Сенат отырысында сенатор Нұртөре Жүсіп Қазақстан Респуб­ли­касының Премьер-Министрі Ә.Смайыловтың атына депутаттық сауал жолдады.
Тәрбие мен мәдениет – мықты тұғыр
541
оқылды

Депутаттық сауалында: «Қазақта «Қа­зан­нан қақпақ кетсе, иттен ұят кетеді» де­ген сөз бар. Былтыр Тәжікстанның же­­міс-жидегіне таласқан жұртты көріп жа­ғамызды ұстаған едік. Дәл жаңа жыл­дың алдында шоколад шыршасын бір ми­­­­нутта тайпап кеткендерді де көрдік. Осы видеолар халықаралық паблик­тер­де мыңдаған қаралым жинап жатыр. Сон­да біздің мәдени деңгейіміз, жеткен же­ріміз осы ма? Мұндай масқара оқи­ға­лар­дың се­бебіне үңіліп көрдік пе? Аш дейін де­сеңіз, аш емес. Тоқ дейін десеңіз, то­быр­лық дең­гей мынау. Бүгінгідей тоқ­шы­лық заманда осыншама тоғышарлыққа бой алдыра­тындай күйге неге түстік? Ең алды­мен – тәрбие! Біздің елдегі тәр­бие мәсе­ле­сі дұрыс емес. Отбасындағы тәр­бие да­ла­да қалды. «Біреудің бір затын ал­ма, те­гін болса да тиіспе» деген ежелгі тыйым қай­да кетті? Хал­қымыздың «Ұят бо­лады, Жаман бо­ла­ды, Обал болады» де­ген үш-ақ ауыз сөзбен түйіндеген да­на­лы­ғы желге ұшқаны ма?

Қазақта «көргенсіз» деген ұғым бар. Кез келген адам үшін өте ауыр сөз. Ақ көй­­­лектің жағасы кірлесе, жуып кетіруге бо­­­­лады. Ал Ұлттың атына кір келсе, қалай ке­­тіреміз? Тәрбиемен қатар мәдениет дұ­рыс бо­луға тиіс. Абайша айтсақ, «Мә­де­ниет­сіз – дүние бос!».

Тәуелсіздік жылдарында Мемлекет мә­дени деңгейімізді көтеруге, таным-тү­сі­нігімізді кеңейтуге бағытталған бірқатар жұ­мыстарды жүргізді. «Мәдени мұра» бағ­дарламасымен басталып, «Рухани жаң­ғыру» бағдарламасына дейін жалғасқан жұ­мыстардың барлығының да түпкі мақ­саты елдік санамызды оятып, тарихи жа­­­дымызды қайта қалпына келтіруді көз­деді. Мұның бәрі дұрыс. Елдің дамуы үшін қажет шаралар. Сонымен іс бітті деп оты­рамыз ба?

«Әділетті Қазақстанның» құн­ды­лық­тары қандай? Қоғам үшін қандай құнды­лық­тар керек? Айталық, Тәуелсіздік – құн­дылық. От­басы – құндылық. Жер, тіл, салт-дәс­түр, мәдениет – құндылық!

Президент «Толық адам», «Адал аза­мат» деген идеяларды ұсынды. Бұл да құн­­­­дылық. Осының бәрін кім жүйелейді? Ай­тылған сөз айтылған жерде қалмауы ке­рек қой. 20 миллион Қазақ еліне ортақ осын­дай құн­дылықтар жүйесі қашан жа­са­лады?

Жас ұрпақ тәрбиесі мен мәдени дең­гейі­мізді көтеру мәселесіне мұқият көңіл бөл­месек болмайды. Жабайылық – анайы­­лыққа жол ашады. Сондықтан жалпы халықтың, әсіресе жас­тардың құн­дылық бағдарларын терең­детіп, жұртты еңбекқорлыққа, ізденіске, ілім-бі­лімге бет бұруға, әсіресе отбасы тәр­биесі мен мәдени тәрбиеге барынша күш салу қажет деп пайымдаймын» дей ке­ле, атал­ған мәселеге қатысты Үкіметтің тұ­жы­рым­дамалық ұсыныстарын жан-жақ­ты пы­сықтап, жедел әзірлеуге тап­сыр­ма беруін сұраған.

«Қазақстан Республикасының Пар­ламенті және оның депутаттарының мәр­тебесі туралы» Қазақстан Республикасы Конс­титуциялық заңының 27-бабына сәй­кес, Сізден, жоғарыда көтерілген мә­се­лелер бойынша толық жазбаша жауап беруді сұраймын» делінген депутаттық сауалда.