Іс-шара «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жергілікті жерлерде іске асыру аясында қолға алынған. Жоспарланған объектілердің сапалы әрі өз уақытында аяқталуын партия өз бақылауында ұстап отыр.
Мәжіліс депутаттары елордадағы су сорғыш-сүзгіш стансасына барды
995
оқылды

3 қаңтар күні ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Павел Казанцев, Мәди Тәкиев, Татьяна Савельева, Самат Нұртаза, Дәулет Тұрлыханов және Дәулет Мұқаев №3 су сорғыш-сүзгіш стансасына барып, іске асырылу барысымен танысты.

Іс-шара «AMANAT» партиясы Астана қалалық филиалының  «Халықпен бірге!» сайлауалды бағдарламасын жергілікті жерлерде іске асыру аясында қолға алынған. Жоспарланған объектілердің сапалы әрі өз уақытында аяқталуын партия өз бақылауында ұстап отыр.

Айта кетейік, елордамызда соңғы 2-3 жылдықта қала тұрғындары санының күрт өсуі мен қала құрылысының қарқын алуы айқын байқалады. Бұл өзгерістер қалада айтарлықтай күрделі мәселелерді туындатып отыр. Сәйкесінше, су тұтынушылардың көлемі артып, ауызсу тапшылығын тудырды. Бүгінде осы мәселені шешу мақсатында №3 су сорғыш-сүзгіш стансасы іске қосылды.

Жыл сайын елордада 3 млн шаршы метрден астам тұрғын үй және коммерциялық алаңдар пайдалануға беріледі. Халық саны жыл сайын 50 мыңнан астам адамға артып келеді. Әлеуметтік салалар мен бизнес нысандарының саны өсуде. Бұл факторлар су тұтынудың, қаланың инженерлік инфрақұрылым объектілеріне түсетін жүктеменің едәуір ұлғаюына алып келеді және елорданың тыныс-тіршілігі мен одан әрі дамуының негізі болып табылатын №3 жаңа сорғы-сүзгі стансасын салу секілді жүйелі мәселелерді шешуді талап етеді.

2023 жылы қолданыстағы №1, 2 су сорғыш-сүзгіш стансасының өнімділігі тәулігіне 305 мың м³ болған кезде елордада суды нақты тұтыну тәулігіне 330 мың м³ құрады (тапшылық 25 мың м3/тәул.).

Жалпы қуаты 105 мың текше метр құрайтын №3 су сорғыш-сүзгіш стансасының құрылысы аяқталды (38 млн м3/жыл). Жоба аясында № 3 су сорғыш-сүзгіш стансасы алаңынан №31 көше бойымен Тұран даңғылына дейін ұзындығы шамамен 17 шақырым болатын магистральді су құбырын салу қарастырылған.

Жобаны іске асыру су тұтынудың өсіп келе жатқан көлемін қамтамасыз етуге, елорданың сол жағалауындағы сумен жабдықтау желілерінің қысымын тұрақтандыруға мүмкіндік береді.

Бүгінде қалада су тапшылығы байқалмайды.

«Стансада химиялық, биологиялық, бактериялық 2 лаборатория орналасқан. Вячеслав су құбырынан күн сайын 100 мың текше метр шикі су келіп тұрады. Шикі су химиялық, механикалық, ультракүлгін 3 кезеңнен өтіп, өңделеді. Бұл стансаның іске қосылуы сол жағалауды сумен толық қамтамасыз етеді. Су тапшылығын әлдеқайда жеңілдетті», деді «Астана cу арнасы» бас директорының бірінші орынбасары Аблай Елжасов.

Партиялық бақылау комиссиясының төрағасы, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Павел Казанцев:

«Біздің азаматтарымыз суға үнемді қарауы қажет. Бақшаларға ауызсу құю, ауызсумен көлік жуу,  бұл  дұрыс емес жағдай. Қазіргі уақытта қала тұрғындарының саны бойынша №3 су сорғыш-сүзгіш стансасы іске қосылды. Қаланың өсуін ескерсек, мәселе жалғасын табады. №4 су сорғыш-сүзгіш стансасы салыну жоспарлануда.  Бұл жоба су көзі тапшы аудандарға жүргізілмек»,  деді халық қалаулысы.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дәулет Тұрлыханов:

“Су мәселесі  өзекті мәселе. Бұл  Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың басты назарында. Салынып жатқан №3 су сорғыш-сүзгіш стансасы сапасы жақсы, германиялық, америкалық материалдардан жинақталған, заман талабына сай. Вячеслав су қоймасынан алынатын тіршілік көзі №3 су сорғыш-сүзгіш стансасы арқылы тазаланады”,  деді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт  Тоқаевтың тапсырмасымен ауызсу мәселесі ерекше назар аударылып, оның кезең-кезеңімен шешіліп жатқанын жеткізді.