Көлік вице-министрі Талғат Ластаевтың төрағалығымен Астана халықаралық әуежайында ұшу-қону жолағы мен әуеайлақты күрделі жөндеуден өткізу бойынша алғашқы жиын өтті.
Астана әуежайының ұшу-қону жолағын көктемде жөндейді
1,399
оқылды

Жиынға Қазақстандағы азаматтық авиация саласындағы мемлекеттік органдардың басшылары, ҚР мемлекеттік күзет қызметінің және Сыртқы істер министрлігінің өкілдері, әуежайды басқаруға алған Terminals Holding, Terminals Astana Airport Management LLP басшылығы қатысты. Бұл туралы Aikyn.kz Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.  

Қазақстан үкіметінің Астана халықаралық әуежайын  басқаруға алған шетелдік инвесторға қойған бірден-бір маңызды міндеті – әуежайдың ұшу-қону жолағын жақын арада күрделі жөндеуден өткізу болатын. Астана халықаралық әуежайының әуеайлағы салынғаннан бері ағымдағы жөндеу жұмыстарынан өтіп келеді. Елорда әуежайының үшу-қону жолағы соңғы рет былтыр шілде-тамыз айларында күрделі жөндеуден өтті.

Халық тарапынан да, мемлекет басшысының тарапынан да Астана халықаралық әуежайының ұшу-қону жолағына қатысты әділ сын бар. Сондықтан біз үшін елорда әуежайының әуеайлағын толықтай күрделі жөндеуден өткізу аса маңызды. Әуеайлақ пен ұшу-қону жолағы күрделі жөндеуден өткен жағдайда Астана әуежайының транзиттік потенциалы артып, ұшу қауіпсіздігі жаңа деңгейге көтеріледі. Жүк рейстерін көбірек қабылдауға әуежайдың техникалық мүмкіндігі артады», – деді ҚР Көлік вице-министрі Талғат Ластаев. 

Абу-Дабиден тікелей бейнеқоңырауға шыққан Terminals Holding компаниясының өкілдері әуеайлақты күрделі жөндеуден өткізуге қарқынды дайындық жүргізіп жатқандарын жеткізді. Инвесторлар қаңтар-ақпан айларында жобалық сметалық құжаттаманы саралап, ақпан айының соңы мен наурыздың басында мердігерді анықтауға ниетті. Алдын ала жоспар бойынша наурыздың ортасына қарай мердігер Астана қаласына барлық ресурсын жұмылдыруы керек. Инвесторлардың жоспары бойынша ауа райы қолайсыздық тудырмаса сәуірдің  басына қарай әуеайлақта күрделі жөндеу басталуы қажет.