Балық шаруашылығы комитетінің Жайық-Каспий облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы төтенше жағдайдан кейін шұғыл мәлімдеме жасады. Алдын ала жасалған қорытынды бойынша, балықтың қырылуына каналға қалың мұз қатып, судағы оттегінің жетіспеуі себеп болуы мүмкін. Нақты зерттеу нәтижесі әзірге жариялана қойған жоқ. Алайда мұндай оқиға бірінші рет кездесіп отырған жағдай емес. Атырау үшін дәл осы төтенше жағдай жылына бір емес, бірнеше рет болатынына жергілікті тұрғындардың еті үйреніп барады десек те болады.
Жаппай балық қырылуына қатысты атышулы төтенше жағдайлардың бірі 2018 жылдың желтоқсанында болған. Жергілікті тұрғындар, тіпті осы бір экологиялық апатқа байланысты қылмыстық істің қозғалғанын да жақсы біледі. Сол кезде балық өлімі Жайық өзенінің жасанды тармағы Төменгі Перетаска арнасында тіркелді. Бұл арнаға екі ірі кәсіпорын – Атырау мұнай өңдеу зауыты мен Атырау жылу электр стансасы жақын орналасқан. Оқиға тіркелгеннен кейін келесі күні «Атырау су арнасы» мекемесінің су тазарту құрылғылары орнатылған аумақта жаппай балық қырылғаны белгілі болды.
Әлеуметтік желілер мен мессенджерлерді «басып алған» мұз астында өлген балықтардың видеосынан кейін, шұғыл түрде ведомствоаралық комиссия құрылып, оны Атырау облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ноғаев басқарды.
Комиссия құрамына су сапасы, экология, орман, жануарлар мен балық шаруашылығы, халық денсаулығы сияқты салаларға жауапты мемлекеттік органдар мен «Ұлттық сараптама орталығы», «Қазгидромет», «Су ресурстары қолданысын реттеу және қорғау бойынша Жайық-Каспий бассейні инспекциясы» өңірлік бөлімшелерінің өкілдері кірді.
Жаппай балық қырылуына байланысты Қылмыстық кодекстің 328-ші («Су бетін ластап, қоршаған ортаға ірі көлемде зиян келтіру») және 204-бабы («Біреудің мүлкін құртып, аса ірі көлемде зиян келтіру») бойынша екі қылмыстық іс қозғалды.
Сол уақытта Луговской жылқы зауыты мен Жайық-Атырау бекіре зауытының Атыраудағы аудандарында бекіре тұқымдас балық қырылғаны анықталды.
Ресми дерек бойынша, сол кезде Луговской жылқы зауытында – 100 тоннаға жуық, Жайық-Атырау бекіре балық зауытында – 2 тоннадай балық қырылды. Жайық өзенінде қырылған қара балықтың жалпы салмағы – 4,1 тоннаға, Перетаска арнасында қырылған балықтың жалпы салмағы 1,3 тоннаға жетті.
Сол кезде Ауыл шаруашылығы министрлігінің Ветеринарлық қадағалау комитеті балықтың қырылуына «аммиактың зияны тиді» деген лабораториялық қорытынды жасады. Атыраулық экологтер «судың ластануы себеп болды. Оған жергілікті кәсіпорындар кінәлі» деген уәжді алға тартты.
Республика деңгейіне дейін көтерілген шулы оқиғадан кейін сол кездегі Энергетика министрлігіне қарасты Экологиялық реттеу және бақылау комитеті төрағасының орынбасары Зулфухар Жолдасов жаппай балықтың қырылуына Атырау Су Арнасы, Жайық-Атырау балық зауыты, Атырау бекіре балық зауыты және Атырау жылу электр орталығының қатысы барын мәлімдеген болатын. «Барлық компаниялар бойынша тексерулер жүргізілді. «Атырау Су Арнасы» компаниясында хлоридтердің шекті мөлшерден асып кеткені анықталды. Қаланы таза ауызсумен қамтамасыз етіп отырған компания төгінділерінде хлоридтердің мөлшері көп екені анықталды» деген еді шенеунік. Тәптіштеп жазып отырғанымыздың себебі де жоқ емес. Осы оқиғадан кейін жаппай балық өлімі Атырауда көбеймесе, азайған жоқ. Керісінше, жыл сайын үдеп барады.
Эколог ғалым Нұргүл Имамұратова-ның пікірінше, балықтың қырылуы – экологиялық катаклизм. «Көп жағдайда ресми зерттеулер балықтың жаппай өліміне су астында оттегінің жетіспеушілігі себеп болатынын көрсетіп отыр. Бұл жағдай Жайық өзенінің тартылуымен де тікелей байланысты. Түп тереңдету жұмыстарын сапалы жүзеге асыратын болсақ, балықтардың қайраңда қалу мәселесі азаяр еді. Оның үстіне, табиғат пайдаланушы кәсіпорындардың жұмы-сына бақылау күшеюі керек. Себебі өзен суынан аммиак пен хлорид мөлшерінің шекті деңгейден көп анықталған жағдайлары да кездесуде. Сайып келгенде, балықтың қырылуы – табиғат алдындағы жауапкершілігіміздің жоқ екенін көрсе-теді», – дейді ғалым.
Қалай десек те, балықтың қырылуының жылына бірнеше рет қайталануы жақсылықтың нышаны емес.
Баян ЖАНҰЗАҚ,
Атырау облысы