Олар 62 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырған
Павлодар облысында балабақша директоры мен бухгалтер сотталды
Фото: ult.kz
739
оқылды

Павлодар облысында балабақша директоры мен бухгалтері сотталды. Олар 62 миллион теңгеден астам бюджет қаражат жымқырған, - деп хабарлайды Aikyn.kz pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

Аққулы аудандық сотының хабарламасы бойынша, 2023 жылғы 28 желтоқсанда сот Аққулы ауданы білім бөлімі "Қызғалдақ" коммуналдық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының директоры мен бухгалтеріне қатысты сеніп тапсырылған мүлікті аса ірі мөлшерде талан-таражға салу фактісі бойынша (ҚР Қылмыстық кодексінің 189-бабы, 4-бөлігінің 2-тармағы) қылмыстық істі қарады.

- Мекеме басшысы 2016-2023 жылдар кезеңінде өзінің қызметтік жағдайын пайдалана отырып, алдын ала сөз байласу арқылы бухгалтердің көмегімен мұғалімдердің белгіленген штаттық бірліктерінен тыс жалақы мен үстемеақыларды заңсыз есептеу жолымен жалпы сомасы 62 миллион теңгеден астам бюджет қаражатын жымқырды, - деп жазылған сот хабарламасында.

Айыпталушылардың кінәсі куәгерлердің айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және басқа да дәлелдемелермен расталды.

Бұл әрекет ауыр сыбайлас жемқорлық қылмыстарға жатады, ол үшін қылмыстық заңда 7 жылдан 12 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген.

Сот бақша директорының зейнеткерлік жасын ескере отырып, жеті жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Есепшіге шын ниетпен өкінуін, мүліктік залалдың ерікті ішінара өтелуін, асырауында кәмелетке толмаған төрт баланың, оның екеуі жас бала екенін ескере отырып, Қылмыстық кодексінің 74-бабының 1-бөлігі негізінде 2022 жылы туған бала алты жасқа толғанға дейін, жазасын өтеуді кейінге қалдыра отырып сегіз жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Сондай-ақ директор мемлекеттік қызметте лауазымдарды атқару құқығынан өмір бойы айырылды, есепші бухгалтерлік қызметке байланысты лауазымдарды 10 жыл мерзімге атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.