Мәжілістегі «AMANAT» фракциясының мүшелері атынан депутат Мақсат Толықбай Премьер-министрдің орынбасары Серік Жұманғарин мен Бас прокурор Берік Асыловқа депутаттық сауал жолдады.
«Үшқоңырда тауды да қоршап алған» – депутаттар заңсыз берілген жерді мемлекетке қайтаруды талап етті
Фото: видеодан скриншот
1,059
оқылды

Тау – жаратылыстың жарты бөлшегі. Ол қанша асқар, асқақ болса да, аспан астында екенін ешкімнің естен шығаруға қақы жоқ. Бірақ, ел аман, жұрт тынышта, «тау-тасты қойын-қонышына тығып, меншіктеп алыпты» дегенді естідіңіздер ме?! Ендеше айтайын. 

Үшқоңыр деген таудың барын бәріңіз білесіздер. Талайлардың кіндік қаны тамып, тірлігіне арқау болған сол тау бүгінде сай-сала, қырат-жоталарымен түгел бір азаматтардың ғана меншігінде. 

Алматы облысындағы Үшқоңыр үстіртіне барар жолды басынан-аяғына дейін мұздай қаруланған топ күзетеді. Жол жоқ емес, бар. Бірақ жабық. Көзіммен көріп, сол таудың етегіндегі елмен тілдескен соң, депутаттық сауалға арқау болып отыр.

Біріншіден, Үшқоңыр Іле Алатау паркіне қарайтындықтан, ол аумақты Ұлттық парктің күзетшілері күзету керек емес пе? Әлде, бұл тау «ДүниеАгро» компаниясына атасынан мұра болып қалған ба? Қыратқа кіреберістен 8 шақырым қашықта орналасқан резиденцияның аумағы ғана қоршалып, шлагбаум қойылса тағы бір сәрі... Жан баласын жуытпай, тауды айналдыра қоршап тастау – барып тұрған бассыздық. 

Қарасай ауданының тұрғындары өз жеріне өз малын жая алмай, пұшайман күйде отыр. 

Біз AMANAT партиясы жайылым тапшылығын шешу үшін арнайы «Жер аманаты» комиссиясының тікелей араласуымен республика бойынша 9 миллион гектардан астам жер қайтарсақ, ал оның осы аймақтан 1400 гектары ел игілігіне берілді.

Сөйтсек, онымыз бекер екен, «аманаттық» ағайын! Жұртқа қажет жайылым жердің бәрі жаңағы қоршауда қалып қойған. Осылайша жұрттың өз жеріне кірмек түгілі жаңағы қарулы бекеттен өтуге дәті жетпей жүр.

Анығы, «ДүниеАгро» ЖШС-не 2004 жылы «Үшқоңыр» үстіртінде орналасқан жүздеген гектар жерге меншік құқығы заңсыз берілген.  Өйткені заң талаптары бойынша, (23-бап, 50-бап, 8 және 43-бап) арнайы мақсаттағы жерлерді заңды тұлғалардың жекешелеп алуына құқығы жоқ. Тіпті оны бөлуге де келмейді. Бұл нормаларды жергілікті прокуратура жақсы біледі. Бірақ, жердің заңсыз берілу фактісі бойынша прокуратураның талаптарын сот қанағаттандырмай тастаған. Сорақысы да сол болып тұр.

«Сонда Қазақстан Республикасының заңына шекесінен қарайтын бұл не қылған шектен шығу?» деген халықтың базынасына қалай жауап береміз?!

Бұдан басқа, «Үшқоңыр» үстіртінде Steppe AgroMeat,  Breeding Company сияқты  екі-үш компания 13 597 га жерді  әлі күнге дейін мақсатсыз пайдаланып отырғаны анықталды.  Шұғыл қайтару керек. Алайда, алпауыттармен алысуға әкімдік пен аудан прокурорларының пәрмені жетпей, тағы да дәрмені құри ма деген күдік те жоқ емес.

Сондықтан, Алматы облысының Қарасай ауданында болып жатқан заңсыздықтарға Бас прокуратура мен Үкімет шұғыл назар аударып, Арнайы комиссия құрып, жоғарыда мен келтірген мәселелерге тиісті құқықтық баға беруі тиіс деп есептеймін.

Президенттің ел игілігіне қайтарылуы қажет жайылымдық жерлер бойынша тапсырмасын нақты орындауымыз керек.