Партия Байзақ аудандық филиалында ұйымдастырылған шараға Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова, облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Перизат Үмбетәлі және облыс әкімдігі Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбай қатысты.
Кеңес отырысында «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 30 жаңа медицина нысанын ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстар туралы мәселе қаралды. Ол бойынша алдымен кеңес төрағасы Махметғали Сарыбеков құрылыс жұмыстарының жай-күйін анықтау мақсатында жүргізілген зерделеу жұмыстарының нәтижесін жеткізді. Атап айтқанда, облыс бойынша 2023 жылы 10 нысанның құрылыс жұмыстары жоспарланған. Бүгінде оның 8-інің құрылысы аяқталып, тек 4 нысан қолданысқа берілген. Қалған 4 нысанның құжаттары мерзіміне сай дайындалмаған.
Келесі кезекте облыс әкімдігі Денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Перизат Үмбетәлі «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2025 жылға дейін ауылдық жерлерде 30 жаңа медицина нысанын ашу бойынша атқарылып жатқан жұмыстардың есебін берді. Оның айтуынша, «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында 2023-2024 жылдар аралығында облыста 30 нысанның құрылысын жүргізу жоспарланған. 2023 жылы құны 1,6 млрд теңгеге 10 нысанның құрылысы аяқталса, биыл 20 нысан бой көтермек.
Өз кезегінде, облыс әкімдігі Құрылыс басқармасы басшысының орынбасары Әлібек Аманбай да берілген нысандардың сапасы жақсы деген бағасын берді. Дегенмен Парламент Мәжілісінің депутаты Гүлдара Нұрымова ел игілігіне беріліп жатқан нысандардың 80-90 пайызының сапасы сын көтермейтінін ашып айтты.
Сондай-ақ кеңес мүшелері медициналық мекемелердің құрылысын жоспарлауда бірқатар кемшіліктердің бар екенін жеткізді. Сондықтан құрылысты бақылаушы комиссия мүшелерінің қатарына бас дәрігерлерді, санитарлық-эпидемиологиялық қызмет, өрт сөндіру саласының мамандарын тарту туралы ұсыныстарын жеткізді.
Бердібек ҚАБАЙ