Ал ол жерге Мәжіліс, мәслихат депутаттары, әкім, министр сияқты жоғары жауапкершілікке ие лауазымды тұлғалардың қатысуы мұндағы жемісті әсерді еселей түседі. Оған жылжымалы, онлайн, оффлайн форматтарды қосыңыз. Осы ретте, қоғамдық қабылдаулар аясында «Құқықтық көмек», «Табысқа апарар жол. Жұмыс табуға көмектесіңіз» атты жобалардың да жүзеге асырылып жатқанын атай кеткен жөн.
Биыл партияның қоғамдық қабылдаулар алаңына жалпы саны 99,2 мың адам жүгінген екен. Соның ішінде Қоғамдық қабылдау кабинеттерінде 24 293 қабылдау өткізіліп, 65 077 адам қабылданған. Ал қаралған мәселелердің 55%-ы оң шешімін тапқан. Хабарласушы азаматтардың көтерген мәселелері көп ретте әлеуметтік қамсыздандыру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, тұрғын үймен қамтамасыз ету және жер телімдерін беру, жұмыспен қамту және денсаулық сақтау проблемаларымен байланысты болған. Осы ретте, ең бір нәтижелі кездесулер қатарында оффлайн қабылдаулар тұр. Оған партия ықпал еткенін де атай кеткен дұрыс. Мәселен, партияның қоғамдық қабылдауына хабарласқан көп адам ұзақ уақыт бойы жергілікті атқарушы органдар мен Орталық мемлекеттік органдардың басшыларының қабылдауына жазыла алмай жүргеніне шағымданған. Сол өтініштері бойынша қоғамдық қабылдау кабинеттеріне әкімдер мен министрлер шақырылды. Мәселен, қыркүйек айында Республикалық қоғамдық қабылдау алаңында Астана қаласының әкімі Жеңіс Қасымбек қабылдау өткізді. Сол сияқты 4 министр де азаматтармен кездесті. Осылайша, партия алаңында тұрғындар жоғарғы басшыларға көзбе-көз көкейлерінде жүрген сұрақтарын қоюға мүмкіндік алды.
Одан кейінгі кезекте мобильді қоғамдық қабылдау жұмысын айта кетуге болады. Ол дегеніміз бір орталықта, бір ғимаратта өтетін іс-шара емес, халықтың ортасына барып кездесу. Осы себеппен былтыр, яки 2022 жылдың 14 наурызы күні мобильді қоғамдық қабылдау топтары ұйымдастырылған. Мақсат – шалғай жатқан ауылдық елді мекендерге барып, ауыл тұрғындарының тілегін тыңдау. Осылайша, биыл 489 ауылда 357 қабылдау өтіп, 3 299 өтініш қабылданды. Оның ішінде 42% мәселе оң шешімін тапты.
«Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауылындағы мектепке күрделі жөндеу керек болатын. Ауыл тұрғындары бұл мәселені бірнеше рет көтерген екен. Бірақ тыңдар құлақ болмаған. Ал мобильді қоғамдық қабылдау тобы кездесу өткізгеннен кейін сең қозғалған. 650 орынға арналған мектепке осылайша көп ұзамай шатыр орнату, жарықтандыру, еден төсеу жұмыстары жүргізіліп, су құбыры, кәріз, бейнебақылау, жылу желілері тартылды. Жаңа оқу жылынан бастап, балалар күрделі жөндеуден өткен, жаңарып жаңғырған мектепке барады», – дейді Қостанай облысы Бейімбет Майлин ауданы қоғамдық қабылдау бөлмесінің кеңесшісі Айман Қадырова.
Мобильді қоғамдық қабылдаудың арқасында ауыл тұрғындары берген өтініштердің үлесі арта түскенін атай кету керек. Бір сөзбен айтқанда, Мққ ауыл тұрғындары үшін жеке сипаттағы мәселелерін шешуге ғана емес, ауылды дамытуға қатысты да мінберге айналды. Мәселен, 2021 жылы ауыл тұрғындарынан түскен өтініштердің үлесі 11,9 мың болса, 2022 жылы бұл 16,1 мың, ал 2023 жылдың 11 айында 17 мыңға жуықтады.
«Түркістан облысындағы Аққұм ауылының тұрғындары Құрасбек Тыныбеков атындағы орта мектептің спорт залын жөндеу және жаңадан акт залын салу мәселесін көтеріп жүргеніне көп болған екен. Партияның арқасында бұл мәселе де оң шешімін тапты. Енді жаңа оқу жылынан бастап мектептегі барлық іс-шара жаңа акт залында өтіп жүр», – дейді партияның Түркістан облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлмесінің меңгерушісі Берік Құлжанов.
Рас-ақ. Партияның халықпен етене жұмыс жүргізудегі ынтасын сөз еткенде, халықтың азаматтық бастамаларына да лайықты бағасын берген жөн. Өйткені қоғамның белсенді өкілдері болмаса, партияның біртарапты бастамалары «жартастан шыққан жаңғырықтай» боп қалары сөзсіз. Осы ретте, «AMANAT» партиясы осы бастамаларды нығайта түсуі үшін түрлі жобаны қолға алуда. Олар – жетістіктерді бекітудің бір нышаны ретінде танылған «Құқықтық көмек» және «Табысқа апарар жол. Жұмыс табуға көмектесіңіз» жобалары. Соның ішінде «Құқықтық көмек» жобасы аясында «AMANAT» партиясы мамыр айында құқықтық сауаттылықты арттыру және құқықтық мәселелер бойынша кеңестер беру мақсатында Республикалық заңгерлер колледжімен, Республикалық нотариаттық палатамен, Республикалық заң консультанттары колледжімен және «Халықаралық медиация орталығы» РҚБ-мен меморандумға қол қойды. Сол кезде партия жобаның 1 000 қабылдауын өткізуді жоспарлаған еді. Әйтсе де, 2023 жылы 2 116 қабылдау жүргізілгенін және ол қабылдауға 5 831 адам келгенін ескерсек, бұл – мұндағы сұраныстың өзектілігін білдірсе керек. Бұл қабылдауларда 761 өтінішке толық құқықтық қолдау көрсетілсе, 830 азаматқа құжаттарын рәсімдеуге, ал 395 азаматқа медиация келісімін жасауға көмек көрсетілді, 3 845 өтініш бойынша ауызша кеңес берілді.
«Партиялық жобаның арқасында біз көптеген адамның мәселесін шешуге көмектестік. Мәселен, Павлодар облыстық филиалының қоғамдық қабылдау бөлмесіне бір әйел көмек сұрап жүгінді. Ол ұлының әскерге шақырылғанын, бірақ несиені төлеудің кешіктірілігеніне байланысты өсімпұлдың тоқтатылмағанын айтты. Қабылдаудан кейін 4 банк әскерге шақырылған қарыз иесінен несиені өтеу үшін ақша алу және кешіктірілген төлемақыны алу тәртібін тоқтатты», – дейді партияның Павлодар облыстық филиалы қоғамдық қабылдау бөлімінің меңгерушісі Бағлан Айсақова.
«Табысқа апарар жол. Жұмыс табуға көмектесіңіз» – бұл партияның сайлауалды бағдардамасындағы негізгі тарауға жататын басты мақсаттарының бірі бойынша бастау алған жоба. Айталық, қоғамдық қабылдау орталықтары азаматтардың өтініштерін үнемі зерделеп, ай сайын талдау жүргізіп, негізгі мәселелерге тоқталып отырады екен. Соның ішінде жыл сайын жұмыссыздар санының айтарлықтай өсуі байқалған. Ал жұмыссыздық дегеніміз – бүгінде өзекті мәселелердің бірі. Жастар жұмыс тәжірибесінің жоқтығынан жұмысқа орналасуда қиындықтарға тап болады. Одан бөлек, азаматтардың күнделікті кездесетін мәселелері тағы бар. Республикалық қоғамдық қабылдау қызметі әрдайым ел тынысын назарда ұстайтындықтан, осының бәрін екшей отыра, 20 қыркүйекте «Табысқа апарар жол. Жұмыс табуға көмектесіңіз» жобасын қолға алған екен.
«Бүгінде партияның облыстық филиалдарының қоғамдық қабылдауларында 70 қабылдау өткізіліп, 408 адам қабылданып, оның 117-сі, яки 29%-ы жұмысқа орналасты. Бұл көрсеткіш аз шығар, бірақ партияның бастамасы мен әрекетінің арқасында бұл адамдар жұмысқа орналасқанының өзі үлкен жетістік. Осы ретте, бірнеше адамның мәселесі сол жерде шешілгенін атай кеткім келеді. Мәселен, университетті дизайнер мамандығы бойынша тәмамдаған жас жігіт сол «Тұран Астана» университетіне баспагер болып жұмысқа орналасты. Айтпақшы, ол бір жылдай жұмыс таба алмай жүрген болатын, өйткені тәжірибесі жоқ. Сондай-ақ «Биг Стар» ЖШС-на менеджер болып қабылданған жас қыз Аиданы да жұмысқа орналастыру мәселесі осы алаңда шешілді», – дейді партияның Республикалық қоғамдық қабылдау қызметінің меңгерушісі Әлия Садырбаева.
Тоқ етерін айтқанда, қоғамдық қабылдау қызметі тек өңірлермен шектеліп қалып отырған жоқ. Мұнда кезінде Парламент Мәжілісінің және барлық деңгейдегі мәслихаттардың сайлауы кезіндегі қоғамдық қабылдаулардың жұмысы да жүзеге асты. Мәселен, жыл басында Парламент Мәжілісіне сайлау кезінде қоғамдық қабылдаулар ұсыныстар мен тілектерді жинауға тартылған болатын. Науқан кезеңінде партия барлығы 38 454 ұсыныс жинады. Ол үшін барлық қоғамдық қабылдау бойынша 6 407 іс-шара өткізілді. Алдағы жылы да осы жұмыстар жоспар бойынша жалғаса беретін болады.
Нұрлан ҚОСАЙ