сейілханның жүрегінен жарып шыққан әр өлеңі өзінің нәзік те сыршыл әлеміне қа­рай бастай ала жөнеледі. Қай өлеңіне үңіл­сең де көңілің алабұртып, мәртебелі поэзия әлемінің жіпсіз тұтқыны болға­ның­ды сезбей-ақ қаласың. Ығы-жығы әлемнен ығыр болып, кіршіксіз поэзия патшалы­­­ғының табалдырығынан аттап, ақынның өлеңдеріне бас қойсаң, іңкәр бір сезім, қоңыр мұң еріксіз баурап алады. Қоңыр мұң демекші, Жұмекен Нәжі­ме­деновтің «Қоңыр ағаш түбінде қоңы­райып, оты­райын деп едім сәл мұңайып», – дейтіні бар еді. Роза болса «Жұмекенмен сырласу» өлеңінде «Өмір дегенің мұң екен, аға», – депті. Бірақ төңкеріліп туған анау ай, кешігіп жеткен көктем, тау етегінде қалған балалық шақты ет-жүрегі елжірей аңсау, осының барлығы қоңырайған әлгі мұңды бір сәт сейілтіп, ақынның сағыныш кер­неген көңілін одан сайын бұлқынтып ала жөнеледі.

 «Жанымда сағыныш тұрады,

Сөксін жұрт, сөккісі келсе,

Сезім де жаңылыстырады,

Көшсін мұң, көшкісі келсе», –

деп қорғасындай мұң кешіп жүрген ақын сілкіне серпіліп, алдағы шуақты күндерге қарай талпына қол созады. Пәндәуи тір­ліктегі жан жабырқатар жайттар өмір шір­кін тек қана қара бояудан тұратын шығар деген де ойларға итермелейді. Іңкәр сезім бұлқынтқан ақын біз сезінген қара бояудың өзі әппақ әлемнен нәр алып тұрғанын қалайша дөп баса білген. 

«Қойыңдаршы,

Өмірге тиіспеңдер.,

Керемет қой, тау, дала, мүйіс-белдер.

Өмір деген берілген бір-ақ рет,

Гүлін жұлмай, жай ғана иіскеңдер».

Тым сезімтал ақын-жүрек көңіліңді қал­дырып, кіжінткісі кеп тұратын беу дү­ниені осылай өбектегенде Жаратқанның ғажап сыйы – сол өмірді жақсы көріп, аймалағың-ақ келеді. Тұрлауы жоқ ғұмыр­дың күрсінткен кезін емес, шаттық сыйлап, қуаныш кернеткен тамаша сәттері санаң­ның бір түкпірінен өрік ағашындай бүр жара бастайды. 

...Десек те, қоңырайған, мұңайған әлем­­­­­­нің кескініне жылы бір жымиыс енгі­зетін көктемгі даланы қаусыра құшақтап, тұншықтырып жатқан әр төбенің басын­д­а­­­­­­­­­­­­­­­­ғы сірескен қардың тас-талқанын шыға­­­ратын жып-жылы алтын күрек деген өршіл жел бар. Алтын күрек аймалаған өңір ерте­сіне өзгеше бояуға еніп, жолына зары­ғып қарағаныңды қалайтын паң көктемді бар сән-салтанатымен күтіп алуға қамданып-ақ кетеді. Кешегі иығын жұлып жеп, жан-жағын әбігерге салғанына мастанатын ақпанның ақ түтегі қайда... «Жабықпай­­­мын» атты өлеңді оқысам, сол алтын кү­рек­тің жып-жылы самалы дидарымды алыстан болса да аймалайды келіп. 

«Маған бақыт тілейтін бар адамды,

Көйлегімдей ұнатам киілмеген».

Осылайша, тебірене жөнелген ақынның ғаламат сезімі алтын күректей есіп, сіздің де өңірдің жусанды қырына қарай жүйтки жөнеледі. Ақ жол тілейікші, оған.

Ерекше талантты екеніне сөз бар ма, айрықша бауырмал, кіршіксіз достықты ба­рынша қадірлейтін біздің курста оқып, жанары жәутеңдеген, киіктің лағындай әсем де әппақ қыздарымызға өлең ар­­науы – айрықша қуантты. Жайнаның жы­миған гүл ернін, ерекше үнін, батылды­ғын жауқазын қыздарға үлгі етсе, айналайын Жанар­­ға бағыштаған өлеңі жастық шағың­да жүрегіңе мұң болып ұялаған сағыныш құрғырды қайтадан маздатуын қарашы. Жанар кеткен күні мұңның да көзінен бұлақ тамыпты. Жан дүниеңді әуре-сар­саң­ға салған осындай жайттарды жүрек-фильтрінен өткізген Роза ақынның «Өмірге тиіспеңдерші» деп өтінуінің өзі – рухтың мықтылығы ма екен...

Бес күн тірлік қой, оның да жартысынан көбі өтіпті. Бағалайықшы, бір-бірімізді. Таусылмайтындай көрінетін қызылды-жасылды дүние дөңгеленіп барып, ентігін басар-ау... «Таусылғанда талқаның пенде-ғұмыр, дөңге қарап жалған деп көрге енесің», – деп Роза Сейілхан жырлағандай талқаны құрғыр да таусылар. Тек осы бір жылт еткен тіршілік жарықтықтың жан дүние­­мізге алтын күректей жылылық сый­­лар әр сәтін қадірлеп өтейікші. Пышақтың қырындай ғана «Өрік гүлін» оқығанда, осындай ойлардың төңіректеп, жан-жақ­тан қаумалағаны бар. Өрік басқа жеміс ағаш­тарына қарағанда ерте гүлдеп, өрік ағашы отырғызылған бақтар 35 жылдан кейін жеміс бере бастайды дейді. Ендеше әдебиетке адалдығынан айнымай, өз әле­мінде өз мұңын өзі әлдилеп, оқырман­да­рын қуантып келе жатқан Роза досы­­­мыз­дың поэзияда бағындырар белесінің алда екеніне сенейік. 

Тағы да сол мұңы құрғыр алдыңнан кес-кестей береді. Бірақ мұңайған кезің болмаса, сәбидей шарықтаған сәттің қа­дірін сезер ме едік...

«Жылағаным мұңайып,

Кімге керек,

Арман құшам,

Жанымды гүлге бөлеп.

Бәрін қойшы,

Бір күні өтер, кетер,

Өлең жазсам деп едім,

Бір керемет».

Алла дұғаңды қабыл еткей, өмірді өлең деп ұққан, ғұмыры өлеңге айналған айна­лайын, Роза... 

Кенжебек ТҰМАНБАЙҰЛЫ