Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ мәдениет сарайында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен Түркістан облысы бойынша VIII шақырылымдағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының I облыстық форумы болып өтті.
Мемлекеттік мүддені мұрат еткен келелі жиын
1,091
оқылды

“AMANAT» партиясының ұйымдастыруымен биылғы жылғы 29 маусымда елордада барлық деңгейдегі мәслихаттар депутаттарының І республикалық форумы өткені белгілі. Форум жұмысына ҚР Премьер-Министрі, ҚР Мемлекеттік хатшысы, «AMANAT» партиясының өкілдері, Үкімет мүшелері және республиканың барлық өңірінен келген 2 мыңнан астам партия атынан сайланған депутаттары қатысты. Форумның панельдік сессияларының отырыстарында оған қатысушылар өзара тәжірибелерімен бөлісіп, өзекті сауалдарға жауап алды, орталық, атқарушы және өкілді мемлекеттік биліктің өзара ықпалдастығын арттыру идеялары талқыланды. Форум тәжірибесінің оң қыры есепке алынып, мұндай форматтағы жиындарды еліміздің барлық өңірлерінде өткізу дәстүрі қолға алынды.   

Белгіленген міндет шеңберінде бүгін Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ мәдениет сарайында «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалының бастамасымен Түркістан облысы бойынша VIII шақырылымдағы барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының I облыстық форумы болып өтті. Форум жұмысына Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды, облыстық мәслихаттың төрағасы Нұралы Әбішов, облыс әкімінің салалық орынбасарлары, облыстық департамент, басқарма басшылары, облыстық, аудандық, қалалық мәслихат депутаттары, партия филиалының басшылық құрамы, партиялық құрылымдардың жетекшілері, партия белсенділері, жастар қанатының өкілдері және журналистер қатысты.

Форум жұмысын «AMANAT» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының уақытша міндетін атқарушы Қалыйма Жантөреева ашып, жүргізіп отырды. Қалыйма Жантөреқызы Түркістан облысы бойынша VIII шақырылымдағы барлық деңгейдегі депутаттық мандат санының басым бөлігі «AMANAT» партиясы атынан сайланған депутаттар екенін атап өтті. Мәслихат депутаттарының қатысуымен өтіп жатқан форум өкілді және атқарушы билік тармақтары арасында тығыз байланыс орнатуға жәрдемші болатын және өзара әрекеттесе отырып аймақтың өзекті мәселелерін тиімді шешуге мүмкіндік беретін іс-шаралардың өзегі болатынын айтты.

Форум аясында өткен партиялық фракция отырысында партия бекіткен сайлауалды бағдарламаның орындалуы бойынша Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалдының хабарламасы тыңдалды. Өңір басшысы биыл Мәжіліс және мәслихат сайлауында тұрғындарымыз белсенділік танытып, өз таңдауын жасағанын айта отырып, өткізілген сайлауда «AMANAT» партиясынан 271 адам мандатқа ие болғанын жеткізді. «Сайлаушылардың көпшілігі «AMANAT» партиясының өкілдерін таңдады. Бұл  - жетекші партияға деген ел сенімі. Алғаш рет 2023 жылғы 5 қараша күні пилоттық режимде 4 аудан әкімдерінің сайлауы ұйымдастырылып, жауапты лауазымға халықтың таңдауындағы азаматтар келді. Сонымен бірге  аудандық маңызы бар қалалардың, кенттердің және ауылдық округтердің 45 әкімі сайланды. Сайланған 28 әкім «AMANAT»  партиясынан ұсынылған, 17-сі өзін-өзі ұсынған азаматтар. Күрделі саяси кезеңдерді түркістандықтар бірлігін сақтап, абыроймен атқара білді, – деп атап өтті Дархан Амангелдіұлы.

Облыс басшысы жергілікті билік өкілдері өңір халқымен тұрақты түрде кездесетінін айтты. Инфрақұрылыммен қамтамасыз ету, әлеуметтік мәселелер ең жиі көтерілетін халық сұраныстары екеніне назар аударды. Бұл сұраныстардың барлығы бюджеттен қомақты қаржыны талап ететінін айта отырып, қаржының мүмкіншілігіне қарай халық көтерген мәселелердің барлығы кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізді. Басты міндет  тұрғындардың әл-ауқатын жақсарту екенін, депутаттар мен жергілікті атқарушы органдар үйлесімді жұмыс жүргізсе, өңірдің дамуы серпінді болатынына назар аударды.

Облыс әкімі биыл 77 мың адам тұрақты жұмысқа орналасқанын атап өтіп, ауыл халқының табысын арттыруда «Ауыл аманаты» жобасы іске асырылғанын жеткізді. Пилоттық жобаға 64 ауылдық округ белгіленіп, 75 жаңа кооперативтер ұйымдастырылғанын айтып өтті. Жобаны іске асыру нәтижесінде 3 517 жаңа жұмыс орны ашылып, қосымша 30 млрд  теңгенің өнімі өндірілетінін айтты. Нарықты отандық өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік беретін 25 жоба толық іске қосылғанын жеткізді. 335 мың гектар жайылым жер мемлекет меншігіне қайтарылғанын жеткізіп, жылыжайлардың жылыту шығындарын субсидиялаудың жаңа ережесі бекітілгенін, бір орталықтан көмірмен қамтамасыз ету жұмыстары ұйымдастырылғанын мәлімдеді. Нәтижесінде, жылыжайлардың көлемі 1 640 гектарға жетіп, 140 мың тонна өнім жиналғанын хабарлады.    

Түркістан облыстық мәслихатының төрағасы Нұралы Әбішов мәслихаттың сегізінші шақырылымдағы депутаттар корпусы айқындаған жұмыс басымдықтарына тоқталып, атқарылып жатқан жұмыстардың маңыздылығын баяндады. Биыл  облыстық мәслихаттың 8 сессиясында түрлі салаларға қатысты маңызды мәселелерді реттейтін 115 шешім қабылданғанын жария етті. Сонымен қатар  сессияларда облыстық бюджетке өзгерістер мен толықтырулар енгізіліп, тиісті жылдың облыстық бюджеті 4 рет нақтыланғанын хабарлады. «Есепті кезеңде депутаттар халықты толғандыратын проблемаларды шешу үшін жергілікті атқарушы органдарға 238 депутаттық сауал жолданды. «AMANAT» партиясының қоғамдық қабылдау бөлмесінде депутаттар 1 324 қоғамдық қабылдау өткізіп, 4 561 азаматтың өтініштері тыңдалды»,–  деді Нұралы Әлмаханұлы. Мәслихат төрағасы мәслихаттардың беделі мен абыройы оның әр депутатының белсенділігіне, қарапайым халықпен тығыз қарым-қатынас жасауына тікелей байланысты екеніне назар аударып, «AMANAT» партиясының облыстық филиалына әр аудан, қалалардан сайланған депутаттардың белсенділігін көтеру, олардың нағыз халықтың жанашыры ретінде жұмыс істеуін қадағалап, тиісті шаралар қабылдауды ұсынды. 

Жиын барысында облыстық мәслихаттың депутаты, облыстық партия филиалы жанындағы Жастарды қолдау жөніндегі кеңестің төрағасы Ханай Әшірбеков форумның панельді  сессияларының тақырыптарымен таныстырып, жұмыс регламенті жөнінде хабарлама жасады.

Форумға қатысушы депутаттар Түркістан облысы әкімінің салалық орынбасарларының модераторлығымен өтіп жатқан 4 бағыттағы панельді сессиялардың мәжілісіне қатысып, өзекті деген сауалдар бойынша басқарма және департамент басшыларына тікелей сауалдар қоюға мүмкіндік алды. 

Панельді сессиялар барысында  аманаттық депутаттар өздері өкілдік ететін аумақтар бойынша түйіні тарқатылмай келе жатқан мәселелерді, оның ішінде тұрғындар тарапынан түсіп жатқан өтініштерді салалық мемлекеттік органдардың басшыларына жолдап, нақты жауаптар алды. Мәселен, Кентау қаласында көпқабатты тұрғын үй аулаларында ойын алаңшаларын салу, Төлеби ауданы бойынша Жаңажол елді мекенініндегі ауызсу проблемасы, Қасқасу елді мекенінде келіп тұрған табиғи газ жүйелеріне тұрғындардың толық қосыла алмай отырғаны және осы елді мекендегі тау шаңғы базасына баратын автомобиль жолының құрылысы мәселелері қозғалды. Сарыағаш ауданы Әлімтау ауылдық округін газбен қамту бойынша түрлі нұсқалар қаралғаны айтылып, қай нұсқа басымдыққа ие болғаны сұралды. Ордабасы ауданының Жұлдыз, Мәдениет, Ынтымақ елді мекендерін ауызсумен қамту, «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық автодәлізінің Екпінді елді мекені тұсында жаяу жүргіншілерге арналған аспалы көпір орнату мәселесі көтерілді.

Білім саласында таулы аймақ саналатын Қазығұрт ауданының мысалында интернет қолжетімділігін арттыру мәселесі қозғалды. Облыс әкімінің салалық орынбасарлары мен басқарма, департамент басшылары депутаттар көтерген әрбір мәселені мұқият тыңдап, жергілікті атқарушы биліктің осы мәселелерді тиімді шешудегі қадамдарын жария етіп, кешенді даму жоспарларының көрсеткіштерін баяндады. Осы және өзге де әр салаға қатысты өзекті мәселелер панельді  сессияларда қаралып, сала мамандарының жауаптары тыңдалды. Әрбір көтерілген мәселе облыс әкімдігінің және партия филиалының бақылауында болады.

Айта кету керек, Түркістан облысындағы барлық деңгейдегі мәслихаттарда «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері сайланбалы өкілді мемлекеттік органдар мүшелерінің жалпы санының 80,2 пайызын құрайды. Форумның негізгі мақсаты – барлық деңгейдегі депутаттардың мемлекеттік органдармен тиімді өзара іс-қимылы үшін, сондай-ақ өз қызметін жүзеге асыру кезінде тиімділікті арттыру үшін өкілді билікті дамыту. Түркістан облысының өкілді және атқарушы мемлекетік билік тармақтарының өзара ықпалдастығын арттыру міндетін көздейтін форум жұмысы аманаттық депутаттардың қызметін жандандыруға, халықтың партияға деген сенімін арттыруға, мәслихат депутаттары мен мемлекетік органдар арасындағы ашық әрі тиімді байланыс орнықтыруға жәрдемдесетін болады.