Өткен жылдың күзінде Петропавлдағы «Жас өркен» ықшамауданында №1 қалалық емхананың жаңа филиалы ашылған болатын. Жаңа филиалдың ашылуымен қалада емхана кезегінде тұратын ұзын-сонар тізбек мәселесі біржола шешіліп отыр. Емхана бір ауысымда 250 адамды қабылдай алады.
Бүгінде емханада интернет мәселесі шешіліп жатыр. Жаңа медициналық мекеме 35 мыңға жуық адамға қызмет көрсетеді. Ал жалпы №1 қалалық емханада барлығы 75 мың адам тіркеуде тұрған көрінеді.
«Бұл – «Жас Өркен» шағынауданында ашылып отырған алғашқы емхана. Петропавлдың жаңа дамып келе жатқан ауданына әлеуметтік нысандар қажет. Қазірдің өзінде инновациялық оқушылар сарайы, заманауи спорт кешені, жаңа театр бар. Енді емхана жұмыс істей бастады. «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасы әзірленіп жатқанда біз бұл нысанды жұмысқа орналастыру мәселесі бойынша қостық. Мұнда қосымша 70-ке жуық қызметкер тартылатын болады. Бірден бірнеше мәселе шешілуде», – деп атап өтті Парламент Мәжілісінің депутаты Еркебұлан Мәмбетов.
Жаңа емхананың стационары 15 терапиялық жатын орынға есептелген. Сондай-ақ емдеу мекемесі заманауи талапқа сай жарақтандырылған. Тұрғындар үшін рентген, флюорография, эндоскопиялық кабинет, функционалды диагностика, жеке зертхана, яғни, барлық диагностикалық қызмет түрлері көрсетіледі.
«Ең бастысы, жаңа емхананың ашылуымен біз ұзын-сонар кезек мәселесін шешеміз. Сондай-ақ емдеу мекемесіне жаңа жабдықтар орнатылды. Тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін қосымша учаскелер құрдық. Бүгінде 300-ге жуық маман еңбектеніп жатыр», – деді №1 емхананың директоры Николай Новиков.
Қазір мекеме басшылығы мамандарды тарту бойынша белсенді жұмыс жүргізуде. Барлық медициналық жоғары оқу орнын аралап, жаңа мамандарды іздеп жатыр. Негізінен, емханаға тәжірибелік дәрігерлер қажет болып тұр.
Бердібек ҚАБАЙ