Нарықты Қытай көлігі жайлады. Жаңа көлікке сұраныс артпаса, кемімейді.
Қытай көлігін сатып алған дұрыс па?
Фото: news.myseldon.com
8,373
оқылды

Қымбатына қаржы жетпейді. Сондықтан ел Қытайда құрастырылған көлікті жаппай алып жатыр. Бұл туралы Aikyn.kz AstanaTV-ға сілтеме жасап хабарлайды. 

Жаңа көліктің бағасы қолжетімді, жүрісі жақсы, жүргізушіге барлық жағдай жасалған дейді.

Қала тұрғыны Ерқанат Сәрсенбай: «Қазір әлеуметтік желіде, ел арасында Қытай көліктері өте сапасыз дегенге саяды. Мен оған келіспеймін. Қазір ауыр техника дейміз ғой, құрылыста жүрген трактор болсын, крандар болсын Қытай техникасын бәрі мақтайды. Сондықтан менде Қытай көлігін аларда қорқыныш болмады», – дейді.

Қытай көліктері бүкіл әлемді жаулап алды. Өткен жылы 43 миллионға жуық коммерциялық және жеңіл автомобиль сатылған. Оның 4-тен бірі қытайлықтарға тиесілі. Осылайша, олар неміс, жапон, американың көліктерін сатылым жағынан басып озды. Мамандар дәл осы қарқын сақталса, бірер жылда әлемнің алпауыттары қытай көліктерінің шаңына да ілесе алмауы мүмкін екенін айтады. Ал халықтың ойы бұл көліктерге келгенде екіге бөлінді.

Әлеуметтік желді Аспан асты елі  көлігінің сапасына сын айтқан осындай видеолар аз емес. Оны қытайлық сарапшылар  да қолдайды. Көрші елдің ақпарат агенттіктері маңдай термен жинаған қаржыны көлікке жұмсауға асықпаңыз дейді. Себебі өндірушілер сапаға мән беріп жатқан жоқ деп жазған. Оның үстіне, көліктер көз ілеспес жылдамдықпен жаңаруда. Ал олардың қосалқы бөлшектері бір-біріне келмейді.

Toutiao.com сайтында жарияланған мәліметте: «Сырты мен салоны әдемі, үлкен экраны бар, жылтыраған көлік көрсеңіз жабыса кетпеңіз. Шын мәнінде, бұлардың түкке керегі жоқ. Бастысы, көліктің сапалы болғаны. Шығарып жатқан көліктің көбі шикі», – деп жазылған.

Былтыр елімізде сатылған жаңа темір тұлпардың 15 пайызы Қытайдан әкелінген.

Сарапшы Оңғар Алпысбай: «Олардың көліктерінде көп нәрсе бар. Көмекшілер бар. Өте көптеген жаңа технологиялар пайдаланылған. Олар қазір өте жақсы жұмыс істеп тұр. Дегенмен уақыт өте келе қосымша құрылғы көп болғандықтан, болашақта бұзылатын зат та көп деген сөз. Яғни, көліктің бағасы сол қалыпта қалуы өте қиын», – деген пікірде.

Қазір еуропалықтар қытай кәсіпкерлеріне шағымдануда. Қытай билігі кәсіпкерлерге субсидия беруде. Соның арқасында Еуропада Қытай көлігі өз бағасынан да төмен сатылуда. Осылайша, автоөндірушілер арасында әділетсіз бәсекелестік орнады. Қытайлықтар осы тәсілмен бүкіл әлемнің автонарығын жаулап алмақ. Сарапшылардың пікірінше, жаңа темір тұлпар құны болашақта тағы да арзандауы мүмкін.