Бүгінде әдебиетке алғаш келген жас қаламгерден бастап, мүйізі қарағайдай алып ақын-жазушылардың шығармашылығын насихаттап, ел руханиятының алтын діңгегіне, ұлттың ұстынына айналған «Қазақ әдебиеті» газетіне – 90 жыл толып отыр.
Ғасырға жуық жасаған ғажап басылым
1,499
оқылды

Тарихтың талай тезін бастан кешіріп, мәртебелі уақыттың ағымымен алуан түрлі мәселені қаузап, ұлттың басындағы қуанышы мен жұбанышын қарашаға жеткізген басылым ғасырға жуық уақытында өз бағыт-бағдарынан айнымай, талап-тілегінен танбай келеді. 

Жиырмасыншы жылдарының аяқ шенінде Қазақ АКСР-ның астанасы Қызылорда қаласынан Алматыға ауыс­қаннан кейін ел зиялылары ұлт руха­ниятына белсене араласып, көркем әде­биетті дамытуға бар күштерін салды. 1933-1934 жылдары театрлар мен сту­­­диялардың іргесі қалана бастады. Міне, осы 1934 жылдың 10 қаңтарында «Қазақ әдебиеті» газеті де жарық көріп, алғашқы санының маңдайшасында «Қазақ әде­биеті» ұлт мәдениетін көтеруде үлкен орын алсын!» деген ұраны болған екен. Сол үдеден шығып, қашанда ел руха­ниятының барометрі болған газет­тің шежіресінде шығарма­шылықтың шы­ңына шыққан тау тұлғалардың ізі қалды. Тұңғыш редакторы –бірегей жазушы Ғабит Мүсірепов болса, жауапты хат­шы – Мұхамеджан Қаратаев, ал әдебиет әлеміндегі үш бәйтерек Сәкен Сейфул­лин, Бейімбет Майлин және Ілияс Жансүгіровтер де осы гезеттің ақылдас­тар алқасында болды. Қиын-қыстау ке­зеңде жарық көріп, сол тұстағы ашар­шылық, саяси-қуғын сүргінге  қа­­­р­а­­­­­­мас­­­тан бір топ қазақ зиялылары газетті шығаруға жанын салды. Мұхтар Әуезов, Әзілхан Нұршайықов, Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбеков, Сырбай Мәуленов сияқты өзге де қазақтың небір майталман қаламгерлері «Қазақ әдебиетінде» қызмет атқарып, қалам тербеді. Газет алғашқы жылдары белгілі бір жүйемен жарық көрмесе де өз оқыр­манын рухани дүниемен сусындатты. Соңыда 1934 жылдың 12-18 маусым аралығында Алматыда Қазақстан Жазушыларының I съезі дүрілдеп өтіп, Қазақстан Жазушылар одағы құрылды. Оның тұңғыш төрағасы болып ұлы ақын Ілияс Жансүгіров сайланды. Бас-аяғы үш жылдың ішінде қазақ әдебиеті қаулап өсіп, жаңа өлеңдер, поэмалар, әңгі­мелер, повестер мен романдар жарыса жазыла бастады. Газеттің алғашқы жылдарында оның беттерінде қазақтың көрнекті жазушысы Мұхтар Әуезовтің ғылыми-әдеби зерттеулері, басқа мақа­ласы көптеп жарияланған. Автордың «Қырғыз дастаны — Манас», «Қазақтың халық музыкасы және музыка театры», «Қазақстанның көркем өнері», «Қазақ сахнасындағы аударма пьесалар» атты мақалалары жарық көрді. Газеттің таралымы 1934 жылы 1-3 мың көлемінде болса, 1935 жылы 3 500-ге жеткен. Жаңа газет жыл құсындай бүкіл Қазақстанның түкпір-түкпіріне тарап кетті. Десе де, 1940-1954 жылдары газеттің шығуы бел­гісіз себептермен тоқтап қалып, 15 жыл­дық үзілістен кейін 1955 жылдың қаңтар айында қайта шыға бастады. Қайта жарық көрген басылымның бас редак­торы Сырбай Мәуленов болды. Осы жылдан бастап газет бір жүйеге түсіп, өзіндік жолын қалыптастырды. Қазақ әдебиетін дамыту жөніндегі жемісті жұмысы үшін басылым 1984 жылы, өзінің 50 жылдық мерейтойында «Ха­лықтар достығы» орденімен марапат­талған.

Осынау ғасырға жуық уақытты бе­дерлеген басылымға Мемлекет басшы­сы да құттықтау сөзін арнап, газет ұжы­мына ақ тілегін жеткізіпті. «Сіздерді «Қа­зақ әдебиеті» газетінің 90 жылдық мерейтойымен құттықтаймын! Бұл – ұлт баспасөзінің айтулы белесі. Ғасырға жуық уақыт ішінде газет қалың оқыр­маны бар беделді басылым ретінде қа­лыптасып, төл тарихымыздың жаршы­­­­сына айналды. Алғашқы сандары «Қазақ әдебиеті» ұлт мәденниетін көтеруде үлкен орын алсын!» деген ұран сөзбен жарық көрген апталық әрдайым осы үдеден шыға білді. Басылым ұлттық құндылықтарды, қазақ қаламгерлерінің туындыларын кеңінен дәріптеп, руханиятымыздың өркендеуі­не өлшеусіз үлес қосып келеді. Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ғабит Мүсірепов сынды арыстарымыз негізін қалаған «Қазақ әдебиетінде» біртуар тұлғаларымыздың қолтаңбасы қалған. Газет бетінде әрдайым елдік мәселелер көтеріліп, ұлт болашағына қатысты салмақты ойлар мен салиқалы пікірлер айтылады. Төл әдебиетіміздің алтын дәуірін қалыптастыруға зор еңбек сіңірген апталық алдағы уақытта да өзіне жүктелген мәртебелі міндетті мінсіз атқара береді деп сенемін», – депті өзінің құттықтауында ел Прези­денті Қасым-Жомарт Тоқаев. 

Сонымен қатар Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева да оқырманын әдебиеттің әр буынындағы жазушылардың жауһар шығарма­ларымен қауыштырып жүрген газет ұжымын мерейтойымен құттықтады. «Мемлекет басшысының бастаған реформалары мен халық үшін маңызды ақпараттарын қалың оқырманына талмай жеткізіп, ұлтымыздың тарихи сана-сезімін жаңғыртып келеді. Ба­­сылым қоғамымыздың рухани азығына айналып, жас қаламгерлердің шығар­­машылығын шыңдайтын абыройлы алаңға айналды. «Қазақ әдебиеті» газетінің ұжымын осынау мерейтоймен құттықтап, сіздерге таусылмас шабыт, толағай табыс, отбасыларыңызға бақыт тілеймін», – деп жазды министр құт­тықтау жазбасында.

Осы ретте, біз «Қазақ әдебиетінде» 40 жылдан бері табан аудармай қызмет етіп, тілшіліктен бастап, бөлім мең­­герушісі, жауапты хатшы, бас редак­тордың орынбасары деңгейіне өсіп, бүгінде редакция меңгерушісі болған жазушы-сатирик Еркін Жаппасұлынан газет тарихы туралы сыр суыртпақтадық.

«Қазақ әдебиеті» газетіне мен Шер­хан Мұртазаның басшылық қызметте бол­ған кезінде келдім. Кейіннен Шераға басқа қызметке ауысқанда Төлен Әбдік басшылыққа келді. Сол кездегі алуан мәселелерді, әдебиеттегі, рухани-мәде­ни тақырыптармен қоса әлеуметтік проб­­лемаларды да қаузады. Оралхан Бөкей де осы бір қалыпты жалғады. Га­зеттің басшылығына келген барлық қа­ламгер ұлттың мәселесін көтеріп, ел руханиятына айтарлықтай үлестерін қосты. Сол жылдары бізді өңір-өңірге жиі іссапарға жіберетін. Біз сонда әр аймақтағы қордаланған өзекті мәселе­лерді зерттеп, газет беттерінде көлдей-көлдей мақалалар жазатынбыз. Біз жазған мәселелер сол кездегі Орталық партия комитетінің, биліктің құлағына жетіп, бізді нысанасына алған кездер де болды. Дегенмен газеттің басшылығы да, мақаланы жазған адам да сол кезде жауапкершіліктен қашпайтын. Бүгінгі газетті басқарып отырған Дәурен Қуат та осындай ағалардың жолын жалғап келе жатқан басшылардың бірі. Осы газет арқылы қаншама жас қаламгердің тырнақалды туындыларының тұсауы кесіліп, қырандай томағасы сыпы­рылды», – дейді жазушы-сатирик. 

Ал кезінде он жылға жуық баба басылымды басқарған Жұмабай Шаш­тайұлы да ел газетінің өзі басқарып тұ­сындағы кезеңін еске алып, бізбен бөлісті. 

«1996 жылы «Заман Қазақстан» газетінде басшылыққа келгенімнен бастап мен елдегі басылымдардың ұлт руханиятын оятудағы күшіне мән бер­дім. 2008 жылы «Қазақ әдебиеті» газетіне басшылыққа келген кезімде «қайтсем газет арқылы халық санасына сілкініс жасасам» деген ойдың шырмауында болдым. Әртүрлі шетелдік газет-журнал­­дарды ақтарып, олардың қандай ерекше­ліктері мен артықшылықтары барына назар аудардым. Дегенмен барлығы біз ойлағандай бола бермейді екен. Ол уақыттар елдің экономикалық мәселесі қиындап, рухани тұрғыда саябырсыған уақыты ма екен деп те ойлаймын кейде. Кезінде «Қазақ» газетін ашқан ел руханиятының әулиелері Ахмет Байтұр­сынұлы, Міржақып Дулатұлы сияқты зиялылар да сол күйді кешсе керек. Ол кезде қаржылық та тапшылық болған шығар. Дегенмен күллі халықтың ғы­лым-білімге ұйыса ұмтылып, газеттің ғұмырының ұзақ болуына ықпал ете алмады. «Қазақ әдебиеті» газетінің алтын ғасыры деп, 70 жылдар­­дың аяғы 80 жылдардың басы деп айтар едім. Сол кездегі Шерхан Мұртаза, Оралхан Бөкей, Сайын Мұратбек сияқ­ты қа­рағайға қарсы біткен бұтақ­тардың за­манында бұл басылым дәуір­леді. Мен «Қазақ әдебиеті» газетін ке­зіндегі ұлт ұстындары шығарған «Қазақ» газетінің заңды жалғасы деп есептеймін. Себебі екі газеттің де мақсаты – ел сана­сына сілкініс салып, әдебиетіміз бен мә­дениетімізді дамыту болатын», – дейді жазушы.

Тоқсан жыл ұлттың рухани азығына айналған газетті құттықтап жатқандар­дың қарасы мол. Соның ішінде Түріксой Жазушылар одағының төрағасы, танымал ақын Ұлықбек Есдәулет «Қазақ әдебиетінің» тамыры тереңде, бұтағы – биікте, жемісі – жұртының жүрегінде! Кешені бүгінмен жалғаған, ертеңге рухани жол салған өрелі де өркенді газет. «Қазақ әдебиеті» газеті тіл мен әдебиет­тің, өнер мен мәдениеттің, дәстүр мен тарихтың, білім мен өркениеттің тағ­лым­ды, өнегелі жаршысы! Мерейтойың құтты болсын, қазақ баспасөзінің абы­зы!», – десе, «Жұлдыз» журналының бас редакторы, жазушы Тұрысбек Сәуке­таев: «Біздің туған әдебиетіміздің туын көтеріп келе жатқан басылымның бірі – «Қазақ әдебиеті». Өз басым ес біліп, етек жиған кезімнен, 8-9-сыныптан бастап үзбей оқып келе жатқан сүйікті газетім. Бұл үлкен той – қазақ әдебиетінің тойы деп есептеймін. 90 жыл бойы қазақтың тарихымен біте қайнасып, бірге жасасып келе жатқан басылым ұлттың даму тари­хын бедерлей білді. Қай ұрпаққа болма­сын тағылымы мол мағлұматтарға толы ақпараттарды бере білді. Қазақ руха­ниятын байытуға үлкен үлесін қос­қан басылымның көрер жарығы ұзақ болсын дегім келеді», – дейді ол. 

Жазушы Сәкен Сыбанбай «Қазақтың қазақтығын сақтап қалған газеттің бірі – «Қазақ әдебиеті»», – деп баға бере келе: «Ол әдебиетіміз бен мәдениетімізді ғана насихаттаумен шектелген жоқ, сонымен қатар ұлттың басындағы бүкіл қуаныш пен жұбанышты, қайғы мен қасіретті, кемшілік пен мәселені жазды, жазып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылда­рын­да ұлттық мемлекет құрудың ұстын­дарын ұсынды. Қазір де әдебиет пен мәдениет мәселелерін алғы лекке шыға­ра отырып, ұлттың болмысын, өзегін, қадір-қасиетін сақтап қалу бағытындағы мазмұнды мақалалар жариялап жүр. Сүйікті газетіміздің мерейлі 90 жасы құт­ты болсын!», – деп ақжарма тілегімен бөлісті.

Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасының бірінші орын­басары Нұржан Қуантайұлы: «Бұл басы­лым қазақ мәдениеті мен әдебие­тінің алтын діңгегіне айналды. Бүгінгі техно­логияның дамыған заманында, әлеумет­тік желілер алдыға шыққан заматта өз оқырманын жоғалтпай уақытпен бірге үндесіп, ел руханиятына сүбелі үлесін қосып келеді. Әрбір жас талант осы ба­сылымда тырнақалды туындысы жария­ланғанда әдебиет ауылына өз отауын тіккендей қатты қуанатыны ақиқат. Бүгінгі 90 жылдық торқалы той бүкіл қазақ мәдениеті мен қазақ қалам­герінің тойы деп білемін», – деп баға берді.

Жазушы Ғаббас Қабышұлы «Бүгінде Тоқсанның төріндегі Әдеби апта­­­лы­ғымыз – мен үшін жап-жас отауым», – деп кезіндегі қазақ зиялыларын осы га­зет арқылы танысқанын баяндайды. «Қадірлі қаламгер ағаларымның, дарын­ды құрдастарымның, інілерімнің көбі­мен осында таныстым. Тізе түйістіре қызмет еткен: Нығаңнан, одан соң бала­мінезді дархан бас редакторымыз Сыр-аға Мәуленовтен, кезінде ұлы Мұх­тар Әуезов оң сапар тілеген, кейінде әлем әдебиетінің білгір өкілі болған бас ре­дак­­­торымыз Әнуар Әлімжановтан үлгі-өнеге алған жылдарым – қымбат шақта­рым. Редакцияда қызмет­тес болған жас ақын-жазушылар: Ізтай Мәмбетов, Сәкен Жүнісов, Мұхтар Мағауин, Өтежан Нұрғалиев, Қабдеш Жұмаділов, Ақұштап Бақтыгереева, Өтеген Күміс­баев, Әбілғазы Нағметов… бір отбасы­ның балаларындай едік. Жазушылар одағы басқармасының қаулысы бо­йынша 1974 жылы Әдеби қордың дирек­торы болып тағайындалып, басқа шаңы­раққа барсам да, «Қазақ әдебиеті» га­­зеті­­нің редакциясы ат­ты қадірлі ұжым­­­­мен, Құдайға шүкір, әлі де біргемін», – дейді ол.

Ақын Мейірхан Ақдәулет ана тілі­міз­ді ұшпаққа шығаратын – «Қазақ әдебиеті» газеті деп баға беріп, басылым­ның ұлттың алдында алатын орынын атап өтті. «Қазақ әдебиетінің потенциа­лы ешқандай ұлттыкінен кем емес. «Қа­зақпыз» деп құр әләуләйімді айт­қаннан реалды дүниелерді іске асырған әлде­қайда нәтижелі, жемісті болмақ. Қазақ­ты шынымен жақсы көрсек, әдеби ба­сы­лымдарға жағдай жасау қажет. Қазір тіл мәселесіне айрықша көңіл бөлі­ніп, көптеген жұмыс қолға алынып жатыр ғой. Тілді ұшпаққа шығаратын да осы әдеби басылым. Мемлекеттік билік тарапынан ықпал етсе де, барлық интел­лигенцияға, тиісті мекемеге «Қазақ әдебиетін» талап етіп тұрып жаздырсын. Бұл газет өзінің жағдайы жақсы болып, өзге қаламгерлерге, жастарға жағдай жа­сай алатындай, көмектесе алатындай деңгейде болғаны жөн», – дейді ақын. 

Иә, «Қазақ әдебиеті» қазақ әдебие­тінің әлденеше буын қаламгерлерінің қанатын қатайтып шығарған шығар­машылық ұстахана іспетті болды. Ұлт руханиятының шамшырағы, Темірқазық жұлдызы іспетті бұл басылым толқын-тол­қын буынға туындыгерлік плат­форма  ретінде тоқсан жыл бойы қызмет етіп, сонау алыптармен жалғасқан сал­қар керуен ұлттық әдебиеттің ұлы көшін тынбай алға сүйреп келеді. Сондай-ақ газет оқу-ағарту, білім, ғылым саласын­дағы әралуан көкейтесті мәселелерді сөз етіп, кино, театр сынды келелі тақырып­тарын кеңінен толғап, белгілі әдебиет, өнер қайраткерлерімен сұхбат жүргізіп, олардың жаңа шығармашылық туын­дыларын оқырмандарға таныстырып отырады. Жаңа таланттарды танытып, аға буынның сиясы кеппеген дүниелері де осы басылымның бетерінен орын алып келеді. Ендеше елдің мәдениеті мен әдебиетінің жария-жаршысы бол­ған баба басылымға біз де ғұмы­рының ұзақ болуын тілейміз!

Наурызбек САРША