Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы «Egemen Qazaqstan» газетіне қоғамды толғандыратын мәселелер туралы пікірін білдіріп, сұхбат берді.
Саяси реформалар халықтың тұрмысын түзеуге септігін тигізеді
1,445
оқылды

2023 жыл еліміз үшін маңызды оқиғаларға толы жыл болғандығын және негізгі саяси реформалардың жүргізілгенін атап өтті.

Мемлекет басшысы: «Біз әділ және бәсекелі экономика жүйесін құруға кірістік. Экономиканы әртараптандыру және монополиядан арылту, инфрақұрылымды жаңғырту, бизнесті қолдау, инвестиция тарту жұмыстарымен, әлеуметтік саладағы мәселелер біртіндеп шешіле бастады. Еліміздегі білім ошақтары, оның ішінде, «жайлы мектептер» бой көтеруде. Ауылды жерлерде денсаулық сақтау нысандары салынып жатыр. Әлеуметтік тұрғыдан осал топтағы азаматтарға кешенді түрде қолдау көрсету үшін Әлеуметтік кодекс қабылданды. Зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін азаматтар үшін арнайы төлемақы енгізілді. Табиғатты қорғауға жауапты мекемелердің қызметкерлеріне олардың өмірі мен денсаулығына төнетін қауіп-қатерге қатысты үстемақы төленетін болды. Медицина қызметкерлерінің, мектепте, колледжде және балабақшада жұмыс істейтін педагогтердің жалақысы өсті. Ұлттық қордан балаларға қаржы беру мәселесін реттейтін заң күшіне енді», – деді.  

Осы жұмыстардың барлығы 2024 жылы тиянақты және жоспарлы әрекет жасалатыны туралы және осы кезең еліміздің алдағы бес жылдағы дамуына негіз болатындығы туралы өз пікірін білдірді. 

Ел тарихында ерекше орны бар тұлғаларға құрмет көрсету дәстүрі еліміздің жалпыұлттық бірегейлігін нығайта түсуге зор септігін тигізеді. Биыл әйгілі ғалым Қ. Сәтбаевтың туғанына – 125, даңқты батырлар С.Нұрмағамбетов пен Р. Қошқарбаевтың туғанына 100 жыл толады. Сонымен қатар тарихшылардың пайымдауынша, Жошы ұлысының іргесі қаланғанына – 800 жыл. Мемлекеттілігіміздің тамыры тым тереңде жатқанын әйгілейтін осы айтулы датаға орай кең ауқымды зерттеулер қолға алынатындығын және биыл Қазақстан тарихының көптомдығын әзірлеу жұмысын да аяқталатынын  атап өтті. 

Әбілқайыр Жасталап, Сәтбаев университетінің Ph.D. докторы, қауымдастырылған профессор