Алғаш жылқыны қолға үйреткен бабаларымыз «Ер қанаты – ат» деп жеті қазынасына қосып, кие тұтқан. Сондықтан да көшпенділер мен жылқы түлігі егіз ұғым болып кеткені жасырын емес. Күні кеше сүйінші хабар жетіп, Адай жылқысын халқымыздың бірегей бренді ретінде тіркелгені туралы хабарланды.
Ұлттық бренд – Адай жылқысы
900
оқылды

«28 желтоқсанда Әділет министрлігінің «Ұлттық зияткерлік меншік институты» РМК Ауыл шаруашылығы министрлігі Апробация жөніндегі мемлекеттік комиссиясының қорытын­дысы негізінде селекциялық жетістікке алты патент беру туралы шешім қабылдады және селекциялық жетістіктердің мемлекеттік тізілімінде тіркеді. Осының негізінде Адай жылқысының жаңа тұқымдарын Қазақстан Республикасының селекциялық жетісті­гі ретінде тіркеу және патент иеленушінің селекциялық жетіс­тікті пайдалануға айрықша құқығын, оның басымдығы мен селек­ционердің авторлығын куәландыратын патенттер берді. 2023 жылғы 29 желтоқсанда патенттер беру туралы мәліметтер ресми бюллетеньде жарияланды», – делінген хабарламада.

Маңғыстау облысының Ауыл шаруа­шылығы басқармасының басшысы Қазбек Ташимовтың айтуынша, мәртебені ұсыну мақсатында арнайы мемлекеттік комиссия құрылды.

«1 400-ге жуық Адай жылқысының дерек-мәліметтері жинақталды. Қазақ мал шаруашылығы және жем-шөп өндіру ғылыми-зерттеу институты заманауи технологияларды пайдалана отырып, жылқылардың генетикалық құрылымын ғылыми сынақтан өткізді. Содан соң мемлекеттік комиссия Адай жылқысының  тұқымы туралы патентті бекіту және алу үшін арнайы іс-шара ұйымдастырды. Аталған акт Ауыл шаруашылығы министрлігіне және  Әділет министрлігіне жолданды. Сондай-ақ асылтұқымды жылқыларға мәртебені беру шеңберінде бірнеше шара ұйымдастырылды. Сонымен қатар мемлекеттік комиссия өкілдерімен кездескен өңір басшысы  Нұрлан Ноғаев ауыл шаруашылығының дамуы мен өркендеуінің маңыздылығын атап өтіп, Адай жылқысына мемлекеттік мәртебе беру өңір дамуына жаңа өзгерістер беретінін атап өтті», – деді Қазбек Ташимов.

Айта кетейік, бұл іс-шараның барлығы Президенттің тікелей тапсырмаларының шеңберінде қолға алынып келеді. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Адай жылқысына дербес жылқы тұқымы мәртебесін беру үшін ауқымды жұмыстар атқарылған.

Мемлекет  басшысы Маңғыстау облысына жасаған сапары барысында Адай жылқысының қасиеттеріне айрықша тоқталып, оны ғылыми тұрғыда асылтұқымды мал ретінде тану және көбейту үшін тиісті жұмыстарды қолға алуды тапсырған болатын.

«Осы тапсырманы орындау мақсатымен ғалымдардан, сала мамандарынан құралған арнаулы топ аса ауқымды жұмыстар жүргізіп, кеше ғана елімізде Адай жылқысының 6 түрі жаңа ұлттық бренд ретінде ресми тіркелді. Бұл  Адай жылқысын халқымыздың бірегей бренді ретінде сақтап, санын одан әрі арттыруға мүмкіндік беретін маңызды қадам болмақ», – деді Президенттің ішкі саясат мәселелері және коммуникациялар жөніндегі көмекшісі Руслан Желдібай.

Наурызбек САРША