Бірден 15 өңірдің жұртшылығына 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні, сағат 00:00-де сағат тілін 1 сағатқа кері жылжытуға тура келеді. Ғалымдар мен сарапшылар бүкіл елді бір сағат белдеуіне көшіруді қолдап отыр. Ал кейбіреулер үзілді-кесілді қарсылығын білдірді.
Жұрт неге алаңдайды?
Жергілікті уақыт Астанада, Алматы мен Шымкент қалаларында, сондай-ақ Абай, Ақмола, Алматы, Жамбыл, Жетісу, Қарағанды, Қостанай, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Түркістан, Ұлытау, Шығыс Қазақстан облыстарында өзгермек. Қалған бес облыс қана қазіргі уақыт белдеуінде қалады.
Ендеше 2024 жылдан бастап, еліміздің өңірлерінің басым көпшілігінің тұрғындары балабақшаға, мектепке, университетке, жұмысқа бару және басқа шаруалары үшін бір сағат ерте оянуға мәжбүр болады. Бұл халыққа ұнап тұрған жоқ.
Сондықтан арнайы құрылған Уақытты есептеу тәртібі бойынша ведомствоаралық жұмыс тобы «UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшуді» түсіндіру үшін аталған 15 өңірді аралап, қоғам белсенділерімен, медицина қызметкерлерімен, билік органдары жанындағы қоғамдық кеңестер мен қоғамдық бірлестіктер басшыларымен, сондай-ақ мәслихат депутаттарымен және ҚХА өкілдерімен кездесу өткізіп жатыр. Түсіндірмек ниетте.
«Мен сағат белдеуінің ауысқанына қарсымын! Қарапайым адамдарға мұның еш керегі жоқ. Өйткені күндізгі уақыт қысқарып қалайын деп тұр. Сонда бұл кімге пайдалы? Ақты қара, сұрды ала деп атап, халықты алдарқата беруді қою керек. Жұртшылықпен жүздесуге біз бұрын атын естімеген әлдебір «Жұлдыздар мен тұмандықтар физикасы» зертханасының өкілдерін, келімсек ғалымдарды, физик мамандарды әкеліпті, оларды дәйектемелері сын көтермейді. Бір «ақхалаттыларды» шақырыпты, олары: «сағат тілін ауыстырмасақ, қатерлі ісікке ұшырауларың мүмкін» деп қорқытады. Онкология белең алмау үшін экологияны жақсартпай ма?» – деді қоғам белсендісі Наталья Чайкина.
Жергілікті тұрғын Қанат Мәмбетов көп өңірде сағат тіліне сәйкес, таң тым ерте ататынын қаперге салды.
«Біздің Шығыс Қазақстан облысында онсыз да таң сағат 4-те атады. Уақыт «кері шегіндірілсе» бұдан былай күн сағат 3-те шығатын болады. Бірақ кім түнгі үште тұрады? Демек, жарық уақыттың тұтас 5 сағаты жұрт шырт ұйқыда жатқанда, босқа кеткелі тұр! Сарапшылардың айтуынша, шығыс өңірлерді және Алматы қаласын керісінше, қазіргі қысқы уақытта қалдырмай, жазғы уақытқа ауыстыру керек. Яғни, сағат тілін бір сағатқа алға жылжыту қажет. Сонда астрономиялық уақыт географиялық уақыт белдеуіне жақындайды. Сол себепті мен бірыңғай уақыт белдеуіне көшуге түбегейлі қарсымын!» – деді ол.
Қазақстандықтар «келер жылдан бастап, жұмыстан кейінгі «күндізгі жеке уақыт» қысқарады» деп мазасызданады. Өйткені кешкі 18:00-ден кейін жұмыстан шыққан еңбеккерлер үшін негізінен 1,5 сағат қана күндіз жеке уақытына қалғалы тұр. Содан кейін қала, ауыл қараңғылық құшағына енеді. Қазіргі кезде күндізгі жеке уақытқа шамамен 2,5 сағаттай бар. Оның күрт азаюы кеңселерде, сауда орындарында, жабық бөлмелерде, зауыт-цехтарда күн көзіне шықпай отыратын адамдар үшін бұл – салмақты «контраргумент» болса керек.
Бүгінде бүкіл елді біртұтас уақыт белдеуінде топтастыруға қарсылық танытуда, әсіресе шығысқазақстандықтар белсенді. Олар шығыс өңірлерді керісінше, бір сағат алға жылжытуды талап етуде.
Осы бастамаға Үкімет атынан жауапты Сауда және интеграция министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті Фесенков атындағы Астрофизикалық институт мамандарының ақпаратына сілтеме жасап, ШҚО тұрғындарының қаупін ішінара растады.
Институт дерегінше, мәселен, егер қазіргі уақыт қалса, онда 2024 жылғы 22 маусымда Өскеменде таң сағат 4:15-те атып, күн 20:43-те батады. Үкімет пен оның ғалымдары ұсынып отырғандай, сағат тілі кері шегерілсе, онда 2024 жылғы 22 маусымда таң 3:15-те атып, күн 19:43-те ұясына қонады. Ғалымдар Өскемен қаласы және бүкіл ШҚО UTC+5 пен UTC+6 уақыт белдеуінің шекарасында орналасқанына назар аудартты. Билік болса, оларды басыбайлы UTC+5 белдеуіне сығымдап енгізбек.
Үкіметтің дәйектемесі қандай?
Мемлекет тартқан сарапшылардың бірі, Шығыс Қазақстан облысының көпсалалы онкология және хирургия орталығы бас дәрігерінің орынбасары Анна Кухарева UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуіне көшудің пайдасын алға тартады.
– Қазақстанда бірыңғай уақыт белдеуін орнатудың «сөзсіз пайдасын» атап өткім келеді. Өйткені біздің пациенттер үшін табиғи және биологиялық белдеулерді синхрондау керек. Профилактика саласында физиологиялық ұйқының ұзақтығын қалыпқа келтіру маңызды. Дұрыс ұйқы адамның иммунитетіне оң әсер етеді. Иммунитеті жақсы қазақстандықтар созылмалы ауруларға бейім болмайды. Бізде бірыңғай сағат белдеуі енгізілсе, пациенттерімізге тағайындайтын дәрілік препараттарды қабылдау биологиялық уақыт белдеулеріне сәйкес, яғни тиімдірек жүреді, – деді А.Кухарева.
Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының төрағасы Денис Рыпаков қоғам тарапынан сын айтылып жатқанын жасырмады, бірақ оның пікірінше, қоғамдық пікірді өзгерту үшін түсініктеме жұмыстарын күшейткен жөн.
«Халық тарапынан: «Бұл бізге не үшін керек? Біз бұрыннан осы уақытта өмір сүріп жатырмыз, соған бой үйреттік» дегендей, көптеген қарама-қайшы пікір айтылып жатыр. Жұрт бір сағат бұрын тұру керектігіне, жарық күннің ертерек басталатынына алаңдайды. Бірақ бұл жерде біздің балалар бір сағат бұрын төсекке жатып, олардың ұйқысы қанатынын ескеру маңызды. Дәрігерлерден, хронобиология бойынша сарапшылардан, географтардан түсініктеме алдық», – деді депутат.
«Астана» медицина университетінің Қалыпты физиология кафедрасының меңгерушісі Курейш Хамчиевтің пікірінше, уақыттың дұрыс белгіленбеуі созылмалы шаршауға, түрлі аурулардың пайда болуына ықпал етеді.
«Көптеген өңірде десинхроноз болып тұр. Биологиялық ырғақтардың сәйкес келмеуі – ұзақмерзімді шаршаудың, депрессияның, ұйқысыздықтың және өнімділіктің төмендеуіне себеп. Мұның бәрі жүрек-қан тамырлары, қатерлі ісік және басқа аурулардың дамуы қаупіне түрткі болуы мүмкін. Циркадиялық немесе биологиялық ырғақтар өміріміздің ажырамас бөлігі. Циркадиялық стрестерге қарсы тұру өте қиын. Сондықтан бүкіл республика халқының табиғи ырғағын синхронизациялау қажет», – деді К.Хамчиев.
Сауда және интеграция министрлігі «Қазақстан Республикасының аумағында уақытты есептеу тәртібі туралы» Үкіметтің 2000 жылғы 23 қарашадағы №1749 қаулысына өзгерістер енгізу туралы» Үкіметтің жаңа қаулысының жобасын әзірледі. Құжат жаңа жылдың 1 наурызынан бастап, бүкіл Қазақстанды жалғыз ғана UTC+5 сағат белдеуінде топтастыруды қарастырады.
«Уақытты» біріктіру халықты біріктірмеді
Ведомствоның түсіндіруінше, Қазақстанда бүгінде екі сағат белдеуі UTC+5, UTC+6 қолданылады. Бұл ретте ел азаматтарының едәуір бөлігі өзінің географиялық уақытынан оза отырып, UTC+6 әкімшілік сағат белдеуінде өмір сүреді. Ғалымдардың пікірінше, озық уақытты қолдану – бірқатар аурулардың шиеленісу факторларының бірі.
Осыған байланысты Қызылорда және Қостанай облыстарының қоғам белсенділері, Парламент депутаттары уақытты есептеу мәселелерін мезгіл-мезгіл көтеріп отырды. Соның ішінде тек Қызылорда өңірінің тұрғындары ғана сағат тілін ауыстыруға қол жеткізе алды.
Әйткенмен, бұл мәселені кешенді пысықтау үшін Сауда және интеграция министрлігінің жанынан арнайы жұмыс тобы құрылды. Оның құрамына 60-тан астам мүше – ғылыми институттардың, медициналық жоғары оқу орындарының өкілдері, Парламент депутаттары, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың өкілдері мен қоғам белсенділері кірді.
Жұмыс тобының бастамашыл мүшелері арнаулы есепті әзірледі. Онда озық уақыттың әлеуметтік салдары адам ұйқысы қанбауының созылмалы сипат алуына, физикалық және ақыл-ой белсенділігінің, иммунитеттің төмендеуіне соқтыраты айтылған. Бұл есеп 1 желтоқсандағы жұмыс тобының отырысында қаралған. Нәтижесінде, есеп бекітілді және Қазақстанда UTC+5 бірыңғай уақыт белдеуін енгізу ұсынылды.
«Сарапшылардың пікірінше, елдегі уақытты есептеудің көрсетілген нұсқасы – ең дұрыс және қолайлы нұсқа. Қазақстанның көптеген өңірі үшін табиғи уақытқа өте жақын уақытты пайдалануға мүмкіндік береді. Осыны ескере отырып, еліміздің барлық аумағы бойынша UTC+5 бірыңғай сағат белдеуін қолдану ұсынылады. 15 өңір 2024 жылғы 29 ақпаннан 1 наурызға қараған түні жергілікті уақытты 1 сағат артқа жылжытуы керек. Жергілікті уақыт тек Ақтөбе, Атырау, Батыс Қазақстан, Қызылорда және Маңғыстау облыстарында өзгермейді, олар UTC+5 сағат белдеуінде қалады. Осылайша, Қазақстанның барлық аумағында 5-ші сағат белдеуі (UTC+5) қолданылатын болады», – деп хабарлады Сауда және интеграция министрлігі.
Айта кету керек, Үкіметтің қаулы жобасын «Ашық НҚА» порталында қоғамдық талқылау тоқтатылды. Құжат меморгандардың келісімінен өткен соң қабылдануы мүмкін. Алайда әлеуметтік желіде халық өз қарсылығын білдіруді жалғастырды. Қазақстан Үкіметінің «Бір белдеу, бір сағат» бастамасы айналасындағы пікірталас та келесі жылға көшетін түрі бар.
Елдос СЕНБАЙ