2024 жылдан бастап қа­зақ­стандықтардың орташа жалақы мөлшері жаңа әдіс­пен есептеледі. Ақылы еңбек демалысы, сырқаттануына байланысты демалыс, тіпті жұмыстан босатылған кездегі төленетін өтемақыға және тағы басқа көптеген төлемге орташа жалақы мөлшері әсер етеді.
Жалақы мөлшері жаңа әдіспен есептеледі
3,287
оқылды

Жаңа жылдан бастап жұмыс уақытымен қоса есептелетін ор­та­ша жалақыны есептеудің бірың­ғай қағидаларына өзгеріс­тер енгізілді. Еңбек кодексіне сәйкес, бұл өзгерістер тек үздіксіз жұмыс істейтін өндірістерде әрі күнделікті немесе апта сайынғы жұмыс кестесі қарастырылмаған кейбір қызмет түрлеріне қатысты. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің тиісті бұй­рығы Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық акті­лері­нің электрондық түрдегі эта­лондық бақылау банкі сайтында жарияланды. Ұсынылған өзгеріс­терге сәйкес, орташа жалақы мөлшері жалпы жұмыс уақытын есепке алғанда, қызметкердің ор­таша сағаттық табысы мен ор­таша жұмыс күнінің санына бай­ланысты белгіленеді. Әзірге қол­даныстағы қағидаға сәйкес, жұмыс уақыты есебі бойынша жалақы мөлшері орташа күндік табыс пен жұмыс күні санына байланысты белгіленеді. Сондай-ақ аталған заңға еңбек шарты бұзылған жағдайда жыл сайын ақылы еңбек демалысының пайдаланылмаған күндері үшін өтемақы төлемдерін есептеу ере­же­сі енгізілді. Заңдағы жаңа өзге­рістерге сәйкес, бұдан былай қыз­мет­кердің жұмыс кестесіне қара­мастан, өтемақы төлеу ке­зін­де жұмыс күндері бірыңғай тәртіп бойынша есептеледі. Бұл ретте, бұдан былай жұмыс беру­шінің ісі жүрмей қалған жағдайда қызметкерлерге төленетін сома­ны белгілеу кезінде орташа жала­қы мөлшері есепке алынбайды. Бұл өзгерістер әртүрлі төлем мөл­­шеріне айтарлықтай әсер етуі мүмкін, оның ішінде уақытша еңбекке жарамсыздық бойынша әлеуметтік төлемдер, ақылы еңбек демалысы және жұмыстан шыққан қызметкерге төленетін пайдаланылмаған ақылы еңбек демалысы үшін өтемақы және т.б. бар. Ұсынылған өзгерістер 2024 жылы 1 қаңтардан бастап күшіне енді.