Парламент Сенатының депутаты, Сенаттың Әлеуметтік-мәдени даму жә­не ғылым комитетінің төрағасы Нұр­тө­­ре Жүсіп Алматы қаласына жұмыс сапары барысында, Энергетика министрлігінің Ядролық физика институтына арнайы барып, ғалымдардың жұмысымен та­ныс­ты.
Сенатор ядролық физика институтына арнайы барды
618
оқылды

Институттың басшы және ғылыми құрамымен кездесу барысында сенатор өткен жылы Парламент қабылдаған ғылым саласы қызметкерлерінің әлеуметтік кепілдіктерін нығайтуға бағытталған заңдар турасында біршама түсінік берді. Сонымен қатар сенатор институттың материалдық-техникалық базасымен, атап айтқанда, мекеменің ядролық бөлшектерді зерттеуге арналған барлық қажетті құралмен практикалық қолдану бөлігінде танысты. Бүгінде институт атом энергиясын бейбіт мақсатта пайдалану саласындағы елдегі жалғыз ғылыми-зерттеу ұйымы. Институтта іргелі зерттеулерден бастап, жоғары технологиялық өнімдер өндірісіне дейінгі ғылыми-зерттеу конструкторлық әзірлемелердің толық циклі орындалады. Институт ғалымдары қатерлі ісік ауруын диагностикалау және емдеу үшін йод-131, фтор-18 және Мо-99 радиоизотоптары негізінде радиофармпрепараттар шығарады. Сонымен бірге өнеркәсіптік радиоактивті көздер мен гидрогельді таңғыштар өндіреді. Ресей, Германия, АҚШ, Франция және Түркия елдеріне арнап, кобальт-57 радиоактивті изотопын өндіру және жеткізуді жолға қойған. Енді басталған 2024 жылы институт атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікпен жасалған шарттар  шеңберінде Қырғызстанға молибден-99/технеций-99 генераторларын жеткізуді бастайды. Ғылыми қызмет бойынша, сондай-ақ кадрларды даярлау саласында Ядролық физика институты СERN, Массачусетс технологиялық институты, Карлсруэ технологиялық институты, TENMAK  сияқты әлемдегі ең ірі ғылыми-зерттеу және білім беру мекемелерімен ынтымақтастық орнатқан. Бұл туралы кездесу барысында баяндалып, ғалымдар өзге де тың жаңалықтар ашуға дайындалып жатқандықтарын жеткізді. 

Кездесу барысында депутат ядролық физика саласындағы кадрларды қайта даярлау мәселелеріне ерекше назар аударды. «Ядролық физика институты құрылғаннан бері өте бай тарихқа ие және институт базасында жүзеге асырылып жатқан жобалардың стратегиялық маңызы бар. Тиісінше институтты жақсы кадрлармен қамтамасыз ету және оларды қайта даярлау мекеменің басты міндеті болуы керек» – деді Нұртөре Жүсіп. 

Сонымен қатар сенатор бүгінде ел халқы арасында кеңінен талқыланып жатқан атом электр стансасын салу мәселесіне де жан-жақты тоқталып өтті. Ол  атап өткендей, біздің еліміздің азаматтары атом электр стансасын салу мәселесі мен оны қауіпсіз пайдалану ісіне және елге тигізетін пайдасына ерекше алаңдаушылық білдіріп отырғанын баса айтты. Кездесу барысында институттың бас директоры Саябек Сахиев ЯФИ базасында АЭС үшін мамандар даярлау үшін барлық қажетті инфрақұрылым бар екенін атап өтті, атап айтқанда, ССР-Қ зерттеу стационарлық реакторы, сыни стенд, түрлі типтегі үдеткіш, сондай-ақ институт базасында үш оқу орталығы жұмыс істеп тұрғанын жеткізді. Оқу орталықтарында радиациялық қауіпсіздік, ядролық қауіпсіздік, атом саласы үшін кадрлар даярлауға байланысты сабақтар жүргізіледі. Сондай-ақ институтта АЭХА(МАГАТЭ) сарапшылары жұмыс істейді. Былтыр ЯФИ – ҚазҰУ- әл-Фараби – КАЭС арасында үшжақты консорциалдық келісім жасалған. Мақсат – Ядролық физика институты базасында атом электр стансасы үшін кадрлар даярлау ісі көзделіп отыр.  

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында атап өткендей, атом электр стансасының құрылысы біздің экономикамыздың болашағы мен оның энергетикалық қауіпсіздігі үшін маңызды мәселе болып табылады. Құрылыс мәселесі бойынша тиісті қоғамдық таңдаулар өткізілетін болады. Осы мәселе бойынша институт алдыңғы қатарда болуы және вектор ретінде әрекет етуі тиіс», – деп атап өтті Нұртөре Жүсіп.

Сенат комитетінің төрағасы ЯФИ-ға сапары барысында Қазақстандағы  жалғыз CCР-Қ стационарлық ғылыми-зерттеу реакторына, иондаушы сәулеленудің пайдаланылған көздеріне арналған қоймаға, институттың ғылыми қызметкерлері DUNE халықаралық эксперименті үшін strow-детекторларды құрастыратын ғимаратқа, радиохимия және изотоптар өндіру ғылыми-техникалық орталығына және гидрогельді таңғыштар өндіретін учаскеге барып жұмыс сапасымен танысты. 

Берік БЕК