Бүгінде қоян өсіру сәнге айналып келеді. Біреулер қызығушылықпен өсірсе, енді бірі пайда табу мақсатында шаруашылыққа айналдырады. Біздің кейіпкеріміз Шәрипа ана бастапқыда хоббиі ретінде үйіне 4 көжек алып келген. Кейін оның жылдам көбейетінін көріп, қызығушылығы артқанын айтады.
Қоян баптасаң, қалжасынан түңілме
1,504
оқылды

Түркістан облысы Бәйдібек ауда­­ны­­ның Боралдай ауылында тұратын Шәри­­па Әбіштің қоян өсіріп жатқанына 5 жыл болыпты. Ақ жаулықты ана қоян бағудың өзіндік ләззаты бар екенін айтады. «Қоян деген ең бірінші сүйкім­­­ділігімен адамды тар­тады. Олардың көжектеуі, яғни ба­ласын өмірге әкелердегі дайындық­­тары, балаларына қамқорлығы адамның жүре­гін ерекше елжіретеді. Сондықтан болса керек, қояндарды бұрынғыдан да жақсы көріп кеттім», – дейді бізбен әңгімесінде Шәрипа шешей. 

Бұрын әртүрлі салада жұмыс істеп, әсіресе түрлі фирмада кәсіпкерлігін шың­дап жүрген Шәрипа Әбдіжаппар­­қызы осыдан 8 жыл бұрын қаладан кө­шіп келіп, ауыл өміріне бірден кірігіп кетеді. Өзі әу бастан қоғамдық жұмыс­тар­дың бел ортасынан табылатын, кез келген жұмысты ұршықша иіретін ана келе сала екі қолға бір күрек деп, асыл тұқымды мал бағуды қолға алады. Голш­тейн-фриз деп аталатын асыл тұқымды сүтті сиыр сатып алып, бағады. 3 ұлы ер жетіп, барлығы да қалаға оқуға, жұ­мысқа кеткен соң Шәрипа ананың ірі қараларды жалғыз өзі бағуға шамасы кел­мей қалады. Сөйтіп, ірі қара малды ұсақ мал шаруашылығына ауыстырады. Асыл тұқымды ешкі мен қоян өсіруді қолға алады. «Мемлекеттен қайтарым­­сыз 583 мың теңге грант ұтып алып, 3 ешкі сатып алдым. 3 ешкі бүгінде 15-ке жетті. Иә, 20-ға дейін көбейер еді. Бірақ ақша керек болып біразын сатып жі­бердім. Ал 4 қояным 100-ге дейін кө­­­бейді. Өкінішке қарай, былтырғы суықта біразы үсіп қал­­ды. Қыстыгүні таңертең қораға ба­рып қарасам, үрпиіп-үрпиіп, сүп-сүй­­­кімді 35 қояным қы­рылып қалыпты. Со­ған әлі күнге дейін жүрегім ауырады. Біразын сатып, пайдасын көрдім. Қазір 50 шақ­тысы бар», – дейді Шәрипа апай. 

Қоян бір туғанда 7-10 шақтысын бірден өмірге әкеледі екен. Яғни, барын­ша өсімтал келеді. Осы қасиетінің арқа­сында тез көбейеді. Бизнестің бұл түрі сондықтан да барынша тиімді болып са­налады. Оның үстіне, одан әртүрлі өнім алуға болады. Мәселен, қоян терісі­­нен тон, қалпақ, жаға, манто, жакет се­кілді көптеген киім тігіледі. Сонымен қа­тар еті де дәмді және тез қорытылады. Қоян етінде холестерин мүлдем жоқ. Есесіне ақуызға, витамин мен минералға бай. Қоян еті аллергияға шалдыққан­­­­дарға, ішек құрылысы мен өт жолдары ауыратын науқастарға таптырмайтын тағам. Әрі иммунитетті көтеретін қасиеті бар. «Қазір жартылай дайындалған және көше тағамдарын жейтін жастар семіз­дік­ке жиі ұшырап жатыр. Қоян етін үнемі жейтін адамдар семіздікке ұшыра­майды. Диеталық тағамға кіретін қоян еті өте жеңіл және дәмді болады. Менен арнайы тапсырыспен алатындар көп. Ағзаны бірқалыпты ұстап отырады. Қант диабетіне, жүрек, бауыр церрозына да пайдасы мол. Аудан орталығынан, Шым­кент қаласынан тапсырыспен алды­рады. Аллергиямен туылған бір бала үнемі тек қоян етін жейді. Олар қазір Алматыға көшіп кетті. Енді сенімді қоян етін қайдан аларымызды білмей жатыр­мыз деп хабарласты маған», – дейді тағы бірде ақ жаулықты ана. 

Шәрипа шешей өсіретін «Француз­ский баран», «бургер», «фландр» деп ата­латын тұқымы асыл қоян түрлеріне сұраныс көп. Сондай-ақ өзі қолдан бу­дандастырып шығарған «микс» атты түрі де өсіп келеді. Бір қоянның салмағы 6-8 ке­ліге дейін жетеді. Шаруа оларға тек са­палы өнім беріп, семіртеді. Бүгінде тапсырыспен алдыратындардан бөлек, балалары мен туыстарына, құдаларына қоян етінен дәм таттырып тұрады. Кө­жектерге алғашында «Эмма», «Элла», «Эленора», «Мадонна» есімдерін беріп, еркелетіп жүрген шешей кейін көжектері көбейген соң кейінгілеріне ат қоймапты. Қояндарға негізінен құрама жем береді. Одан соң жоңышқа, арасында арпамен қоректендіріп тұрады. Алма, сәбіз және капуста да қоянның қорегіне кіреді. «Тамағы қымбат болса аламыз. Құрама жемнің келісін 150 теңгеден, бір алғанда жарты тоннаға дейін әкеліп қоямын. Жеміс-жидекті жақсы көреді. Оны да беріп тұрамын. 6 мемлекеттің қоян өсі­­р­­у­­­шілері бас қосқан арнайы ватсап то­бымыз бар. Онда Ресей, Өзбекстан, Қыр­ғызстан, Беларусь мемлекеттерінен өкілдер отыр. Бір-бірімізбен тәжірибе алмасып, қояндарды қалай баптауды, қалай тамақтандыруды, қандай жерде сақтау қажетін айтып, үйретіп отыра­­­мыз. Жалпы, қояндар өте текті болып келеді. Туыстарын бір-біріне қоймаймыз, арнайы аталық ұстаймыз. Сонымен бірге қан ауыстырып отырамыз. Қояндар кө­жектеуден 3-4 күн бұрын өздерін да­йын­дайды. Көкірегіндегі жүндерін жұлып, ұяшық дайындайды. Мен өз тарапымнан шөптерді майдалап турап, ұяшықтарына салып көмектесемін. Көжектеп болған соң ұяшықтың бетін жауып, жанына ешкімді жолатпайды. Олардың әрқай­сысын бөлек-бөлек торда ұстаймын, таза шыны төсеп өсірдім. Олар тазалықты сүйеді. Алайда 100-ге жеткенде қайда сыйғызарымды білмей кеттім»,– дейді Шәрипа ана.

Қоян баптаған ана бастапқыда қоян­ның аналығын 12 мың теңгеден, ата­лы­ғын 14 мыңнан алғанын айтады. Дәл қазіргі баға да осы жобада 15-16 мың теңге кө­лемінде. Кейбіреулері 20 мың теңгеге дейін саудаланады. 

Алайда бүгінде асыл тұқымды шаруа­ны қолға алған ананың айтар базынасы бар. Кәсіпкерлікті қолдау мақсатында мемлекет тарапынан берілетін 5 млн теңгелік мемлекеттік грантқа құжат өткі­зіп, барлық талапты орындаған, ерекше кәсіп түрі ретінде аймақта алдыңғы қа­тар­да тұрып, жобасын сәтті қорғаған Шәрипа анаға келісім берілмегеніне қынжылады. «Қазір ел ішінде жұқпалы аурулар бар. Пневмания, қызылша, коронавирус  сынды жұқпалы дерттерге ешкі сүті бірден бір ем, дертке дауа болды. Талай жанды қолжетімді бағамен ешкі сүтімен қамтыдым. Бәйдібек ауданында осындай кәсіппен айналысатын менен басқа ешкім де жоқ. Мен осы шаруашылықты кеңейтіп, көркейту үшін бизнес жоспарымды тапсырдым. Өкінішке қарай, менің жобамды кері қайтарды», – деп ренішін білдірді ана. 

Шынында нағыз иннова­циялық кәсіп түріне жататын асыл тұ­қымды ешкі мен асыл тұқымды қоян өсі­ру грантқа сұранып-ақ тұр. Жергілікті билік әлі де көмек қолын созады деген үміттеміз...

Назгүл НАЗАРБЕК,

Түркістан облысы