Жолаушылар жергілікті мешіттерге орналастырылып, жылы жерде отыр.
Қарағанды облысында автобуспен боранда қалып қойған 55 жолаушы құтқарылды
854
оқылды

Қарағанды облысында 2 күннен бері қатты боран соғып тұр. Полицейлер құтқарушылармен, еріктілермен және атқарушы органдармен бірге боранда жолда қалып қойған адамдарға көмек көрсетіп жатыр, – деп хабарлайды Aikyn.kz облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Өкінішке қарай отандастарымыз ауа райына байланысты ескертулерге қарамастан көршілес өңірлерге қонаққа барған, кейбірі жұмыстан келе жатты. Абай ауданында «Қызылорда-Павлодар» автожолының 788-908 шақырымында, Топар ауылы маңынан 55 жолаушысы бар автобус жеткізілді. Жолаушылар жергілікті мешіттерге орналастырылып, жылы жерде отыр, азық-түлікпен қамтамасыз етілді», – делінген хабарламада.

Полиция қызметкерлері мүмкіндігінше көліктерді жақын маңдағы елді мекендерге жеткізіп жатыр.

Қарағанды облысының тұрғындары мен қонақтарына алыс сапарға шығудан бас тартып, елді мекендерден алыс кетпеуге шақырамыз. Сондай-ақ ауа райына және көліктердің қозғалысына байланысты ескертулерді назарда ұстаған абзал.

Көлік бұзылып, көмек қажет болған жағдайда 102 нөміріне қоңырау шалып немесе ішкі істер органдарына жергілікті өкілдіктеріне хабарласу керек.