Бұл құзырлы органдардың назарын жедел шешуді қажет ететін мәселелерге аударуға мүмкіндік береді. Биыл VIII сайланым депутаттары жауапты мекемелерге жалпы саны 483 сауал жолдаған. Өзектілеріне тоқталайық.
Діни қызметке заңнамалық өзгерістер керек
«AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері жат ағымның жетегінде кеткен жастардың жайын айтып, Премьер-Министр Әлихан Смайыловқа сауал жолдады. Олар домбырамыздан бастап, тұсау кесу, беташар мен сәлем салу сияқты дәстүрлерді «харам» деп ата жолынан адастыруға тырысып, тамырымызға балта шабуда деп санайды.
– Біз Парламенттегі ең ірі Фракция ретінде де, ұлтты бөлетін, арамызға жік салатын теріс әрекеттерді де жөнге сала алатынымыз анық. Елді бөлшектеуге жол жоқ. Дүрбелеңі көп, бүгінгі аласапыран қоғамда ұлттық асыл мұраларымыз – салт-дәстүрлерімізге деген шабуыл көбеюде. Әсіресе, жастарды соқыр фанатизмге, радикализмге итермелейтін жат ағымдар, әлеуметтік желіде сананы улайтын теріс уағыздар, тынысымызды тарылтып, алқымнан алып барады. Бұл ұлттық мұратымызға, тұтастығымызға төнген қауіп! – дейді «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Аманжол Әлтай.
Сонымен қатар радикалды ағымның кесірінен Сирияға кетіп, қыршынынан қиылған ұлдардың тағдырына алаңдаушылық білдірген. «Бірақ бүгінгі ахуал өткеннің қателігінен сабақ алмағанымызды көрсетеді. Атаның батасын, әкенің ақылын, ананың өнегесін бойына сіңіре білген сенімі берік намысшыл халық едік, жат ағымдарға көндігіп, уағызшыл болып барамыз», – деп тұжырымдайды ол.
Бүтін бір елдің жауапкершілігін арқалаған депутаттарымыз мемлекет ретінде араласып, жөнге салатын уақытымыз әлдеқашан келді деп есептейді.
«Мемлекет діннен бөлекпіз деп, жат-ағымдардың тайраңдауына жол берілді. Ұлттық құндылықтарымызға, салт-дәстүрімізге шабуылдаушы күштерге «әй» дейтін әже, «қой» дейтін қожа болмады. Өкінішке қарай, етек-жеңімізді жинап, есімізді жия алмай келеміз. Үкімет осыны ойлап нақты қадамдар жасауы тиіс. Халықты аздыратын осындай шабуылдарға заңмен тыйым салмасақ болмайды», – деп қорытындылайды.
Үкімет басшысы өз жауабында Мемлекеттік саясаттың негізгі бағыттарын насихаттау, зайырлылық қағидаттарын ілгерілету және ұлттық құндылықтарды нығайту мақсатында дін мәселелері бойынша жүргізіліп жатқан кешенді шараларға тоқталып өтеді.
«Өңірлермен 10 238-ге жуық түрлі форматтағы материалдар әзірленіп, әлеуметтік желілерде 75 мыңнан астам жарияланым орналастырылып, БАҚ-та 3 310 жарияланды. Интернет-кеңістікте жүйелі түрде діни экстремизмнің алдын алу және қарсы насихаттау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Контентті анықтау мақсатында тұрақты негізде интернет-кеңістікке мониторинг жүргізіледі. Діни тақырыптағы құқыққа қайшы және резонанстық материалдарға ден қоюға көмектесетін «Кибернадзор» ақпараттық жүйесі жұмыс істейді. Жұмыс нәтижесінде 97 мыңнан астам деструктивті сипаттағы сілтемелер бұғатталды. Қазақстандық қолданушылар үшін 248 материалға қолжетімділік бұғатталып, ал 2971 материал жойылды» делінген хабарламада.
Одан бөлек, діни саланы заңнамалық қамтамасыз ету жұмыстарына тоқталған.
«Бұл мәселенің қазіргі жағдайдағы өзектілігін ескере отырып, Үкімет діни қызмет саласындағы заңнаманы, атап айтқанда «деструктивті діни ағым» және «діни радикализм» ұғымдарын енгізу; деструктивті діни ағымдарды ұстанушылармен оңалту жұмысын заңнамалық қамтамасыз ету; діни 3 әдебиеттерді, ақпараттық материалдар мен діни мақсаттағы заттарды таратуға мүмкіндік беретін субъектілердің тізбесін әзірлеу; интернет-ресурстар; қоғамдық орындарда бетті тануға кедергі келтіретін киім заттарын киюге шектеулер енгізу және т.б. жетілдіру бойынша жұмыс атқарылуда. Аталған түзетулерді талқылау және келісілген шешім әзірлеу мақсатында ҚМДБ-мен, теологтермен, сарапшылар қауымдастығы және мүдделі мемлекеттік органдармен бірлескен отырыстар, дөңгелек үстелдер мен семинарлар өткізілуде», – дейді Әлихан Смайылов. Сондай-ақ аталған мәселелер Үкіметтің тұрақты бақылауында екенін атап өткен.
Спортқа бөлінген қыруар қаржыдан нәтиже бар ма?
Келесі депутаттық сауал спорт саласындағы мәселелерге көңіл бұрғызады. «AMANAT» партиясы фракциясының депутаты Нартай Сәрсенғалиев Мемлекет басшысы жуырда спортшылармен кездескенде: «Кәсіби спорттағы аса жоғары жетістіктің болмағаны мемлекеттен бөлінетін қаражаттың тиімсіз жұмсалатынын көрсетеді», – деген сынын алға тартады. «Бүгінгі депутаттық сауалым қарапайым халық ішер ас, киер киімге жарымай жүргенде бюджеттің бүйірін теспей сорып отырған саладағы былықтар туралы. Ол – спорт, – деп бастайды сөзін Нартай Аралбайұлы, – Қазақстан Жоғары жетістіктер спортына жыл сайын бюджеттен 775 миллион доллар бөліп отыр... Қисапсыз ақша бөлгенмен жеткен жетістігіміз де жоқ. Мысалы, 2021 жылы Токиода өткен жазғы Олимпиада ойындарында Қазақстан құрамасы бар-жоғы 8 қола медаль иеленіп, 92 мемлекеттің ішінде 83-ші орын алды. Сонда әлгі 775 миллион долларға жеткен жетістігіміз осы ма? Енді салыстырып айтайын, Жоғары жетістіктер спортына 41 миллион доллар бөлген Нидерланды Токиодағы Олимпиадада 10 алтын, 12 күміс, 14 қола медаль алды. Ал дәл солай 46 миллион доллар бөлген Дания Токиода 3 алтын, 4 күміс, 4 қола медаль алды. Біз 775 миллион долларды спортқа бөліп 8 қоламен келдік. Жуырда Қытайда өткен Азия ойындарынан 11 орынмен оралғанымызды және қосыңыз бұған», – дейді депутат.
Оның айтуынша, Қазақстандағы спортқа жауапты министрлік 180-нен астам спорт түрін ресми тіркеп, оған бюджеттен қыруар ақша бөліп отыр. Соның тек 50-ге жуығы ғана жазғы Олимпиада ойындарының тізіміне енген. Қалған 100-ден астам спорт түріне министрлік неліктен бюджеттен ақша бөліп отыр деген сауал жолдайды депутат. Сонымен қатар ол Ұлыбритания Олимпиада бағдарламасына кіретін тек 15 спорт түріне, Германия – 18, ал Өзбекстан тек 17 спорт түріне бюджеттің қаржысын жұмсайды деп салыстырған.
«Ұлттық спорт түрлерін қолдауға 2024 жылға бар болғаны 10 миллион 460 мың теңге бөлу жоспарланған. Өте аз. Тағы бір мәселе, Спорт және туризм министрлігінің бюджетін қарағанда құжаттың 311-ші бағдарламасында: «жеке және заңды тұлғаларға, оның ішінде шаруа, фермерлік қожалықтарды субсидиялауға 54 миллиард теңге қарастырылыпты. Министрлік шаруа қожалықтары мен фермерлік қожалықтарға не үшін қаражат беріп отыр? Бұл сауалды комитет отырысында қойдық, бірақ жауап ала алмадық», – дейді депутат.
Сауал соңында депутаттар атынан мынадай ұсыныстар жолдайды. Біріншіден, министрлік бекіткен 180 спорт түрін қысқартып, мемлекет басымдық беретін бағыттарда олимпиадалық, ұлттық, одан кейін, пара және сурдолимпиадалық спорттар қалуы тиіс. Екіншіден, кәсіби спорт клубтарына берілетін ақшаны шектеу қажет. Үшіншіден, легионерлерге бюджеттің есебінен айлық төлеуді тоқтату керек. Төртіншіден, жергілікті спорт федерациялары тікелей орталыққа бағынатындай жағдай жасау. Бесіншіден, спорт саласына «мониторинг» деген түсінік енгізу керек.
Депутат сауалына Үкімет басшысы: «Уәкілетті орган тек олимпиадалық спорт түрлеріне басымдық бере отырып, мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылатын спорт түрлерін кезең-кезеңімен қысқартатын болады. Тізімге енгізілмеген спорт түрлері бәсекелес ортада дамиды», – деп жауап берген. Сонымен қатар өткен жылдармен салыстырғанда елдегі легионерлер саны 15%-ға азайғанын жеткізді. «Федерациялармен жүргізілген жұмыс нәтижесінде легионерлер санын төрт ойыншыдан екі ойыншыға дейін қысқарту туралы шешім қабылданды. Заң жобасына сәйкес, бұқаралық және балалар-жасөспірімдер спортын дамытуға қайтадан қаражат бөлу мақсатында кәсіпқой спорт клубтарын ұстауға лимит бекітілетін болады. Қазіргі уақытта заң жобасында республикалық және өңірлік аккредиттелген спорт федерациясының мәртебесін ұлттық спорт федерациясына өзгерту көзделген», – делінген хабарламада.
Тұрмыстық зорлық-зомбылық тежелмей тұр
«AMANAT» партиясы фракциясының депутаты жақында елді дүрліктірген отбасындағы зорлық-зомбылық тақырыбын да мәжілісте көтерді. Осыған дейін Мемлекет басшысы: «Отбасында ойран салатындар жазаға тартылмаса, олар одан бетер басынып кетеді. Мұндай әрекеттер үшін жазаны күшейтетін кез келді деп санаймын», – деген болатын. «AMANAT» партиясы фракциясы қыркүйекте осы тапсырманы орындау мақсатында балаларға және отбасындағы әйелдерге қарсы жасалатын зорлық-зомбылықты тоқтату үшін Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған заң жобасын шұғыл әзірледі. «Заң тұжырымдамасындағы түзетулер зорлық-зомбылықты қылмыс ретінде тану, педофильдерге өмірбақи бас бостандығынан айыру жазасын кесу, жалпы жаза мен жауапкершілікті күшейту тетіктерін қарастырады. Өкініштісі сол, түсініксіз себептермен заң әлі Мәжіліске енген жоқ, – дейді депутат Жұлдыз Сүлейменова. – Сондықтан «AMANAT» партиясы фракциясы депутаттарының ұсыныстары мынадай: біріншіден, әйелдер мен балалар зорлық-зомбылықтың құрбаны болмас үшін тіпті жеңіл түрдегі зорлық-зомбылық қылмыс деп танылуы қажет, екіншіден, заңнамада тұрмыстағы зорлық-зомбылықтың алдын алатын, қатаң шаралар қабылдайтын жауапты мемлекеттік органды бекітетін уақыт жетті, үшіншіден, отбасылық зорлық-зомбылықтың профилактикасы мен криминализациясы қарастырылған бірнеше депутаттардың бастамасымен әзірленген Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне әйелдердің құқықтарын қорғау және балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелеріне арналған заң тұжырымдамасын Үкіметтің Мәжіліске енгізуін сұрады.
Үкімет басшысы депутаттың бұл сауалына ағымдағы жылы тұрмыстық зорлық-зомбылық үшін жауапкершілікті қатаңдату жөнінде заңнамалық түзетулер енгізілді деп жауап береді.
«Айталық, 2023 жылғы 19 мамырдан бастап Қылмыстық кодекске өзгерістер заңды күшіне енді. Денсаулыққа орташа және ауыр зиян келтіру сияқты ең көп таралған тұрмыстық қылмыстар бойынша «кінәліге материалдық немесе өзге де тәуелділіктегі адамға қатысты іс-әрекет жасау» біліктілік белгісі енгізілді. Енді тұрмыс саласында денсаулыққа ауыр немесе орташа зиян келтіру 6 жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады (бұрын 3 жыл болған). Әкімшілік заңнамаға түзетулер енгізілді. Татуласу рәсімі күшейтілді. Сотта ғана тек бір рет татуласуға болады, бұрын ешқандай шектеулер болған жоқ. Тұрмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеудің өтініш беру сипатынан анықтау сипатына көшу жүзеге асырылды. Бұрын жәбірленушінің мәлімдемесінсіз полицияда дебоширлерді жауапқа тартуға негіз болған жоқ. Тұтастай алғанда, қабылданып жатқан ұйымдастырушылық және құқықтық шаралардың нәтижесінде 2023 жылдың 11 айының қорытындысы бойынша отбасылық-тұрмыстық қатынастар саласындағы құқықбұзушылықтар туралы хабарламаларды тіркеудің 20%-ға, оның ішінде қылмыстық құқықбұзушылықтарды тіркеудің 4,2%-ға төмендеуі байқалады», – делінген хабарламада.
Сонымен қатар Әлихан Смайылов мемлекеттік отбасы саясаты және тұрмыстық зорлық-зомбылық профилактикасы саласындағы уәкілетті орган ретінде Мәдениет және ақпарат министрлігі бекітілгенін жеткізді. Үкімет басшысы «қажетті түзетулер министрліктің ережесіне енгізілетін болады» деп жауап берді.
К.ЕРКІН