Сенат Спикері Мәулен Әшімбаевтың төрағалығымен палата отырысы өтті.
Шикізаттық емес тауарларды экспорттау маңызды
414
оқылды

Онда депутаттар Мемлекет басшысының ұсынуы бойынша Жоғарғы Соттың судьяларын қызметінен босату туралы мәселені қарады. Сондай-ақ сенаторлар отырыс кезінде бірқатар заңды мақұлдап, депутаттық сауалдарын жолдады.

Ел Президентінің тиісті ұсынуын қарау нәтижесінде Ербол Исмаилов, Ақылтай Қасымов, Альфия Савинова және Айгүл Сапарова Жоғарғы Соттың судьясы қызметінен босатылды. Ұсынылған кандидатуралар алдын ала Конституциялық заңнама, сот жүйесі және құқық қорғау органдары комитетінде талқыланды.

Сонымен қатар Сенат отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне экспорттық-кредиттік агенттік және шикізаттық емес тауарлардың (жұмыстардың, көр­­сетілетін қызметтердің) экспортын ілгерілету мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заңды екінші оқылымда қарап, мақұлдады. Бұл заң Мемлекет басшысының тапсырмасын орындау мақсатында әзірленді.

Осыған дейін айтылғандай, аталған құжат Азаматтық және Бюджет кодекстеріне, сондай-ақ тағы 8 заңға түзетулер енгізуді көздейді. Атап айтқанда, экспортты қолдау жөніндегі мемлекеттік кепілдіктің күшін сақтандыру төлемдерін өтеу үшін де, ЭКА жүзеге асыратын кепілдік берілген төлемдерді өтеу үшін де қолдау ұсынылады. Заң нормалары Агенттіктің қызметін лицензиясыз жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Сондай-ақ Ұлттық даму институтының функциялары бірқатар бағыт бойынша шикізаттық емес экспортты ілгерілету мәселелерімен толықтырыла­ды.

«Мемлекет басшысы былтырғы Жолдауында шикізатқа тәуелділіктен арылу қажет екенін айтқан болатын. Бұл ел экономикасы үшін стратегиялық маңызға ие бағыт екені сөзсіз. Сондықтан бүгін мақұлданған заңда отандық шикізаттық емес тауарлардың экспортын дамытатын жаңа институт құру көзделіп отыр. Осыған байланысты экспорттық-кредиттік агенттікке арнайы құқықтық статус берілді. Заң аясында, жаңа құрылымның жұмысына қажетті барлық құқықтық және өзге де құзіреттер қарас­тырылған. Мақұлданған заң осы саладағы мемлекеттік қолдаудың тиімділігін арттырады деп сенеміз», – деді Мәулен Әшімбаев.

Палата отырысында депутаттар «2014 жылғы 29 мамырдағы Еуразиялық экономикалық одақ туралы шартқа өзгерістер енгізу туралы хаттаманы ратифика­циялау туралы» заңды да қарап, мақұлдады. Бұл заң құқықтық реттеудегі олқылықтарды жою арқылы еуразиялық интеграцияны одан әрі дамытуға арналған.

Хаттама арқылы ЕАЭО туралы шартқа ЕАЭО кедендік шекарасындағы мемлекеттік бақылау, арнайы қорғаныш демпингке қарсы және өтемақы шараларын қолдану, техникалық реттеу, бәсекелестік, табиғи монополиялар, еңбек көші-қоны, санитариялық, ветеринариялық-санитариялық және карантиндік фитосанитариялық шаралар, көлік және салық салу мәселелеріне қатысты өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.

Отырыс барысында сенаторлар депутаттық сауалдарын да жолдады.