Қазір жаңа жылдың ғажабын іздеп әуре болмайсыз. Сатылымына тыйым салынса да, Астанадағы бірнеше ірі сауда орталықтарының жанынан ашылған дүкендерден отшашудың түр-түрін табасыз. Бірнеше рет ататын отшашудың орташа бағасы – 15 мың теңге. Мұны сатып алған жұрттың қалтасы тағы да шығындалады. Фейерверк атқандар 69 мың теңге айыппұл арқалайды. Бағасын біліп, сатушыдан сауданың жағдайын сұрап едік, ол:
«Жаңажылдық отшашу мен шамдарды Ресей мен Қытайдан әкелеміз. Адамдар бағасына қарамай алып жатыр. Бірақ өткен жылдағыдай саттық дей алмаймын. Айыппұлдың айыбынан аяқ тартатындар да бар ғой. Біздің Жаңа жыл бұйымдарын сатуға лицензиямыз бар. Сондықтан да адам қарасы қалың болатын сауда орталықтарының маңайында ашылдық. Елордада бірнеше нүктелеріміз де бар. Дүкендегі тауарымыздың бағасы тым қымбат емес, әрі атқан адамға қауіпсізі көп. Мысалы, қолында ұстап емес, адамдардан алыс жерге тік тұрғызып атуға болатын отшашу бар. Әртүрлі эффектпен атылатын отшашуды алсаңыз сіз де өкінбейсіз», – деді.
Осы дүкеннен фейерверк сатып алған қала тұрғыны «Жыл сайын жаңа жылды отшашумен қарсы аламыз. Бұл – балаларымыздың таңдауы. Әр жылы мұндай заттардың жаңа түрлері шығып жатыр ғой. Оларды бір байқап көруге қызығушылығымыз туғандықтан, Жаңа жыл жақындағаннан бастап сауда орындарын аралай бастаймыз» деп мерекеге қызу дайындықта екенін айтты.
Жақында әлеуметтік желіде тараған қызық ақпаратқа көзіміз түсті. Қазақтардың фейерверкті көп жаратыны сонша, қытайлық өндірушілердің өзі қазаққа арнап фейерверктер жасап жатыр екен. Мысалы, «Бәйтерек» деп аталатын петардың құны қарапайым отшашулардан әлдеқайда қымбат. Ал Қытай халқының жартысына жуығы отшашудан бас тартқан, сонда оның бәрін тек қазақтар үшін шығарып жатқандай. Шығыс халықтарында арнайы отшашу ататын орындар да бар. Бізге де фейерверкті аспанға атпас бұрын осы отшашардың отанына айналған елдің бұл тәртібін үйрену керек сияқты.
Отшашу атқаныңыз үшін айыппұл бірден салынбайды. Мұндайда халықтың «Үй таңдама, көрші таңда» деген нақылы еске түседі. Көршіңіздің жасаған алғашқы шағымына 18 мың теңге төлейсіз. Айыппұл түнгі сағат 22:00-ден кейін халықтың тыныштығын бұзғаны үшін салынады. Бірақ бұл күні «тыныш» ұйықтайтын жұрттың өзі болмасы анық.
Жаңа жылдағы қауіпсіздік шараларын сақтау мақсатында пиротехникалық бұйымдарды тек лицензиялары бар мамандандырылған дүкендер мен сауда орындарынан алу керегін айтқан ІІМ әкімшілік Полиция комитетінің басқарма бастығы Асылбек Идрисовтың кеңесі бірқатар ақпараттық порталда айтылып жүр.
«Ең алдымен сатушыдан өнімге сәйкестік сертификатын талап ету қажет. Әрбір пиротехникалық бұйым үшін мемлекеттік және орыс тілдерінде оны қолдану жөніндегі нұсқаулығы болуы тиіс. Бұйымның сыртқы қаптамасы дұрыстығына және сақтау мерзімінің міндетті түрде назар аудару қажет. Егер де тауар мерзімі өтіп кетсе, тауарлық түрі жоғалса, онда ол пиротехникалық бұйымды пайдалануға болмайды», – дейді ол.
Ескі жылды артқа тастап, Жаңа жылды отшашумен қарсы аламын десеңіз, барлық талаптарды орындап, пиротехникаларды тиісті рұқсат етілген дүкендерден ғана алып, маман айтқан кеңестерге құлақ түре жүргеніңіз абзал.
Сымбат БАУЫРЖАНҚЫЗЫ